Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Әйгерім Сапарова: "Бизнесте «әйел» не «еркек» деп бөлінбейді"

Қазіргі таңда той бизнес саласын белгілі бір кәсіп көзіне айналдырып алған жандар жетерлік. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз - Әйгерім Сапарова солардың бірі. Әйгерім қаламызда өтіп жатырған кішігірім шарадан бастап, мерекелік концертті де ұйымдастырады. Ендеше, «Asevent» агенттігінің өнерлі, жігерлі басшысы Әйгерім Сапаровамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 «Asevent» агенттігі менің өмірім секілді. Өйткені, мен жұмысымды екі жүз пайызға жақсы көремін...

Бала кезімде банкир болғым келді

Мен де өзге балалар секілді бала күнімде белгілі бір маман болуды армандамадым. «Кім боласың?» деген сауалға үнемі «банктың директоры» деп жауап беретінмін. Қазір ата-анамның екеуі де жеке бизнеспен айналысады. Бәлкім, осы саланы таңдауыма олардың да ықпалы тиген шығар деп ойлаймын.

Ал, өзім мектеп кезімнен бастап, қоғамға араласып, өз еңбегіммен ақша тапқым келді. Сөйтіп, 15 жасымда алғашқы жұмысымды даяшы болудан бастадым. Бір күндік табысым 1000-1500 теңгені ғана құрайтын. Сол кезден бері ақшаның қадірін түсініп, орнымен пайдалануға тырысамын.

Мамандығым - эконимист

Бизнестің баспалдағына 2013 жылы қадам бастым. Негізгі мамандығым - экономист. Өз кәсібімді ашқанға дейін «Еуразиялық банкте» қызмет еттім. Жеке компания болғанын, өзіме ұнайтын белгілі бір іспен айналысып, үнемі жұмысқа келгенде қуанып келетіндей әсерді сезінгім келді. Оқушы кезімнен бері бір істі басқаруға деген икемім болды. Бизнеске кететінімді түсініп, бастап кетуден мүлде қорықпадым. Әртүрлі адамдармен тілдестім. Өмірден көп тәжірибе жинақтадым. Сол себептен де шығар, болашақта бәрі жақсы болатынына сеніммен қарадым.

Маған барлық жағынан жақсы қолдау көрсете білген, ол – «Кәсіпкерлерді қолдау орталығы» деп айта аламын. Сонымен қоса, бұл саланы дұрыс білмегендіктен, Украиндағы«Идеальная свадьба» агенттігінен арнайы курс оқыдым. Қазір де түрлі онлайн сабақтарды қарап отырамын. Бұл салада бір жерде тоқтап қалуға болмайды. Үнемі ізденісте жүруіміз қажет. Кітапты да  жиі оқимын. Соңғы оқыған шығармам - Шыңғыс  Айтматовтың «Плаха» туындысы. Ал, қазір Елбасымыздың жазған «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітапты бастап оқып жатырмын.

 

Қаламызда әдемі жер аз болғандықтан, жаңа дүние жасауға мүмкіндік болмайды...

«Asevent» агенттігінде қазір сегіз адам жұмыс жасайды. Өзіміздің арнайы қоймамыз бар. Ол жерде әр түрлі декорацияларды дайындаймыз. Бізде арнайы бір тағайындалған график жоқ. Ресми жұмыс кестесі 10:00-19:00 аралығында. Кейде жұмыстан сағат 12-де, 6-да шығып кететін уақыт болып жатады. Сондай-ақ, келетін тапсырыстар сан алуан. Түрлі шараларды, мерекелік кештерді өткіземіз. Көп әртістермен келесімшарт жасастық. Мәселен, жақында ғана Ғаділбек Жаңайдың концертін ұйымдастырдық. Ойдағыдай болды деп айта аламын.

Сонымен қатар, үлкен коорпоративтік кештерді ұйымдастырғанда қажет болатын заттарды, киімдерді отандық өнімдерден алуға тырысамыз. Елімізде өндірілмейтін, қымбатқа түсетін тауарларды Түркиядан, Қытайдан тапсырыспен алдыртып тұрамыз.

Агенттікте бекітілген баға жоқ. Тапсырыс берушіге байланысты кез-келген ақшаға ұйымдастырып бере аламыз. Ал, ең қымбаты миллионға дейін барып жатады. 

Қазіргі адамдар бір жерде қарап тұрмайды. Ғаламтордан көргенін әкеліп, солай жасап беруін өтінеді. Қаламызда әдемі жерлер аз. Қанша жерден жаңа дүние жасағымыз келгенімен, ойымыздағыдай шықпай жатады.

Көбі біздің жұмысымызды оңай деп ойлайды. Кішкентай нәрседен үлкен қиындық туып қалуы мүмкін. Мысалы, той ұйымдастырған кезде ең басты назарда шақырылған қонаққа мән береміз. Былай алып қарасаңыз, болмашы бір дүние секілді. Алайда, ең басты мәселе - шақырылған қонақта.

Қатал басшымын деп айта алмаймын

Бізге келетін клиенттердің ашуланып келетін сәттері болады. Ондай уақытта жылы қабақ танытып, сусынымызды ұсынамыз. Алдымен, өзінің әңгімесін асықпай айтып алады. Сол жерде психолог та болуың керек. Қазіргі клиенттерімнің көбі достарыма айналып кетті. Бірінші ұсыныс жасауға келеді, одан кейін ұзату, бесік той деп кете береді. Ең бастысы, олар үлкен болса, анамдай көремін. Менімен қатарлас болып жатырса, құрбым ретінде жақын сөйлесуге тырысамын. Ақыл-кеңесімді айтамын.

Өзімді қатал басшымын деп айта алмаймын. Дауыс көтеріп, айқайлап жатырсам - бәрі жұмыстың игілігі үшін. Өте жай болып кетсем, басына да шығарып алуым мүмкін. Ал жұмыстан кейін бәріміз доспыз. Үнемі бір жаққа шығып, серуендеп келеміз.

Өмірге сүйіспеншілікпен қараймын

Менің бәсекелестерім жоқ. Барлығымен етене жақсы араласамыз. Біздің салада жыл басында 15 агенттік ашылса, жыл соңында одан бір-екеуі ғана қалады. Маған көбі «Неге радиоға, интернетке жарнама жасамайсыздар?» деп сұрайды. Оның қажеттілігі қанша?!  Өзіміздің тапсырып беретін клиенттеріміз бар. Бізді көпшілігі біледі.

Достарым «ер мінезді болып бара жатырсың» деп айтады. Бизнесте «әйел» не «еркек» деп бөлінбейді. Ол жерде тек жұмысыңды ілтипатпен жасауың керексің. Бизнестегі қиындықтардан бөлек, басымнан өте көп жағдайлар орын алды. Оны мен ешқандай қиындық деп санаймаймын. Керісінше, өмірдің сынағы ретінде қараймын.

Әр адам өмірге сүйіспеншілікпен қарап, тәуекел ете білуі  керек. Еш нәрседен қорықпағаны жөн. Қазір ақшаны оңай жолмен тапқысы келетіндер көп. Ол дұрыс емес. Қандай жағдай болмасын, сабырлы болғаны жөн. Ең басты байлық – денсаулық. Қалғаны - өз ретімен бола жатады.

Мен өмірімде жақын адамдарымды қуантқанды ұнатамын. Ұйқымнан тұрған сәтте күн шуақты болып тұрса, көтеріңкі әуен тыңдап, жұмысқа жақсы көңіл-күймен барамын. Атыраудың халқын көрсең, әркез түңіліп жүреді. Біз кейде көшеге шығып, шарларды халыққа таратамыз. Олардың шаттанған жүздерін көрген кезде ерекше сезімде боласың. Адамдардың бір-біріне жақсылық жасағанын қалаймын. Біздің Атырауда қайырымды жандардың көптігі қуантады.

Қазіргі басты мақсат – алдағы  жылы «Asevent» агенттігін Ақтау мен Астана қалаларында ашып, дамыту. Сонымен қоса, өзім басқа салаға бет бұрғым келеді. Оның қандай екенін әзір айта алмаймын.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.