Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Актер болу оңай ма? (Отбасылық бизнес)

Адамның рухани жетілуі мен мəдени өсуіне ықпал ететін бірден-бір орын -театр. Театр - көрінгеннің ермегі емес, нағыз еңбектің ордасы. Осы өнердің қиын жолын таңдаған әртістердің сахна сыртындағы өмірі қандай? Шыныменде ,театр әртісі болу оңай ма? Бұл сұрақтардың жауабын біз іздеп көрген едік. Ендеше, театр сахнасында жүргендеріне 10 жылдан асқан М.Өтемісұлы атындағы драма театрдың əртістері, жарасымды жұп Əміржан Нұрланұлы және Гүлнұр Қайырлиевамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

-Әртіс болуды бала кездеріңізден бері армандадыңыздар ма? Бұл өнерге қалай келіп едіңіздер?

-Әміржан: Оқушы кезімде Махамбет, А. Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлының оқуларына қатысып, облыстық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Менің өнерге деген қызығушылығым осылай ақырындап ояна бастады. 9 сыныпты аяқтағаннан соң Д.Нүрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында актер мамандығы болмағандықтан, қобыз аспабын таңдадым. 1 курсты аяқтағаннан кейін, академияда актер мамандығы ашылды. Ұстазым Р.Ұрзағанов: «сен қобызда жақсы ойнайсың» деп мені актер мамандығына жібергісі келмесе де, «актер боламын» деген шешім қабылдап, мамандығымды ауыстырдым. Оқып жүріп, 15 жасымда театрда сахна қызметкері болып жұмысқа орналастым. Онда театрдың сыртындағы өмірмен танысып, тіршілігін білдім. Ол кезде Тілеген Ахметов деген ұстазымыз театрдың режиссері болды. Бойымдағы қабілетімді байқаған режиссер көп ұзамай сахна қызметкерінен актер мамандығына ауыстырды. Содан бері М.Өтемісұлы атындағы драма театрының әртісі болғаныма 10 жыл уақыт болыпты.

-Гүлнұр: Кішкентайымнан өнер адамы боламын деген ой болған жоқ. Мектепшілік шараларға белсенді қатысып, мектеп президенті болдым. Көпшілік сөзге шешендігім мен пысықтығыма қарап, «сен адвокат немесе журналист боласың» дейтін. Алайда. мен 9 сыныпты аяқтағап, Аграрлы техникалық колледжіне экономист мамандығына оқуға түстім. Бір күні «Егемен Қазақстан» газетін оқып отырып, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер университеті туралы, оның ішінде актер мамандығы туралы мақалаға көзім түсіп, актер мамандығына деген қызығушылығым оянды. Алғашында Алматыға барамын деп ойладым. Көп ұзамай бұл мамандықтың қаламызда да оқытатынын біліп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде актер шеберлігі мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. 1 курсты аяқтағаннан кейін, оқуды бітіруші 4 курстың диплом қорғау жұмысында Д.Исабековтың «Әпке» деген драмасында Наздың рөлінде ойнауды ұсынды. Болашақ мамандардың сахналық қойылымын көруге келген Аждар Уолдыз (сол уақыттағы театрдың режиссері) сомдаған рөлімді көріп, «Ене» спектаклінде басты рөлді сомдауға шақырды.

-Демек, алғашқы сомдаған рөліңіз «Ене» болды ғой...

-Иә, театрға осы «Ене» спектакілі үшін алынған едім. Мен онда енесіне тыным бермей адамдарды алдайтын, өтірікші келінді ойнадым. Бұл спекталде би билеп, ән айту керек болғандықтан, біз күні бойы дайындалатынбыз. Алғашында өзгелерден ұялып, жатырқап жүрдім. Қанша дегенмен жаңадан келдім,  әлі үйренісе қоймаған уақытым. Ондай кезде маған әрдайым қол ұшын созатын режиссерімыз Аждар Уолдыз еді. Уақыт өте келе ұялшақ мінезімді ысырып тастап, театр өміріне белсене араласа бастадым. Алғашқы рөлдегі әсерімді сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Себебі, театрдың жілігін шаққан, нағыз өнер майталмандарымен бір сахнада өнер көрсеттім. Бұл жерден мен ең бастысы өмірлік серігімді жолықтырдым.

-Ал, Әміржан сіз ше?

-Алғаш «Кер Құла атты Кендебей» спекталінде Кендебайдың рөлін, «Ене» спектаклінде «Мұханбет» деген қияли, ауылдан келген бизнесмен жігіттің рөлін ойнадым. Ал, Гүлнұр екеуміз осы 10 жылдың ішінде бірнеше спектаклдерде бірге ойнадық. Гүлнұр, көбінесе басты рөлді болса, мен лирикалық кейіпкерді сомдаймын. Осы кезге дейін сахнада 30-ға жуық қойылымды сомдаған екенбі

-Рөлді режиссердың нұсқауы бойынша орындайсыздар ма?

-Гүлнұр: Режиссер - бағыт беруші. Оларда ұзақ уақыт толғанып барып, керемет дүниені шығарады. Әрі қарай оны алып кету актерлар мен спектаклге қатысты бетті әрлеуші, сахнаны безендеруші адамдарға байланысты.Бұрын бір қойылымға дайындалу үшін 2-3 ай жүретін едік. Қазір 15-20 күн ғана уақыт кетеді. Режиссерлар әр спектаклге бөлінеді. Кей режиссерлар өзі ойнай келе «рөлін шығарып алсын» деп актерге еркіндік береді.

-Театр сахнасында жүргеннен кейін біраз қиындық мен қызықтар көп кездеседі. Соны бір еске түсірсеңіздер...

-Гүлнұр: «Ене» спекталінде анам әкеммен ұрысып, әкем үйден кетіп қалады. Мен анамнан ақша сұрайтын кезде «әкеңнен сұра» деп дауыс көтереді. Ол жерде «менің әкем деп жоқ жылауым» қажет. Дайындық кезінде көзімнен жас шықпай, өтірік жылап отырдым. Бір кезде режиссер қасыма шауып келді. Түрі мені ұрып тастайтындай сұп-сұр еді. Оның бұл кейпінен қорыққанан мен еңіреп жылап қойдым. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Тату бола жүріп, сөзге келіп қаламыз. Бес минуттан өтпей жатып, әңгімелесіп кетеміз.

-Кино әртісі мен театр әртісі екі түрлі деп жатады. Бұл қаншалықты рас?

-Әміржан: Театр әртісі деген атақты алып жүру оңай емес. Сахнаның қиындығы мен қызығына тек нағыз актер шыдай біледі. Кей адамдар сахнада актер болса, өмірде де актер ретінде ойнайды деп ойлайды. Бұл - қате. Өйткені, шығармашылық адамдар барлығын жүрекке жақын қабылдайды. Сомдаған кейіпкеріне байланысты жылауың керек сәттер болады. Осы кезде саған  кинодағыдай көзіне келіп, ешкім дәрі тамызбайды. Біз бір қойылымға таң атқаннан, түн батқанға дейін бірнеше уақыт дайындаламыз. Ойлап қараңыз, актер бір қойылымда өз рөлін алып шығу үшін қаншама рет жылайды? Осы себепті де, біраз актер жүрек ауруына шалдығады.

-Гүлнұр, сіз жетекшілік ететін «Жастар» театры қалай құрылды?

-Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өнерге деген қызығушылығын ояту мақсатында құрылған «Жастар» театры қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асты. Алғашқы жылы «Алтын топшы» жастар ұйымының жетекшісі Артур Яхуда жұмыс жасады. Кейін  «Жас интелектуал ұйымымың» жетекшісі ретінде мен алдым. Алдымен, кастинг жасап 14-29 жас әр түрлі саланың өкілдері мен оқушыларды іріктедік. Оқушыларыма өзімнің ұстаздарым секілді «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек болу керек» деп үйретемін. Өзімнің бар білгеніммен бөлісіп, сырласамын. Ойнай алмаған кездерінде ұрысып та аламын. Облыстық театрдың тұрақты көрермені - жастар театры. Көрген қойылымдарын өзара талқылап, әрбір туындыға режиссерлық көзқараспен қарайды. Жастар жаман әдетке емес, жақсы жаққа бет бұрғаны қуантады.

Жастардың көпшілігі кино актері болуды армандайды.  Әрине, кино актеры болған жақсы. Бірақ, барлық өнердің басын қосатын - театр. Өйткені, театрдың ішінде  көптеген мамандар жұмыс жасайды. Бізде дауыс қоюшы маманнан бастап, суретші, биші, тігінші де бар. Олардың бәрі актерлер үшін қызмет етеді. Тіпті, режиссерлар да солай. Мәселен, кинода 10 рет дубль жасалып, ең әдемі деген кадр таңдалса, сахнада басқаша. Қазір облыстық әкімшілікке жастар театрын ашу жөнінде ұсыныс тасталды. Егер қолдаса, тұрақты түрде жалақымен жұмыс атқаратын боламыз.

-Театрға көрермендер сирек барып жатады. Бұның себебі неде деп ойлайсыздар?

-Гүлнұр: Бұл мәселе актриса ретінде мені қатты толғандырады. Мысалы, жастар театрының маған түк пайдасы жоқ. Оларсыз да, жұмысымыз жетіп артылады. Жастарды жинау арқылы театрды насихаттасам екен деймін. Менің әлеуметтік желіде окырмандарымның саны аз. «Жастар» театрын құрып, оларға театр туралы ақпарат беріп отырсам, жастар оны желілерге таратып отырса, қаншама халық көреді. Солай өз арамызда қызығушылықты арттыруға жұмыстануымыз қажет. Бұрын жастар театрға көп келмеуші еді. Ал қазір студенттердің өз еркімен келетіндерін көріп жүрміз.

-Әміржан: Жастардың қазір театрға деген көзқарастары өзгерді. Админстратордың да жүйесі жаңарды. Театрдың сыртында лед экран қондырды. Жолда өтіп бара жатырған халық көріп отыруға мүмкіндік алды. Жақында Батыс Қазақстан облысының театрындағы бас режиссер, бірнеше байқаулардың жүлдегері Мұхан Тауманов тағайындалды. Театрдағы мықты спекталдердің бәрі осы режиссердың қолынан шыққан. Енді, театрдың жұмысы жақсы деңгейде көтеріледі деп ойлаймыз.

-Театрдан бөлек, жеке кәсіппен айналысасыздар. Бұны ашуға не себеп болды?

-Гүлнұр: Меніңше, адам заман талабына сай неге икемі болса, соған сай бизнес бастауы керек. Өз басым қолымнан сабақ беру ғана келгендіктен, Атыраудың өнерлі жастарының басын біріктіріп, бойындағы талантын әрі қарай шыңдау мақсатында «Жұлдыздар орталығы» өнер мектебін құрдым. Басында ет қызумен бәріне асығатынбыз. Сөйтсек, бизнеспен айналысу оңай шаруа емес екен. Орталықтың директоры - Әміржан. Ал, мен ұйымдастыру жұмысын жүргізіп отырамын. Болашақта балаларды оқытып қана қоймай, жарыстарға да қатыстырғымыз келеді. Қазір республикалық байқаулармен келісімшарт жасау үстіндеміз. Үш ай сайын ата-аналарға концерт беріп отырамыз. Олар балаларының өнерлеріне тәнті болып қуанады. Орталықта ДЦП-мен ауыратын балалар да бар. Ата-аналары балаларының қолдарына микрофон ұстап, өлең айтқанын көргенде қуаныштан көздеріне жас алып жатады. Біз оларға қарап, үміт сыйлаудың өзі бір қуаныш екенін көреміз..

-Орталықта қандай мамандықтар бар?

-Әміржан: Өнердің барлық түрін қамтыдық. Актер шеберлігі, журналистика, би, сурет, фортепиано, домбыра секілді мамандық түрлерін оқытамыз. Оқытушылар әр саланың үздіктері. Бұл балалардың сабағына еш әсер етпейді. Ата-аналары бізге дән риза. Бір қолайлысы, сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істейміз. Бағасы мамандықтың ауырлығына байланысты 5000-15000 теңге аралығын құрайды. Ал жеке сабақтар: 25000 теңге. Бұнымен қоса, орталыққа орыс, ағылшын тілдерін оқытуды да қосқымыз келеді.

-Театр сахнасында жүргендеріңізге бірнеше жыл болды. Алғаш қалай таныстыңыздар?

-Әміржан: Студент кезімде бізді университеттің актер мамандығының деканы Нұрсауле Сайлауова концерт қоюға жиі шақыртатын. Сондай концерттің бірінде гитарамен өлең айтып, алғаш Гүлнұрдың көзіне іліктім. Нұрсауле апайда «Гүлнұр жақсы қыз» деп мақтап отыратын. Театрдың бетке ұстар азаматы, Асанәлімен бірге иық тіресе бірнеше филімдерге түскен,  Атырауға ғана емес, Республикамызға белгілі Төлеген Қуанышов деген ағайымыз болды. Мен сол ағайымның үйінде тұрдым. Маған үнемі «басқасын білмеймін, келінім Гүлнұр болады» дейтін. Ағай «жеңгесіне көмектессін» деп Гүлнұрды сылтауратып, үйге шақыртып алатын. Бір жағынан, көкеміздің айтқанын тыңдаған боп, үйіне шығарып салып жүріп, Гүлнұрды ұнатып қалдым. (күліп)

-Гүлнұр: Төлеген ағай театрдың бетке ұстар адамы еді. Ол кісінің айтқанын барлығы бұлжытпай орындайтын. Бір күні ағай «қонақ шақырып жатыр едік. Жеңгеңе көмектесші» деп қоңырау соқты. Cөйтсем, бізді таныстырып, табыстырғысы келген екен. «Анаңа барып, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп, бір қойды тастап, сені келін етемін. Тойларыңда мен бас кұда боламын» деп отырушы еді. Тойға дайындалын жүргенде ол кісі бақилық болып кетті.

-Гүлнұр, сізді Әміржан қандай қасиетімен баурай білді?

-Д. Исабековтың «Әпке» драмасында өлең айтатын тұсы бар. Қолына гитарасын алып, Әміржан «құшағың толы қызғалдақ» деп әндете жөнелетін. Артынан бұл ән театрдың гимні секілді болып кетті. Басымыз қосыла қалғанда Әміржанға қолқа салып, осы әнді айтуын өтінеміз. Әміржан- тәрбиелі, қонақжай, бауырмал. Осы қасиеттері мен дауысы арқылы мені өзіне ғашық еткен сияқты. (сәл ұялып)

-Екеуіңіз сахнада, өмірде біргесіздер. Бұл отбасылық мәселелерге әсер етпейді ме?

-Әміржан: Жұрт «бір-бірлерінен жалықпайсындар ма?» деп сұрайды. Меніңше, оның бәрі жай ғана сылтау секілді. Күнде жұмысқа бірге барамыз, бірге қайтамыз. Жұбымыз жазылмай жүргеніміздің өзі бір бақыт.

-Бала тәрбиесіне қаншалықты назар аударасыздар?

-Гүлнұр:  Қазір тұңғышымыз - Аяжан 6 да, Айнамкөз- 3 жаста. Кішкентайымыз ауылда ата-әжесінің қолыңда тәрбиеленуде. Балабақшаға барар жасқа толғанда өзіміздің қасымызға аламыз. Әртіс үйдің емес, түздің адамы ғой. Сондықтан, ата-әжесінің тәрбиесін алғаны дұрыс. Онымен қоса, театрда да барлық актерлардың балаларын театрда қызмет ететін адамдар бағады. Театр - үлкен бір отбасы. Бәрі үшін әр актер, олардың әкесі мен анасы. Біз балаларымызға қатал емеспіз. Өзіміз секілді еркіндікте өскенін қалаймыз.

-Әртістердің жалақысы отбасын асырауға жетеді ме?

-Әміржан: Аллаға шүкір, жетеді. Театрдың ақшасы аз болғанымен, директорымыз үстіне үстемелеп қосады. Басшымыз - біздің екінші әкеміз. Қандай жағдай болмасын, еш көмегін аяған емес. Еш жердің актерлары біздің театрдағыдай көп мөлшердегі жалақыны алмайтын шығар.

-Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіздер...

-Гүлнұр: Жуық арада Түркия елінің Анкара қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Белгілі жазушы Мәлік Отарбаевтың «Баянды махаббат» атты спектакілін қойғымыз келеді. Келесі жылы театрымызға 80 жыл толады. Мерейтой қарсаңында үлкен қарқынмен жұмыс жасау керек. Әзірше, театрда осындай ірі-ірі жоспарлар бар. Ал, жеке өмірімізге келсек, кәсібіміздің ілгері қадам басуына барынша жұмыстанамыз.

 


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.