Какой сегодня день

23 октября

Әйгерім Жәрдемқызы: Цифрлар мені мүлде қызықтырмайды

Бүгінгі біздің "Атырау айнасы" айдарының кейіпкері көптеген игі істердің бастаушысы, халқына жанашыр, сауапқа асығушы, «Жүректен жүрекке» тобының басшысы Әйгерім Жәрдемқызы.

-Әйгерім, сіз бала кезіңізде армандарыңыз орындалған адамсыз ба?

-Менің армандарым бертін келе мақсаттарыма айналды. Себебі, екеуі бір нәрсе секілді. Арман орындалмайды деп айтып жатады. Ол орындалады. Тек оған жетіп, іздеу қажет.

Мен Ғ.Мүсірепов атындағы №5 мектепте оқыдым. Екінші сынып оқып жүрген кезде, бізге әдеп сабағы өтетін. Ол сабақтың беретін мұғалім үнемі тәртіпке қатты көңіл бөлді. Неге екенін білмеймін, осы сабақты қатты ұнаттым. Өсе келе, белгілі бір мамандықты қаласам да бойымда адамгершілік қалуы керек деп түсіндім. Кішкентай болғаныма қарамастан, қоғамға пайдамды тигізгім келді. Ойын баласы болмадым. Керісінше, кітапқа құмарттым. Оқи алмасамда кітаптың суретіне қарап отырушы едім.

-Отбасыңыз жөнінде айтыңызшы...

-Әкемнің есімі - Жәрдем. Жұрттың көбі қайырымдылықпен айналысып жүрген соң, осылай аталып кеткен деп ойлайды. Қазір төтенше жағдай министрлігінде механик болып қызмет атқарады. Ал, анам үйде. Әкем анама аса бір қатты жұмыс жасатқан емес. Отбасын тек ер адам асырау керек деген түсінік болды. Анам біздің тәрбиемізге қатты көңіл бөлді. Ол кісі бір жағынан әдебиетке жақын еді. Кітапқа деген сүйіспеншілігімді анам арттырды деп ойлаймын. Өзімнен кейін інім мен сіңілім бар.

Мектепте 9 жыл оқып, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне ақпараттық жүйе мамандығы бойынша оқуға түстім. Білімімді әрі қарай жалғастыру үшін Орал қаласындағы Еуразия академиясында осы мамандықты оқыдым. Оны бітіре сала, заңгер мамандығына тапсырдым. Жақында дипломымды алдым. Қазір заңгермін.

Бала кезімде пластилинмен көбірек ойнайтын болдым. Мені қымбат ойыншықтар көп қызықтыра бермейтін. Аса бір қатты ойын баласы болдым деп те айта алмаймын. Сурет салып, одан қалса, мозайкалық суреттерді құрастыруға әуес едім.

-«Жүректен жүрекке» тобының құрылуына не себеп болды?

-Мақсот деген досым «жетімдерге көмектесейік» деп ой тастады. Ол сөз маған қатты әсер етті. Солай бірден жұмыстан шыға сала, «Шаңырақ» балалар үйінің директорымен сөйлестік. Жанымызда тағы 2-3 адам болды. Қазақ-жетімінің жылатпаған, жесірінің қаңғыртпаған халық. Қолымыздан келгенше, қол ұшын созуға тырыстық. Ақша жинадық. Титтей де болса жақсылық жасауға ұмтылдық. Бәрі аяқталғаннан соң «шынынмен осылай кетіп қаламыз ба?» деген ой болды. Өйткені, бір-бірімізге қатты бауыр басып қалған едік. Серікбай есімді жігіт топ ашуға ұсыныс тастады. Сол сәтте осындай үлкен дүние болады деген ой түсімізге кіріп шықпайтын. «Біз әлі жаспыз, қолымыздан не келер екен?» деген күдік болды. Барлығы бір ғана қадамнан басталды. Кейін біз қиыншылықтарға сынбай, алға қарай ұмытыла бердік. Науқас баланы көргеннен кейін, бойыңда өзгеше күш пайда болады  екен, наусқас баланың, қала берді оның жанұясының алдындағы жауапкершілік бар дегендей.

Жанымызда жүрген қыз мүгедек апаның ұлын емдету үшін 300 000 теңге қаражат керектігін айтты. Жағдайымын танысып қайттық. Хәлі мүшкіл екен. Біз шар сатып, 400 000 теңге жинадық. Қалған 100 000 теңгесін дәрі-дәрмегіне жұмсадық.

Бір күні жұмыс орнымызға Жаннұр есімді апай келді. Жалғызбасты ана екен. Қызы дәрігерлердің салғырттығынан сал ауруына шалдыққан. Түріне қарасам, әбден қажып кеткен. Болады ғой, өмірден түңіліп кеткен жандар. Дәл сондай. Демалыс уақытында апайдың үйіне барып, жағдайымен танысып қайттық. Шынымен де, адам шошырлық. Гагарина көшесінде орналасқан жалғыз жатақханада тұрады. Бір бөлме. Қабырғалары дымқылдан көгеріп кеткен. Дастарханда қара нан мен қара шайдан өзге дым болмады. Памперс деген атымен жоқ. Төрт қабатқа бір дәретхана. Өте қиын жағдай.

Сол күні апай туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде тарата бастадық. Атыраудың халқы өте жомарт халық қой. Бір екі күннің ішінде апайды бір айлық азық түлікпен қамтамасыз еттік. Шар сатып, емделуге мүмкіндік бердік, Аллаға шүкір. Олар бір емдік курсын қабылдау үшін кемінде 500-600 мың теңге көлемінде қаржы кетеді. Қыркүйек айында, он үшінші рет емдік курсын қабылдауға барғалы жатырған жайлары бар.

«Жүректен жүреккенің» «шын мұқтаждың алғысынан асқан бақыт жоқ» деген ұстанымы бар. Мүмкіндігімізше, мұқтаж жандарға көмектесеміз. Көмек сұрап хабарласқанда, алдымен тұрмыс жағдайымен танысамыз.

Мысалы, күйеуі бар адамға көмектеспейміз. Күйеуі бола тұра, әйелден ақша сұрау деген өте ұят нәрсе деп ойлаймын. Көп адамдар топтың тірегі бар деп ойлайды. Олай емес. Біз ешкімнен ақша сұрамаймыз. Тек сауда орталығында шар сатуға рұқсат алып, жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Осы орайда, мешіттің бас имамына алғыс айтқым келеді. Ол кісі үнемі жылы сөздерін айтып, біздерді жігерлендіріп жатады. Бір жағынан балаларымның мешітке жақын болғанын қалаймын. Кей жандар білімсіздігінің кесірінен түрлі ағымға қосылып жатады. Біздің топтың мүшелері ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде деп ойлаймын.

-Үш жылдың ішінде жеткен жетістіктерге, қызықты сәттерге тоқталып өтсеңіз...

-Бізді 2015 жылы Елбасының алғыс хатымен, «Ең үздік еріктілер» номинациясы бойынша, облыстық патриоттар қоғамында «Ең үздік қамқор» атағын, Ауған соғысының ардагерлерінің «Қарайымдылық сауап» медалімен марапаттады. Мен сияқты жас үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. 3 жылда басымыздан көп жағдайлар өтті. Алтын алқа иегері Жанаргүл есімді апайдың үйіне ремонт жасадық. Бір бөлмелі үйде 12 адам тұрады екен. Екі күнге басқа пәтерге көшіртіп, біріміз үйіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік, біріміз балаларын ойын сауық орталығына апарып, көңілін ауладық.

Жанел Жұмағалиева есімді бауыр циррозына шалдыққан науқас қыз болды. Біздер бір күннің ішінде 1 миллион теңге көлемінде  қаражат жинап бердік. Сенесіз бе? Бір күннің ішінде 1 миллион!!!

 

Топта Жұлдыз атты қыз бар. Ол қыз анасының көмегінсіз тұрып, жүре алмайды. Оның туған күнінде тосын сый жасадық. Сүйікті әншісі «ALL давай» тобындағы  Шоқан болатын. Ақша жинап, Шоқанды Атырауға шақырттық. Роял (қазіргі Мевлана 2) мейрамханасынан рұқсатын алып, ішін сәндеп, арнайы дастархан әзірлеп Жұлдызды шақырдық. Жұлдыз көзін жұмды. Ал ашып қалған сәтте, жанында Шоқан отырды. Жұлдыз сол сәтте қатты толқып, жылап қалды.

Қазір Павлодар мен Петровалдан басқа қалаларда «Жүректен Жүрекке» тобы жұмыс істейді. Ең алғаш біздің қаламыздан бастап, әр өңірлерге тарады. Мен бұл топтың қай уақытқа дейін жұмыс істейтінін білмеймін.

-Жылдан жылға еріктілердің саны артып келеді. Бұның сыры неде?

-Жастардың жақсылыққа жасауға деген құлшынысында шығар. Қаламызда 500-ге жуық ерікті болды. Олардың әрқайсысы маған сондай ыстық.

-«Жүректен жүрекке» дейінгі өміріңізді сипаттап беріңізші...

-«Жүректен жүрекке» тобын құрғаннан кейін, өмірім қарбаласқа толы болды. Бүкіл өмірімді тек осы топқа арнадым. Жаңа жобаларды ойластырамын. Оған дейінгі өмірімде мені цифрлар мүлде қызықтырмаушы еді. Қолымда үнемі қомақты сомма жүретін. Ақша адамды бақытты қылмайтынын түсіндім. Үнемі өзімнің жүрегіме бір нәрсе жетпей тұратын. Алладан иманды достар кездестіруін тіледім. 4 айдан кейін Мақсот келіп, топты құрдық. Ол топқа дейінгі өмірім біркелкі өтті. Бос уақытымда қыдырамын немесе үйде жатып кітап оқитын болдым. Ал, қазір менде мүлде уақыт жоқ. Сол себепті, көп жұмыстарымды тастап кеттім.

-Бұрын жеке кәсіппен айналысыпсыз. Қазір жалғастырып жатырсыз ба?

-Иә, менің бұрын жеке кәсіпкер болдым. Үлкен полиграфиялық орталығым бар еді. «Жүректен жүрекке» тобын құрғаннан соң, уақыт сәйкес келмеді. Себебі, менің махаббатым, сүйікті ісім тек осы жақта ғана болатын. Қазір жеке кәсібімді қайтадан қолға алып жатырған жайым бар. «Тамаша» ойын-сауық орталығында балалардың ой өрісін дамытатын дүкенше аштым. Бұл жерде балалар гипстан ертегі кейіпкерлерін бояп, әр түрлі суреттерді сала алады. Менің ойымша, бұл жаңа дүние. Кішкентай балғындардың ойлау қабілеттін арттырады. Алғашында оны інім мен сіңілімнің балалары үшін ашқан едім. Кейін халық та пайдасын көрсінші деген ниет болды. Ол жұмысты біреуге ақша беріп істетіп жатырған жоқпыз. «Made in Kazakhstan» демекші, өзіміздің Индер ауданынан шығатын гипстен, өз қолымызбен жасап жатырған жайымыз бар. Шыны керек, мен бұл нәрсе туралы көп айтқым келмейді.

-Әлеуметтік желіде мыңдаған достарыңыз бар. Ал өмірде адал достарыңыз көп пе?

-Аллаға шүкір,  достарым көп. Ең жақын досым Алматы қаласында тұрады. Есімі Әйгерім. Бір-біріміз қатты түсінеміз. Жанымыз жақын. Өзі адамдарға қамқор, жанашыр жан. Оның маған басқаларға деген сыйластығы ұнайды. «Жүректен жүрекке» тобында Аида есімді қыз бар. Екеуміз білдей құрдаспыз. Мен оған таңғы сағат 3–те хабарлассам да, дереу жетіп келетініне сенімдімін. Адамдардың барлығымен жақсы араласамын. Ешқайсысын ренжіткім келмейді. Өйткені, өмір қамшының сабындай. Ал, аз ғана ғұмырда бет жыртысудың қажеті қанша?!

-Қиналған сәтте ең бірінші кімге арқа сүйейсіз?

-Алладан көп дұға тілеймін. Аса бір қатты қайғырып кететіндей, жағдай басымнан өткен емес. Әрине, өмір, жұмыс болғаннан кейін, оның өзіндік қиындықтары бар. Ондай тосқауылдарға төтеп беріп, өзімді шыңдап, мықты болуға тырысамын.

-Егерде өміріңізді өзгертуге мүмкіндік болса, нені өзгертер едіңіз?

-Шүкір, менің осы өмірім ұнайды. Ештеңені өзгертпейтін секілдімін.

-Сіздің ойыңызша басшы қандай болу керек?

-Ол адамды көбірек түсініп, сүрінген уақытта демеу қажет. Әрі қарапайым болғаны жөн. Алдыңа 5 жасар бала келседе, оның тілін таба білуі керек. Өзімді жақсы басшымын деп есептемеймін. Ашуға ерік беретін сәттер болады. Қолымнан келгенше, жақсы болуға тырысамын.

-«Кітап оқымаған адам - тамырсыз қанбақ» деп жатады. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

-Келісемін. Себебі, кітап оқымаған адаммен сөйлесе алмайды екенмін. Маған оның тұрмыстық жағдайы, күнделікті тірлігі секілді әңгімелер қызық емес. Сөйлесетін адаммен жаңа дүние алғым келеді. Сонымен қоса, көп идеялар болады.

Бала кезімде облыстық кітапханаларға барғанда «Сендердің жастарың жетпейді. Әлі кішкентайсыңдар» деп шығарып салатын. Кейін Авангард мөлтек ауданындағы №1 кітапханаға жиі барып тұрдым. Кітапхананың қызметшісі Жаңылсын есімді апай маған қандай кітап оқу керектігін айтып, бағыт беріп отырды. Осы уақытқа дейін ол кісімен етене араласып келемін. Көптеген шаралары бірге ұйымдастырдық.

Менің ойымша, баланы кішкене күнінен кітапқа  құмарту керек секілді. Өсе келе, ол өзіне дұрыс жол таңдай алады. Жақсы тұлға ретінде қалыптасады деп ойлаймын. Кітаптың өзіндік беретін тәрбиесі мол.

Қазір қазақ әдебиетін, тарихын толық зерттеп оқып, әлем классиктеріне бастасам ба деп жүрмін. Негізінен өзіме мотивация беретін кітаптар ұнайды. Ондай кітаптарды орысша нұсқада оқуға тура келеді. Жақында Серікбай Бисекиевтің «Бәрі өз қолыңда» деген кітабын оқыдым. Дәл осындай қазақша кітаптар аз. Грег Мортенсонның «Три чашки чая» деген кітабын оқығаннан кейін, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ол кітапта шетелдік азаматтың Ауғанстанға барып, мектеп салуы, әйелдерге курс ашуы жөнінде баяндалады. Осы кітап мені қатты жігерлендірді. Б.Момышұлының кітаптарын қатты ұнатамын. Сол үшін Алматыға барып, Зейнеп Ахметовамен кездестім. «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер», «Әзіліңді сағындық» деген секілді кітаптарын сыйға тартты. Кітабын оқып, автормен кездесу деген үлкен дүние сияқты. Бір досым «бақыт тек сәттерден тұрады» деп айтқан еді. Сол кездер өмірімнің бақытты сәттері.

Қаламызға Бейсен Құранбек пен Тимур Бектұр келген уақытта жандарынан қалмай, ұзақ жүгірдік. Өйткені, жаңа нәрсе алып қалғым келді. Бақытгүл Қайыржанқызын тірі мотивация деп айта аламын. Ол кісінің колледжінде оқығаннан кейін көп нәрселерді білдім. Жалпы ол орта адамды өзгертетін секілді.

Менің қазір шкаф сөремде кітаптар өте көп. Бір шкафты бітіріп, екіншісі толуға жақын. Олардың көбі маған келген сыйлықтар. Үйде 4 бірдей кітап бар. Сол себепті, достарым кітап сыйлар алдына сұрап алады.

-Әрі кітаптарыңызды оқуға бермейтін көрінесіз. Неліктен?

-Достарым "Әйгерім Жардемқызының жеке кітапханасы" деген арнайы қолтаңба берген. Кітап сатып алған уақытта қолтаңбамды соғып қоямын. Ақын Қадыр Мырза Әлі кітапқа өте қатты сараң кісі болыпты. Той, қонақтарға мүлде бармайды екен. Үнемі адамдар оның кітабын ұрлап алып кетеді. Содан ол кісі қызғанып «Мен мына кітапты ұрлап алдым» деп жазып қоятын көрінеді. Енді ол өзі ұрланған кітап болғаннан кейін, ешкімнің алуға дәті бармайтын шығар. Менде сол кісі секілдімін. Көп ешкімге бермеймін. Сұрап жатырса, өзім сатып алып бергенді жақсы көремін.

-Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз қандай?

-Тек қана алға жүру. Жасап жатырған жұмыстарымды әрі қарай дамыту. «Жүректен жүреккеге» келетін болсақ, балалар ауруханасының қабырғаларына сурет салып бермек ойымызда бар. Әрі осы жұмада қарттар үйіне концерт береміз. Жақын күндері «Мектепке жол» акциясы өтеді. Барлық жерде хабарландырулар, афишалар ілінеді.

-Жас Атырау сайтына деген тілегіңіз...

-Әрдайымда тек биіктен көріңіздер. Сіздердің өзіндік орындарыңыз бар. «Жас Атырау» десе есіме жақсы адамдар түседі. Біздер сіздерсіз жүре алмайтын жағдайға жеттік.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.