ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Атырауға алты мемлекеттен боксшылар келді

Просмотров - 641
01.07.2017

Атырау қаласында дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың жүлдесіне арналған ерлер арасында Бокстан Халықаралық турнир басталды. Биыл турнир Асқар Алтынбекұлының 80-жылдық мерей тойына тұспа-тұс келіп отыр. Бес күн бойы жалғасатын турнирде Әзірбайжан, Ресей, Сирия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінен 100 боксшы өзара үздіктерді анықтайтын болады.                                                                                

Сайыстың ашылуында сөз алған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи қонақтарға қош келдіңіз айтты: 

«Облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан баршаңызды бүгінгі бокс мерекесімен құттықтаймын. Біз үшін осынау айтулы бокс турнирді өткізу үлкен мақтаныш. Бұнымен қоса қаламызда Батыр бабалар Махамбет пен Исатай атындағы, Батыр аналар атындағы турнирлер өтті. Осындай сайыстардың негізгі мақсаты − жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. 

Спортшыларымыз Халықаралық додаларда ел намысын қорғап, туымызды көтерсе үлкен мақтаныш сезімі ұялайды. Сол секілді бүгінгі турнирге қатысып отырған жас боксшыларымыз кейін Олимпиада ойындардында топ жарады деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда облыста 3000-нан астам адам спорт саласында қызмет істеп жүр. Спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. Облыстық спорт мектептерде 1000-нан астам бала бокспен айналысады. Болашақта бізден де үлкен чемпиондар шығады деп сенемін. Баршаңызды бес күн бойы бокс турнирін қарауға шақырамын», − деді.

Атырау облысы бокс федерациясының атқарушы директоры Шәріпбаев Дінмұхаммед өз кезегінде айналған Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың қазақ боксына сіңірген еңбегін айта кетті. Айта кетейік, Асқар Алтынбекұлы үлкен спорт жаңашыры, бокс саласындағы таптырмайтын маман және ел боксының өрлеуіне шексіз үлесін қосқан адам. 

Cайыстың алғашқы күнін Атыраулық боксшылар табысты бастады. 60 келі салмақта Ұзақбаев Асылхан , 64 келіде Қазыбек Сапенов пен Қарымсақ Данат алғашқы қарсыластарын ұтып, келесі кезеңге өтті. Айта кету керек, турнир 5-ші шілдеге дейін жалғасады. Сайыстарды күнде сағат 15:00-де Хиуаз Доспанова атындағы мұз айдынынан тамашалай аласыздар.

Расскажи друзьям
Читай так же