ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Атыраудағы қоғамдық көлік жүйесіне не жетіспейді ?

Просмотров - 225
02.08.2018

Адам өзінің жарты ғұмырын жолда өткізеді. Ал сіз қоғамдық көлікке жиі мінесіз бе? Жылдың төрт мезгілінде жалпы жұрттың тұрақты көлігіне айналған өңіріміздің автобустарының сапасы қандай? Мұнайлы қаламыздың тұрғындары осы тұрғыда өз ойларын білдірді.

Ақмарал Кижубаева :

Автобустарда салқындатқыш жоқ, сондықтан жаздың ыстық күндері қиындық туғызады. Қаланың сырт жағында тұрғандықтан қыс мезгілінде аязға тоңып қаламыз. Өзі санаулы автобустың қазіргі жағдайы осындай, демалыс күндері жекелей жүрген автобустардың қарасы көрінбейді.

Саягүл Рыспекова :

Қоғамдық көлікті тікелей жұмысыма барып келуіме қолданамын. Көңілімнің толмайтыны біздің автобустар өте жай жүреді, әсіресе екі, он екі және төрт. Соның нәтижесінде жұмысқа кешігіп қаламын. Қоғамдық көлікке таңертең ертемен мінгендіктен кондукторлар дөрекі сөйлеп, көңіл-күйді түсіреді. Жалпы толатын адам санынан бөлек шамадан тыс жолаушыларды алады. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Меніңше біздегі барлық қоғамдық көліктерді жаңарту керек.

Жалғасбек Сейітжанов:

Мен автобусты студент кезімде көп қолданатынмын. Адамдар автобусқа сыймай жатады, ол күнделікті көретін көрінісіміз. Қарапайым халықтың тұрақты көлігіне айналғандықтан маршруттардың санын көбейту керек деп санаймын.

Бекболат Байменов:

Біздің автобус жүйесіне бірнеше өзгеріс керек. Біріншіден маршруттар ескі оларды жаңарту қажет. Елордамызда жол ақысы 180 теңге, бізде 80 теңге ол өте орынды баға деп есептеймін. Бірақ біз мұнайлы астана болғандықтан қоғамдық көліктерде сол атқа лайық болу шарт секілді.

Кәмилла Кумарова:

Өзім студент болғандықтан автобусты тұрақты қолданамын. Негізінде автобустардың тазалығына, сапасына көңілің толмайды. Ескірген автобустар соған сай. Шеті сынған орындықтар,толық жабылмайтын есіктер. Жастардан бөлек егде адамдарға үлкен қиыншылық тудырады. Атап өткен кемшіліктерге қарамастан, біздің Атырау халқыда қоғамдық көлікті ұқыпты ұстамайды. Ал жол ақысы салыстырмалы түрде жақсы баға.

Дархан Темірханов:

Мен үшін жол ақысы жоғары, 25 теңге болған кезге келсек өте ыңғайлы болар еді, себебі мен оқушымын. Кондукторлар бізге жоғарыдан қарайды, дереу сөмкеңді ашып көрсетпесең автобустан шығарып жібереді.

Аспандияр Сайлау:

Қыста мектепке автобуспен барған қолайлы. Мектеппен аялдаманың арасы біраз уақытты алады.Оқудан шыққаннан кейін маршруттың артынан жүгіруге тырысасың, үлгермесең келесі автобусты біраз уақыт күту керек болады.Тоңып қалатын кездер болады сонда жаяу кетеміз.

Автор: Аяулым Исабаева

Расскажи друзьям
Читай так же