ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Абзал Дюсупов: «Алдағы чемпионаттан жеңіске жетсем, спорттан мүлде кетемін»

Просмотров - 653
22.06.2016

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әлемдік бәсекеде еліміздің атын шығарып, көк туымызды желбіретіп жүрген кикбоксингтан Азия чемпионы, әлем кубогының иегері – Абзал Дюсупов.

-Абзал, ең алдымен біздің оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

Мен Дюсупов Абзал 1990 жылы Атырау қаласы, Киткрай ауданында дүниеге келдім. Отбасында 4 ағайындымыз. Юрий Гагарин атындағы орта мектепте білім алдым. Мектеп бітіргеннен кейін Атырау бизнес және құқық колледжіне программист мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды әрі қарай Халел Досмұхамбетов атындағы мемлекеттік университетіне физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетіне жалғастырдым.

-Спортқа келуіңізге кім ықпал етті?

9 жасқа келгенде ағам спорттан мүлде хабары жоқ мені сол саламен таныстырды. Алғашында түкте ынтам болмай қашатынмын. Алайда өсе келе спорттың қаншалықты маңызды екенін ұқтым. Содан бері спорт менен, мен спорттан бір сәт болса да ажыраған емеспіз(күліп). Оған қоса, мені бала кезімнен жаттықтырып,  жетістікке жетуіме үлес қосқан Қазақстанның сіңірген жаттықтырушы — Хасанғалиев Сүндеткерейге зор алғыс айтамын.

-Қазақстандағы спорттың дамуына көңіліңіз тола ма?

Бұрын спортқа аса көп мән берілмейтін кезде, шет елдің спортқа қалай ден қоятынын көріп, қызығатынбыз. Бүгін біздің мемлекетімізде де спортқа өте жақсы көңіл бөлініп, дамып келе жатыр. Спортшыларымыз да жеңіске жетуде.

-Ал біздің облысымызда ше?

Басқа спорт түрлерінің жағдайы туралы түкте айта алмаймын. Ал кикбоксингқа келетін болсақ, 2015 жылы Серікбаев Медет Мерекеұлы  президенттікке сайланғалы жағдайымыз өте жақсы. Жарысқа барған сайын федерация спортшыларға белгілі мөлшерде сыйақы тағайындайды. Айта кету керек, бұрын ондай қолдау болмайтын еді. Басқа облыстармен салыстырғанда кикбоксинг бізде едәуір дамыған.

 

Сіздің қарсыластарыңыздан қандай айырмашылығыңыз бар?

Спортта  ең алдымен байсалдылық қажет. Әр қадамыңды ойланып басатын болсаң ғана жеңіске жетуге мүмкіндігің бар. Қарсыласың тағайындалғаннан кейін көп дайындаласың. Мысалы, оның осыған дейінгі жарыстарын қарап, күресу тәсілін бақыладым. Әр соққысын нақты зерттеп, кейін бапкермен қарсыластың жаттанды қателіктері бойынша жұмыс жасайсың. Мен бұрын бокспен шұғылдандым. Сондықтан күрес барысында соққыларды қолмен жасаймын. Бәлкім, ерекшелігім осында болар. Жарысқа қатысқаннан соң, міндетті түрде жеңіске жетеміз деген мақсат қоямыз. Әрине, бәрі де Алланың қалауымен болады.

-Спорттық карьераңыздағы бағындырған ең басты шыңыңыз?

Алғаш рет жастар арасындағы өткен әлем чемпионатына қатысып, жүлделі 3 орынға ие болдым. Сол жарыстан кейін Қазақстан спорт құрамасына кіруді армандадым. Бірақ, қарсыластырым мықты болғаннан соң, ол құрамаға кіру қиынға соқты. Сөйтіп жүріп 19 жасымда құрамаға ілігіп, тағы да жарысқа аттандым. Бұл жолы Түркия қаласына бардық. Қазақстан бойынша жарысқа 11 спортшы 6 бапкер барған едік. Алғашқы жекпе-жек маған келді. Итальяндық спортшыны 3 раундта нокаутқа құлатып, жеңіске жеттім. Осы жеңісім бойыма ерекше талпыныс берді. Әрі қарай да жеңетініме сенімді болдым. Бір емес, үш рет жеңіс тұғырынан көріндім. Жартылай финалда бес дүркін әлем чемпионаты атанған азербайжандық спортшыны жеңіп, финалда Ресейден келген Александр Зайцевпен кездесіп, Қазақстанның туын әлемге көтердім. Одан кейін 2014 жылы Әлем кубогын ұтып алып, 2015 жылы кәсіби спортшылардың арасында Азия чемпионаты атандым. Қазіргі таңда рейтинг жинау үстіндемін. Келесі жылы чемпионатта да жеңіске жетемін деген ой бар.

-Спорттан басқа немен айналысасыз?

Мамандығым бойынша«ҚазТрансГаз» компаниясында қызмет етемін. Оған қоса, ақырындап бастап келе жатырған жеке кәсібім де бар. Ал бос уақытым болса, отбасыммен демалғанды немесе достарыммен жиналып, футбол ойнағанды жақсы көремін.

-Танымалсыз әрі бойдақсыз. Қыздар жиі мазалайтын шығар?

(Қызарақтап) Кейде ұялы телефоныма хабарласып, сезімін білдіріп жататын бойжеткендер кездесті. Алайда өмірімді бірге елестететін, шаңырақ көтеретін аруды әлі жолықтырмадым. Қазіргі бар ойым алдағы чемпионатта жеңіске жету. Мүмкін, спорттан жырақтаған күні өмірлік жарымды жолықтыратын шығармын. Кім біледі?!(күліп)

-Сыныпта нешінші атаман болдыңыз?

Спортпен ерте айналысқандықтан бірінші атаман болдым. Бірақ, тентек болып, ешкімді қорқытып көрмеппін. Спортта ең алдымен дұрыс адам болып қалыптасуға және спортшы ретінде алдыңа мақсат қоя білуге үйретеді. Қазір менің алдыма қойған мақсатым — алдағы чемпионаттан жеңіске жету және мақсатым орындалса, спорттан мүлде кететін болармын.

-Жас спортшыларға қандай кеңес бересіз?

Жастарға айтарым, қандай қиындық кездессе де, ешқашан спортты тастамасын. Себебі, спорттың арқасында жаңа орта, жақсы достар табасыз. Жер көресіз, өмірлік тәжірибие жинайсыз. Деніңіз де, жаныңыза сау болады. Спорт – өмірге үйретер, шыдамдылығыңды шыңдар бірден бір жол. Сондықтан спорттан алыстамаңыздар!

Абзал, біздің сіздің алдағы чемпионаттан жетістікпен оралатыныңызға сенеміз! Бізге уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге алғыс айтамыз!

Расскажи друзьям
Читай так же