ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

АҒАЛЫ-ІНІЛІ АЙТЫСКЕРЛЕР БАС ЖҮЛДЕ МЕН 1 ОРЫНДЫ БӨЛІСТІ

Просмотров - 369
29.11.2021

26-шы қараша күні Исатай ауданының «Жалын» мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, халық батыры Исатай Тайманұлының 230 жылдығы, халық жазушысы, ақын Х. Ерғалиевтің 105 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтті.

Оған Ақтөбе облысының Қобда ауданы мен аудандардан 16 айтыскер ақын қатысты. Кіл жүйріктер бас қосқан айтысқа Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев бастаған әділқазылар алқасы төрағалық етті.

Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ аз болар, сірә. Аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет және дене шынықтыру бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен мәдени шараға халық көп жиналды. Аудан әкімі Полымбет Хасанов алыстан ат терлетіп келген айтыскерлерге сәттілік тіледі. Аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет және денешынықтыру бөлімінің бастамасымен «Тәуелсіздікке тәубе!» атты тақырыпта өткен сөз сайысында қай ауданнан келген айтыскер ақын да намысты қолдан бермеуге тырысып-ақ бақты.

Әрине, көпшіліктің алдында табан астынан суырып салып, қарсыласын осал тұсынан сөзбен омақастыра сүріндіру кім-кімге де оңай шаруа болмаса керек. Суырыпсалмалық өнер тек нағыз айтыскер ақындарға тән десек, қателесе қоймаспыз. Көнеден келе жатқан саф алтын өнерімізді бүгінге жалғаған жас ақындарымыздың қаулап өсіп келе жатқаны қатты қуантты.

«Жүйріктен — жүйрік озар жарысқанда» дегендей, ең соңында 16 ақынның ішінен 8-і суырылып шығып, ақтық сынға жолдама алды. Злиха Наурызалина — Ануарбек Садықов, Нұрбек Сарбасов — Амангелді Панабердиев, Өнербек Дәулекенов — Нұрбейбіт Нұғыманов, Серікбол Панабердиев — Ерболат Қойшиевтар өзара жұптасып айтысып, доданың көркін қыздырды. Сөйтіп додадан сүрінбей өткен дүлділдер мен жүйрік ақындардың есімін аудан әкімі Полымбет Максимұлы жариялады. Бас жүлде мен бірінші орынды исатайлық інілі-ағалы суырыпсалма айтыскер ақындар Амангелді Панабердиев пен Серікбол Панабердиев жеңіп алып, сертификат, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Екінші орын қызылқоғалық Ерболат Қарақойшиевке бұйырса, үшінші орынды мақаттық Нұрбек Сарбасов пен ақтөбелік Злиха Наурызалина қанжығасына байлады. Шарада басқа ақындар да жүлдеден құр алақан қалған жоқ.

Расскажи друзьям
Читай так же