ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

АТЫРАУДА БЕЛГІЛІ СУРЕТШІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ ӨТТІ

Просмотров - 249
03.12.2021

Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы өнер музейінде белгілі қылқалам шебері Қамбарбек Амановтың 70 жылдық мерейтойы және шығармашылығына 40 жыл толуына арналған шығармашылық көрмесі өтті.

ҚР «Мәдениет саласының үздігі», КСРО, ҚР Суретшілер Одағының, Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі Қамбарбек Хасенұлының бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттауға арналған шара «Сырлы дүние» деп аталды.

Жеке қорында және Өнер музейі қорында сақталған 30-ға жуық туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру. Суретшінің шығармалары жинақталған альбом-кітаптың тұсаукесер рәсімін көрермен назарларына ұсыну.

Шығармашылық көрмеге Қ.Амановтың бір топ әріптестері, замандастары, шәкірттері, республиканың әр түкпірінен қыл қалам шеберлері келді. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы мерейтой иесін құттықтап, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы А.Рысқалиевтың алғыс хатын табыс етті.

Мерейтой иесін Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Дәнекер» және «Отан» ордендерінің иегері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Илья Жақанов құттықтап, иығына шапан жапты. Алматы қаласынан келген меймандарымыз Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Лиза Қалимова және ҚР көркем академиясының вице-президенті, ҚР Суретшілер Одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан құттықтап сөз сөйлеп, мерейгерге ҚР көркем Академиясының «Алтын медалін» табыс етті.

ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев суретшіге ҚР Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы Өмірбек Жұбаниязовтың құттықтауын жеткізіп, «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттаса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисовтың атынан бір топ әріптестері мерейгерді шығармашылық көрмесінің ашылуымен және мерейтойымен құттықтап, «Білім саласына сіңірген еңбегі және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін» жоғары оқу орындары қауымдастығы атынан Қамбарбек Амановқа «Ахмет Байтұрсынов атындағы» медаль табыс етті.

Салтанатты шарада бір топ әріптестері, қылқалам шеберлері өздерінің жүрекжарды тілегін жолдады.

Қамбарбек Аманов және Илья Жақанов суретшінің туындылары жинақталған «Сырлы дүние» атты альбом-кітаптың тұсауы кесілді.

Салтанатты лента қию рәсімі Қамбарбек Аманов, Илья Жақанов, Ермұхан Жүнісхан және Лиза Қалимоваға берілді.

Шараға қатысушылар автордың 30-ға жуық туындысы қойылған көрмені тамашалады.

Расскажи друзьям
Читай так же