Какой сегодня день

23 октября

Аман Ерғазиев: "Оператор тойға шықса, өспей қалады"

Ертеректе әншінің дауысын естіп, әнін тыңдаған сәттен-ақ, оны қайта тыңдау үшін радионың өзі жеткілікті болатын. Ал қазір әншінің әнін естіп қана қоймай, оны бейнебаянсыз елестете алмайтын жағдайға жеттік десек, қателеспегеніміз болар. Осы бейнебаянның сапалы болуы тікелей операторға байланысты. Мысалы: көпшіліктің көңілінен шыққан Төреағали Төреәлі мен Ерке Есмаханның "Алло" бейнебаяны бір аптада 1 миллион қарау жинаған болатын. Ендеше, осындай сапалы дүниені түсіріп, көпшіліктің назарына ұсынған Аман Ерғазиев туралы бірі білсе, бірі білмес. Бала кезден қолына камера алып, осы уақытқа дейін отандық әншілердің әндерін бейнебаян арқылы хит қылып, жастардың басын біріктіріп жүрген Аман біздің келесі кейіпкеріміз.

− Әңгімеміздің басында өзіңіз туралы айта кетсеңіз?

− 1991 жылы 30 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келдім. 9 сыныпты аяқтағаннан кейін Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне «техник - программист» мамандығына оқуға түстім. Атырауда операторға арналған мамандық болмағандықтан, амалсыздан осы саланы таңдауға тура келді. Ал менің камераға деген қызығушылығым студент кезімнен басталды. Достарымнан камера сұрап немесе өзімнің ұялы телефоныммен видео түсірумен әуестендім. Уақыт өте келе монтаж бен фотошоп жасауды үйреніп, достарыммен қыдыруды да ұмыттым. Қазір ғаламторда түрлі программалар пайда болды. Мен өзіме керектісін жүктеп алып, күні-түні компьютердің алдынан шықпайтынмын. Осы әуестігімнің арқасында операторлықты үйрендім.

− Ал неліктен клипмейкер болғыңыз келді?                   

− Бұл менің кішкентай қызығушылығымнан ғана туындаған дүние. Жай ғана ұялы телефоннан басталған қызығушылығым осындай үлкен дүниеге айналады деп ойлаған емеспін. Мен түсірген видеоларым жақындарыма достарыма ұнайтын. Олардың мақтау сөздерінен кейін мен әрі қарай өзімді дамытуға жұмыстандым. Алайда, мен бұл жұмысымды әлі күнге дейін мойындай алмаймын. Кәсібіме хобби ретінде қараймын.

− Бір кездері Алматыда қызмет етіп жүрдіңіз. Атырауға келуге не себеп болды?

− Жалпы, Алматыға барып қызмет етемін деген ой мүлде болмады. Бәрі ойламаған жерден басталды. 2013 жылы қаламызда би жарысын видеоға түсірдім. Байқауға Парасат Ибраев келген болатын. Ол кезде Парасатпен тек әлеуметтік желіде ғана дос едік. Менің сол кеште түсірген видео қарап, «Орда» тобына оператор іздеп жатырғандығын айтты. Былай алып қарасаңыз, мен әлі жаспын. Үйренетінім де көп. Әрі сүйікті ісім, екіншіден бала кезімнен бері осы топтың жанкүйерімін. Ойлана келе тәуекел етіп, бағымды сынап көрейін деп шешім қабылдадым. Сол жылдың аяғында «Орда» тобы Атырауға іс-сапармен келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Ерболат Беделханмен кездесіп, 4 күннің ішінде Алматыға баруға келістік. Әрине, бастапқыда Алматыға баруыма ата-анам қарсы болды. «Бұл менің үлкен арманым, сіздерге бос кетіп бара жатпағанымды дәлелдеймін» деп отбасымның батасын алып, жолға аттанбақшы болғанда сырқаттанып қалдым. Арада уақыт өткеннен кейін Парасат қоңырау шалып, Алматыға қайта шақырды. Пойыздан түсе сала «Орда» тобымен кездесуге бардым. Мен келген жылы "Орда" тобының "Жауап бер" әні түсіріліп жатқан. Маған сол клиптің үзіндісін монтаждауға тапсырма берді. Жұмысымды ұнатқаннан кейін "Орда" тобымен жарты жыл бірге қызмет етіп, кейіннен Дастан Оразбековпен жеке жұмыс істей бастадым. Сол кездегі Дастанның "Сезім" атты әніне түсірілген клип менің ең алғашқы ауқымды жұмысым болатын. Клип жарыққа шығып, теледидардан көрсеткен кезде ерекше сезімде болдым. Кішкентай ұялы телефоннан бастаған қызығушылығым осындай дәрежеге жетті. Бұл әншілерден бөлек, Айқын Төлепберген, Төреғали Төрәлі мен бірге қызмет етіп, әндеріне клип түсірдім.  Шамамен, барлығы 14 клиптың авторымын.

Былтыр әкем дүниеден өтті. Атырауда анаммен жалғыз қарындасым ғана қалды. Сол себепті, мен барлық жұмысымды тастап, Атырауға қайтадан оралдым. Қай жанға болмасын, арқа сүйер әкесінен айырылу өте ауыр соққы. Біраз уақытқа дейін есімді жия алмай, аяғымды нық басып, қайтадан жоғарғы көтерілуге ұмтылдым.

− Аман, Атырауға келгеннен кейін не істедіңіз?

− Атырау қаласында жастар форумы өткен. Форумда кәсіпкерлердің дәрісіне қатысып, өзіме керек бірнеше тәжірибені үйрендім. Осы форумның арқасында үлкен жоба бастадым. Әлеуметтік желі арқылы әртүрлі бағытта көрсететін бейне-роликтер түсіру үшін жастардан құралған топ жинақтап «Guwview» жобасын іске қостық.  Қазір бұл құрамда 6 адам бар. Бәрі де өнерлі, талантты жастар. Осындай таланттардың басын біріктіріп, сұранысқа ие болатындай дүние жасағым келді.

− «Guwview»−ді ашуға не түрткі болды?

− Ойымда жүрген жобаның бірі болатын. Өйткені, әлеуметтік желідегі аудиторияны бүкіл әлем пайдаланады. Біздің талантты жастарымыз тек Атыраудың шеңберінде өнер көрсеткенімен, елімізде танымал болуы екі талай. Қазіргі режиссерларға актер іздеу қиын емес. «Инстаграм» желісі арқылы вайнерлерге ұсыныс білдіре алады. Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасауды жөн санадым.

− Неліктен жобаңыздың аты «Guwview» деп аталады?

«Guw» бұл Атыраудың Гурьев сөзінен алынса «view» көз деген мағынаны білдіреді. Атырауға ұқсастырып ат қояр болсақ ,онда жерлестеріміз ғана біздің өнерімізді тамашалайды. Ал басқа облыс бізге жазылмауы мүмкін. Сол себепті, жобаны «Guwview»деп алдық.

− Сіз идеяны қайдан аласыз?

− Идеяны команда болып ақылдасамыз. Әр қатысушы өз ойын ортаға салады. Көшілік идеямыз тұрмыс-тіршілікке қатысты. Біздің басты ерекшелігіміз − көп дайындықпен халыққа сапалы дүние ұсыну.

− Бір жобаны түсіру үшін қанша уақытыңызды жұмсайсыз?

− Осы уақытқа дейін біраз жоба жасадым. Бәрі дайындыққа байланысты. Ең қиын жоба әрі кетсе 3 аптаға созылады. Тәжірибе жинаған сайын сапалы дүние шығаруға тырысамын.

− Бір жобадан қанша табыс табасыз?

− "Guwview" бағдарламасы бойынша әзірге қаражат таппаймыз. Кішкене танымалдылығымыз артқаннан кейін жарнама жасау ойда бар. Ал жеке жұмыстарыма келсек, кем дегенде 30 000-нан басталады. Ең көбі 100-150 мың теңге аралығын құрайды.

− Мысалы, Дастан Оразбековтің клипін қаншаға түсірдіңіз?

− Дастан Оразбековпен біз бірлесіп жұмыс жасадық. Ал Төреғали Төрәлі мен Ерке Есмаханның "Алло" клипін кем дегенде 3 миллионға түсірдік. Алайда, бұл қаражаттың ішіне клипке қызмет еткендердің жалақысы кіреді.

− «Guwview» бойынша жарнама жасауға ұсыныстар түсе ме?

− Түседі. Алайда, біз әзірге оған қарсымыз.

− Неліктен?

− Себебі, бізге сәл де болса, танымалдылық керек. Бізді бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан, шабытымызды шыңдап, әрі қарай жастардың, халықтың сұранысына ие болатын дәрежеге жеткеннен кейін, жарнамамен айналысамыз.

− Қазіргі таңда қайда қызмет етудесіз?

«Байзаар» сауда орталығында жарнама түсірумен айналысамын. Бір кездері тойға шығып, оператор болған едім. Қазір жұмысымды толықтай, халыққа арнадым.

− Табыстың бәрі қазір тойда ғой. Неге той түсіргіңіз келмейді?

− Иә, егер мен той түсірсем, баяғыда байып кетуші едім. Астымда көлік, қалтамда ақша шалқып жүруім де мүмкін. Десе де, мен бір сарында өмір сүргенді ұнатпаймын. Сен тойда тек бір түсірілімді қайталап, монтаж жасай бересің. Қалтаң қалың болғанымен, әрі қарай дами алмайың. Ал маған тың идеялар ойлап тауып, жастардың жалынымен қызықты дүниелер түсіріп, сол бойынша қызмет еткен ұнайды.

− Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

− Ешқашан сынақтарға берілмей алға қадам басып, жұмысымда табысты, отбасыма қамқоршы болу. Ұсақ-түйек дүниені елемеу, ашық жарқын жүру.

− Кімдерді үлгі тұтасыз?

− Көбіне шетелдік режиссерлерді үлгі тұтамын. Мәселен, америкалық кинорежиссер  Джеймс Кэмеронның туындыларын бақылап жүремін. Елімізге келсек,оператор Азамат Дулатовтың еңбегіне ризамын. Отандық кинолар түсіріп, қазіргі таңда Ресей елінде қызмет етуде. Осындай азаматтардың жұмысын бағалаймын.

− Шәкірт тәрбиелейсіз бе?

− Иә, қасымдағы жастардың бәрін шәкірттерім деп айтсам болады. Олар тек вайнға түсіп қана қоймай, қазіргі таңда камераға түсіруді үйренуде.

− Бәсекелестеріңіз көп пе?

− Әрине, бар. Бәсекелестерің болу үшін сенің жұмысың ол адамнан сапалы және мықты болу қажет. Сол кезде олар сенімен жарысатын болады. Осы екі бәсекелес арасында үнемі бір жақ жеңіп отыру шарт емес. Кейде мен жеңем, кейде ол жеңеді. Бәрі жасаған жұмысыңның дайындығы мен сапасына тікелей әсер етеді.

− Неден қорқасыз?

− Жақындарымнан айырылып қалудан және Алла Тағаладан қорқамын.

− Сіз үшін мүмкін емес нәрсе бар ма?

− Бәрі өзіңе байланысты деп ойлаймын. Себебі, кумирыма клип түсіру мен үшін мүмкін емес болып көрінетін. Алайда, мен армандаған дүние орындалды. Сондықтан, талпыныс, ізденіс, арман бар жерде бәрі мүмкін болуы мүмкін.

− Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

− Негізінде, мен клипмейкермін. Десе де, қазіргі таңда жұмысымды толықтай кино әлеміне бұрдым. «Guwview» жобасы бойынша көптеген оқырмандар жинап, отбасымның бақыты үшін адал қызмет ету.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.