ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Әділқайыр Жантасов: Суреттерімді арзан бағаға салмаймын!

Просмотров - 131
28.06.2018

Бейнелеу өнері — өмірді сұлулыққа тұндырып, адам баласын өмірге құштар ететін өзінше бір қиялға толы әлем. Құпияға толы картиналар, түрлі түске боялған кескіндер бәрі- бәрі көздің жауынын алады. Осы бір ғажайып әлемде әр суреттен теңеу тапқан, суретпен өмірін үндестірген суретшілеріміздің алатын орны алабөтен. Осындай ғажап туындыларды дүниеге әкелген нағыз қылқалам шебері, Қазақстан Республикасының беделді суретшілерінің бірі Әділхайыр Жантасов Пангерейұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Оқырмандарға өткеніңіз туралы, яғни, сонау балалық шаққа саяхат жасап қайтсаңыз?

Мен 1958 жылы Индер поселкесінде дүниеге келдім. Жалпы, өзім ес білгенімнен бері сурет салумен айналысамын. 5 жасымда менің әкем дүниеден өтіп, жалғыз шешем он баланы өзі тәрбиеледі. Сонда мені суретке апарып бөлеген Зибаш деген әпкем болатын. Менің көп деген жетістіктеріме еңбегі сіңген ұстазы деп айтсам да болады. Сол кісі мені өзі жетектеп, Алматыға көркем сурет училищесіне оқуға түсірді. Неге десеңіз, бұрын Қазақстанда суретшілер дайындайтын жоғары оқу орны болған жоқ жалғыз осы көркем сурет училищесі ғана болды. Училищені бітіргеннен кейін, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ашылды. Мен сол академияның Атырау облысы бойынша тұңғыш бітірушісімін. Одан кейін, Атырауға келіп, дизайн саласын көтеріп, суретшілер одағын басқардым. Қаламызда Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы ашылатын уақытта арнайы аудан басшыларының шақыруымен тұңғыш 1996 жылы осы академияда сурет бөлімін ашқан болатынмын. Содан бері міне, жиырма жылдан бері академияда мұғалімдік қызмет атқарып келемін.

Әңгіме басында көркемсурет әлеміне қалай келгеніңіз туралы айта кетсеңіз?

Ең бірініші адам баласы әріп пен есеп-қисапты меңгермей тұрып, қолына қағаз бен қаламын алып, сурет салудан бастайды. Бұл өнерді кей балалар жалғастырса, енді бірі әрі қарай дамытпайды. Бірақ, жоғарыдан ереке бір күш беріп, оған бір қолдаушы болуы қажет. Егер қолдаушы болмаса, онда жалғаспай қалады. Суретті таңдаған әр бала көп еңбек етуі керек. Суретте композиция, класикка деген болады. Сіздің суретіңіз сол композициядан күшті болмаса, суретші жай ғана суретші ретінде қалып қояды. Оның үстіне,жан-жақты болмаса, алдындағы дайын дүниені сала береді. Сондықтан, осы әлемге қадам басатын адам әрқашан ізденіс үстінде болғаны жөн.

Сонда бұл сіздің бала кездегі арманыңыз болды ғой…

Біздің әулетте бәрі дерлік суретші. Менен кейінгі інім Азамат бақилық болып кетті. Ол профессионалды деңгейдегі суретші болатын. Одан кейін менің ізбасарым, балам Олжас. Қазір Алматы обылысындағы Т.Жүргенов академиясында архитектура мамандығын бітіріп, сол қалада өзінің жеке кәсібін жалғастыруда. Отбасымызда бәрі өнер, білім мен ғылымға жақын. Атамның айтуы бойынша, біз атақты күйші Құрмағанғазының ұрпағы екенбіз.

Қазіргі таңда суретшілерге барлық жағдай жасалған ба?

Қазір мына шәкірттердің өнерінде шыңдап келгенде барлық жағдай жасалған. Біздің кезімізде мұндай жағдайлар мүлдем жасалған жоқ. Тек қана көркем сурет училищесінде ғана болды. Қазірден осы өнерге келген балаға жағдай бар және барлық тақырыпта жұмыс жасауға болады.

Туындыларыңызды сатылымға шығарасыз ба? Тапсырыстар қаншалықты жиі түседі?

Тапсырыстарды көп ала бермеймін. Бірақ, кей кезде берілген тапсырыстарды пайдаланып, сатамын. Соңғы он жылдықта туындыларымды шығармашылыққа арнап, жинау үстіндемін. Әлі сатылымға шыға қоймады. Биыл жазда Құрманғазының күйіне арнап жеті картина жаздым. Оны кейін көрсете жатармын. Қазір күйге арналған бірде-бір картина Қазақстанда жоқ. Құрманғазыға арналған болуы мүмкін. Бірақ, тікелей осы күйге арналған жоқ. Осы менің көптен бергі ойым еді. Соны қазір дүниеге әкелдім.

Суреттеріңіздің бағасын білуге бола ма?

Арзан бағаға сурет салмаймын.

Сонда қанша?

— 90-120 мың теңгенің арасы. Себебі мендегі сурет салатын материалдар сапалы, сондықтан қымбат. Мәселе, материалдың сапасында емес қой, ең бірінші өз еңбегімді бағалаймын.

Алға қойған жоспарыңыз қандай?

Жоспарлар өте көп. Қазірдің өзінде өзімнің өнерімді оқушыларыма беру арқылы, екінші жағынан мен өз оқушыларымнанда үйреніп тұрам, себебі ұстаз әрқашан өз деңгейінде болуы қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда суретшілеріміз жеңіл жаққа қарай кетіп бара жатыр. Тақырыпсыз қызыл ала, сары ала әйтеуір бір бояудың айналасында жүреді.

Болашақта осы сурет әлемінде жарық болып жанар оқушыларыңыз бар ма?

Менің осы 2000 жылдан бастап шыққан түлектерімнің қөбі Т.Жүргенов өнер академиясына грантқа түсіп жатыр.Кей кездері Қазақстан бойынша алты грант беріліп соның төртеуін алған кездер болды.Сол шәкірттерім қазір бітіріп келіп, осы қалада еңбек етіп жатыр.Әр оқушыларым біздің асықпай жүріп аламыз деген биіктерімізді, олар студент кезден бастап алып жатыр.Бұл әрине әр ұстаз үшін үлкен мәртебе.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Жолдыбаева Әсем

 

Расскажи друзьям
Читай так же