ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Құлсары жастары әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда

Просмотров - 128
31.08.2021

Құлсары жастары әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда

 2020 жылдың ақпан айында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры  Атырау облысында орналасқан Құлсары қаласы және Маңғыстау облысының Боранқұл ауылы бойынша жастар мен жасөспірімдерге өмірлік маңызы бар дағдыларды үйретіп, дамытуға арналған «Жалын» жобасын бастаған болатын. Жоба Атырау облысы және Маңғыстау облысы Білім беру басқармасымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының өзара серіктестік Меморандумы негізінде «Теңізшевройл» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен іске асуда.

 «Жалын» жобаның мақсаты – өзін-өзі тануды, коммуникативтік дағдыларды, қаржылық сауаттылықты, әлеуметтік құзыреттілікті дамыту және болашақ мамандығын анықтауға көмектесу.

— Қазіргі білім беру жүйесі үнемі дамитын процесс болғандықтан, жеке тұлғаның жан-жақты дамуының фундаменті, бұл – мектептегі білім беру жүйесі болып отыр. Сондықтан бұл жобаның мектеп аясында оқытылатын білім беру жүйесіне қосар үлесі көп деп білемін,- деп атап өтті өз сөзінде «Жалын» жобасының координаторы Жанібек Нұрсейіт.

Аталмыш жобада Құлсары қаласы бойынша 11 мектепте карантиндік-санитарлық талаптарды сақтай отырып, 12-18 жас аралығында 1 топта 15 оқушыдан, барлығы 270 оқушыға дәріс берілді. Жоба тренингінде дәріс өткізуші тренерлерге 20-24 ақпанда тренерлерге арналған арнайы тренингтер өткізілді.

— Мен бұл жобаға өте ризамын. Өйткені «Жалын» жастар өміріне керекті дағдылар мен мақсаттарына жетуге деген қабілеттерін дамытады. Олар бұл жобада адамдармен қарым-қатынастарын жақсартуды, шешім қабылдауды, топпен жұмыс істеуді, өзгелерге деген сенімділігін арттыра алды. Өз ойларын ашық айтуға және өзгелермен бөлісуге үйренуде, — деп  жоба тренері Турмагамбетова Бакытгуль өз ойымен бөлісті.

Жобаның бағдарламалық жоспарына сәйкес 2021 жылдың 15 наурызбен  30 мамыр аралығында Құлсары қаласының мектептеріндегі бастапқы 1 кезеңі бойынша оқыту жұмыстары аяқталған болатын. Жоба соңында бірінші лек қатысушылары әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған жобалар жүзеге асырды.

— Мен «Жалын»  жобасына қатысқаннан кейін өзіме керекті мағлұматтарды бойыма сіңірдім. Мен алдыма мақсат қоюды осы жоба арқылы толықтай түсіндім. Мақсатқа қол жеткізу үшін, ең бастысы, үлкен күш жігер, талпыныс қажет екенін түсіндім. Жұмыс жасаған кезде  ұқыптылықты, күн тәртібін сақтауды үйрендім.  Біз тобымызбен бірге жақсы мінез бен таза жүректі ұранымыз қылып, «Еріктілер» тобын құрып халыққа көмек көрсеттік. Осы әрекет мен үшін жетістік деп есептер едім. Менің түйгенім тек мойымау керек және әрдайым биікке ұмтылу керек, — деп өз сөзінде жоба қатысушысы оқушысы Русланқызы Асылай атап өтті.

Қатысушылар әр түрлі тақырыпта әлеуметтік жобалар жүзеге асырды. Солардың ішінде, “Табиғатты аялайық”, “Таза қала” экологиялық жобаларын өткізбес бұрын оқушылар алдымен тимбилдинг ойынын өткізіп, содан соң мектеп ауласына сенбілік жұмыстарын жүргізіп, мектеп ауласын қоқыстан тазартып, ағаштарға су құйды. Жалғыз басты, көмекке мұқтаж адамдарға көмек беру мақсатында Құлсары қаласының тұрғыны жалғыз басты Абдулла қария мен Манот қарияның үй ішіне тазалық жұмыстары жүргізіліп көмек көрсетілді. Қария өз ризашылығын білдіріп батасын берді. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ащы сусынның зиян екендігін насихаттайтын көрініс қойылып флешмоб ұйымдастырылды. “Көңіл күй сыйы” жобасы арқылы қатысушылар қала тұрғындарына көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі түсті шарларға тілектер жазып, таратты.

Қазіргі таңда жобаның екінші легі жалғасуда, күз айларында жаңа қатысушылардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын тамашалай аламыз.

 

 

Айсауле Байбасова

Расскажи друзьям
Читай так же