ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Атырауда өткен «Спортшылар балы»

Просмотров - 484
27.12.2016

Тәуелсіздігі тұғырлы, бәсекеге қабілетті мемлекет құру мақсатында бұқаралық спортты дамыту, ел тұрғындарының спорттық белсенділігін көтеру, өміршендігін қамтамасыз ету бағытында өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атырау өңірінің спортшылары да ел саясатын жүзеге асыруға қомақты үлестерін қосып келеді. Биылғы жыл каламыздағы спорт саласында айтулы жетістіктерге толы, жемісті жыл болды. Соның ішінде төрт жылдықтың дүбірлі додасында көк туымызды көтеріліп, әнұранымызды шырқатқан ауыр атлет Нижат Рахимовтың жеңісі қымбат екені анық. Осыған орай, жыл бойы жасалған жұмысты қорытындылау үшін 25 желтоқсан күні Салтанат сарайында тұңгыш рет «Спортшылар балы» өткен еді.

Мерекелік шарада алғаш болып сөз алған Атырау облысының әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлы:

«Атырау облысындағы спорттың дамуы жақсы жолға қойылған. Биылдың өзінде бірнеше ғимараттар салынды. Жақында ғана Нұрсаяда үлкен теннис ғимараты бой көтерді. Келесі жылы облыс үшін маңызы зор спорт интернатының құрылысы басталмақ. 

Ата-бабамыз балаларды кішкентайынан отан қорғауға тәрбиеленген. Тек ерлер ғана емес әйелдер де елі үшін жанын беруге дайын болған. Тарихқа көз жүгіртсек, Тұмар ханшайым бастаған әйелдер адамдар садақ атуға ыңғайлы болу үшін бір жақ омырауларын күйдірген көрінеді. Осындай қайсар елдің ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз. Бүгінде сол сара жолдың жалғасы ретінде қыздарымызда ел намысын, қала берді облыс намысын абыроймен қорғап жүр. 

Шет елдерде мемлекеттің туы көтеріліп, әнұраны шырқалуы екі жағдайда ғана жүзеге асады. Бірі ел басшысы іс-сапармен келегенде, бірі спортшылардың дүбірлі додада жеңіске жеткен кезінде. Сондықтан да ел намысын қорғап шығу қаншалықты маңызға толы, жауапты іс екені айтпаса да түсінікті. Ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз берекелі болғай. Алдағы уақытта одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріңізге тілектеспін», — деп облыс басшысы спортшыларды биылғы табыстарымен құттықтады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бірқатар спорт мамандарын арнайы төсбелгімен марапаттады. Атап айтсақ, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атағымен «Атырау» спорт кешенінің директоры, еркін күрестен спорт ардагері Өтелбаев Жалғас Шәріпұлы, футболдан спорт ардагері, Аймақтық дене тәрбиесі мен спортты дамыту орталығының «Алғашқы әскери дайындық» кабинеті жетекшісі Нәсиев Амангелді Айбатұлы, Атырау қаласындағы 2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, кмкбокстан спорт ардагері Қасанғалиев Сүндеткерей Құбайұлын табыстады. 

«Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін иеленгендер:

Аралбаев Алпысбай Сейітқалиұлы — Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, самбо күресінен спор ардагері. 
Рахман Айбат Жүсіпәліұлы — облыста шығыс жекпе-жек түрлері карате-до, муай-тай мектебінің негізін қалаушы. 
Бермешев Адик Әкімжанұлы — бокстан Олимпиадалық резерв даярлау орталығының жаттықтырушысы. 

Одан бөлек, спорты дамытуға, қазақстандық спорттың имиджін бекітуге сіңірген еңбегі үшін бір топ азаматтар Атырау облысы әкімінің алғыс хаттарымен де марапатталды. Атыраулық спортшыларға әлемдік додаларда топ жарып жүрген Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Елдос Сметов, Денис Тен, Василий Левит, Қанат Ислам, Ольга Рыпакова, әлем спортының жұлдыздары Рой Джонс, Хабиб Нұрмағамбетов секілді спортшылар бейне құттықтауын жолдады. 

Ал жыл үздіктері кім болды?

«Жыл спортшысы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып, дзюдо күресінен 23 жасқа дейінгі ҚР жеңімпазы, самбо күресінен және қазақ күресінен ҚР-ның спорт шебері атақтарына ие болған — Самиғоллаева Эльмира Самиғоллақызы танылды. 

«Жыл жаттықтырушысы» номинациясы бойынша кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Юсупов Данияр Сайлыбайұлы үздік шықты. 

«Үздік федерация» атағын Атырау облыстық таеквондо және самбо федерациясы иеленді. Бұл федерация жыл көлемінде көптеген Халықаралық және Республикалық турнирлерін өткізіп, облыстағы спорттың жанжануына үлесін қосты. Облыс көлемінде алғаш рет өткізілген ұлттық спор түрі — Көкпар жарысының қолдаушысы болып, зор көмегін көрсетті. 

«Үздік аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» Құрманғазы ауданы , «Үздік команда» болып «Атырау барыстары» спорттың ойын түрлері бойынша облыстық командасы танылды.

«Үздік ардагер» атағын Өскемен қаласында өткен ардагерлер арасындағы ҚР-ның 4-ші Спартакиядасында қазақ күресінен чемпион атанған Көшенов Марал Бисекешұлы иеленді.

«Үздік спорттық тілші»Марат Сұлтанғалиев болды. Ол бысылым беттерінде оьлысымыздың спорт тынысы туралы сан мақалалар жариялап, дене тәрбиесі мен спорттың бұқаралық сипат алуына, облыс спортының дамуына үлес қосып келе жатқан қаламгер. 

«Жыл серпілісі» номинациясы бойынша мүгедектер спорттық клубының суда жүзу бөлімінің спортшысы, Германия елінде өткен Халықаралық турнирдің жеңімпазы, Қазақстан чемпионаты бойынша үш бірдей қашықтықтағы ел рекордшысы Сәлімгереев Ержан Ермекқалиұлына берілді.

 

«Үміт артар спортшы» номинациясын грек-рим күресінен жастар арасында Франция елінде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Тайпей елінде өткен Азия емпионатының жеңімпазы Қисметов Қаһарман Айдынғалиұлына бұйырды. 

Республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жасақталып салынып жұмыс жасап отырған жалғыз спорт кешені Атырау облысында орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында облыстық деңгейде спорттық шаралар көптеп өткізіліп, мүгедек жандарды спортқа тарту жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Облысымызда алты ауданда өкілдіктер ашып, үлкен жұмыс атқарып отырған Мүгедектер спорт клубы «Үздік спорттық ұйым» атағына ие болды. 

Қазақтың қай ауылына барсаңыз да спортқа жанашырлық танытып жүрген ел азаматтары аз емес. Жастар бос уақыттарын мағынасыз өткізбесін, салауатты өмір салтын ұстансын деген ниетпен азаматтық парызы ретінде адамгершілік тұрғыда моралді және қаржылай қолдау көрсетіп жүрген демеушілерде жетерлік. Соның бірі, кәсіпкер Балжігітов Бағытжан Қапанұлы «Спорт жанашыры» номинациясы бойынша марапатталды. 

Сонымен қатар, облыс спорты дамуына үлесін қосып жүрген бірнеше азаматтар Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бауыржанұлы Бекеттің алғыс хаттарын табыстаған болатын.
Спортшылар балына арнай Республикамызға белгілі «Сағыз» КВН құрамасы келіп, өз өнерлерін көрсетті. Қазақ эстрадасының жұлдыздары «Меломен» тобы мен Ғаділбек Жанай да Атыраулық спортшыларды жылды сәтті аяқтауымен құттықтады. 

Қорыта келгенде, соңғы жылдары Атырау спорты жаңа деңгейге көтеріліп, жаңа белестерді бағындыруда. Облысымызда спорттың дамуы бұқаралық сипат алып, спортшыларымыз әлем ареналарында ел намысын абыроймен қорғап жүр. Дені сау ұрпақ ел ертеңі. Елім деген ерлер барда ел абыройы артып асқақтай бемек. Спортпен айналысайық, спортшыларға жанкүйер болайық!

 

Расскажи друзьям
Читай так же