Какой сегодня день

23 октября

Әсет Әли: «Арманым ұзақ уақыт өтпей орындалды»

Бүгінде тыңдарманның жүрегінен орын алып жүрген ән де, әнші де жетерлік. Ол қатарда қазақ эстрадасына жаңа леп, жаңа бағыт әкелгендер де, бір ән айтып жұлдыз атанып кеткендер де бар. Ауызы бардың бәрі әнші болған заманда тыңдарманның талабы да сәт сайын жаңарып жатыр. Шын жүйрік топ ішінде танылады десек те, сапалы әндердің жарыққа шығуына дауысыңды ғажайып етіп өңдеп беретін студиялардың атқаратын рөлі зор. Біздің қаламызда да өз ісінің шебері «Аlirecords» студиясының жетекшісі Әсет Әлидің бұл жұмыспен айналысқанына 3 жылдан асқан. Ендеше, жас әншілерді танытқан, көптеген байқаулардың жүлдегері,  «Жылдың ең үздік мәдениет қызметкері» атағының бірнеше мәрте иегері Әсет Әлимен болған сұхбатты оқырман қауымына ұсынамыз.

 Байқаулардан жеңіліп көрмедім

Мен өнерге жастайымнан әуес болдым. Бала кезімде өлең айтып, туысқандарыма өзімше концерт қоюшы едім. Ал, алғаш үлкен сахнаға 12 жасымда  аяқ бастым. 1997 жылы Павлодар қаласында өткен «Бөбек» балалар қорының ұйымдастыруымен «Айналайын» атты фестивалде жеңіске жетіп, Париж қаласына жолдама алдым. Бұл конкурста көптеген мемлекеттер бақ сынасты. Қазақстанның атынан шығып, 3 орын иелендім. Осы сайыстан кейін менің жетістіктерім біртіндеп көбейе бастады. Республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, үнемі орындар иеленіп жүрдім. Мәселен, 2005 жылы елімізде алғаш караоке байқауы ұйымдастырылған болатын. Атыраудан  жеңіп, Алматы каласындағы сайысқа аттандым. Бұнда еліміздің 15 шақты қаласынан қатысушылар көптеп жиналды. Онда Батырхан Шүкеновтың «Отан ана» әнін шырқап, тағы да бас жүлде иелендім. Сол уақытта бір арнаға сұхбат берген кезде журналист: «қолыңызда 1 миллион теңге ақша болатын болса, не істер едіңіз?» деп тосыннан сауал қойды. Мен ойланбастан: «аспаптарымды жинап, студия ашар едім» деп жауап бердім. Шүкір, арманым ұзақ уақыт өтпей орындалды.

Өнер мені өзіне жақындата түсті

Өнерге келуіме нағашыларымның көп септігі тиді. Анамның ағасы әр түрлі аспаптарда ойнап, ән шырқайтын. Мені әрдайым жанынан тастамай, қайда барса да бірге жетектеп ертіп жүрді. 11 сыныпты аяқтағаннан кейін Атырау мұнай және газ институтында (қазіргі университет) бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Өнерді қойып, пайдалы іспен айналысайын деп осы мамандықты таңдаған едім. Алайда, өнер мені өзіне қарай жақындата түсті. Cөйтіп, арманымды арқалап Алматы қаласына аттандым. Бұнда көптеген әншілермен кездесіп, ән жаздырдым. Әндерім арнайы дискігі де шығып тұрды. Вокалды үйрететін арнайы курсты да оқып, музыкалық білімімді әрі қарай шыңдадым.

Студияның атын ұзақ ойландық

Қазіргі өнерде жүрген жандардың көпшілігі Алматыға келіп жатырса,  керісінше мен Атырауға оралдым. Өйткені, қаламыздан көптеген ұсыныстар түсті. Концерттер, шақыртулар жиі болып тұратын. «Қызыма өлең айтуды үйретші» деген секілді өтініштер үнемі айтылған соң, студияны ашуды қолға алдым. Бір жағынан, ән шырқап қана жүрмей пайдалы іспен айналысқым келді. Cөйтіп, бала күнгі арманымды орындап, жеке студиямды аштым. Есімін қоятын кезде достарыммен көп ақылдастым. Ойлана келе, «Alirecords» деп атадық. Бұл жерде Ali - тегім, ал records -  дыбыс жазу деген мағынаны білдіреді.

Студиям ашылғаннан кейін қаламыздағы жас таланттар, жас жұбайлар келіп  тұрды. Менің ең басты мақсатым -  тасада қалып жүрген әншілерді халыққа таныту болатын. Әрине, алғаш ашылған кезде біршама қиындықтар кездесті. Жалпы, студияның жұмысымен Алматыда жүргенде танысқанмын. Өнердегі достарым да қолдау білдіріп, жетіспеген тұстарымды айтып отырады.

Дауысы жоқ адам да әнші бола алады

Студияға қаламыздағы әншілердің көп бөлігі келді. Қазақ эстрадасының әншілері де Атырауға іссапармен келген уақытта ән жаздыртып кетеді. Мысалы, жерлесіміз Бейбіт Қорған, Серік Ибрагимов, Ғаділбек Жаңай секілді достарым келіп, өлеңдерін жаздыртып жүр. Десе де, студияға келген жандардың көбі әншілер емес. Қарапайым адамдар да жиі келеді. Біреуінің ынтасы болса, екіншісінің дауыстары жоқ. Ондай кезде өзіме біраз көмегі тиеді. Себебі, дауысы жоқ адамнан жақсы әнші шығару бұл бізге артылған міндет. Дауысқа эффектілерді қосып, оны әрлеп тазалау да оңай жұмыс емес.

Дауыс жазуда ең бастысы - ынта. Қанша жерден дауыс болғанымен оны өзінің қалауымен айтпаса, ән дұрыс шықпай қалады. Жақында бір жанұя мерейтойларында ән орындағысы келіп, күйеуі әзер көнген көрінеді. Жұбайы өлең айтуға ұялды. Ондай кезде өзің жалғыз қалдырып: «сенің дауысың бар, жақсы айта аласың» деп оны қолдауы қажет. Бір әнді бірнеше рет айту адамға қиындық тудырып жатады. Бұл психологиялық тұрғыдан да қатты әсер етеді. Кейде арнайы жазылған әнге сөз жазып келушілер де бар.  Жас жігіт анасының туған күніне «ана туралы жырды» орындағысы келген. Бастапқыда қобалжыды. «Айта алмаймын» деп келіп, соңында әнді жап- жақсы орындап шықты.

Бұл дауыстарды тазалау әншінің деңгейіне байланысты. Асықпай жасаған жұмыс қашан да өнімді болары анық. Музыка сіңімді бола түсу үшін әнге жаңғырықтарды қосу қажет етеді. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында адамның дауысын 50 пайызға өңдеуге болады. Ал, бір әннің құны: 15000 теңге.

 Студияның жұмысы кәсіпке жатпайды

Жаңғырық болмас үшін студия арнайы қондырғылармен жабдықталған. Керекті техникалар мен құралдарды Астрахань қаласына концерт беруге барған уақытта алған болатынмын. Таңдар кезде бірден қымбат дүниеге жүгінбеген дұрыс. Қайсысын алған тиімдірек, әуелі соны ойластырып аламын. Дыбыстық қондырғыларды Алматыдан әкелдім. Бұның музыкалық терминдері көп. Қазіргі кезде көбі ән жазуда қолданатын «gubase» атты программа дауыстың ырғағын келтіреді. «Veladine» ырғақты нотаға салып тазалайды. Осы секілді шет тіліндегі бірнеше программалармен жұмыс жасаймын. Әрине, мен барлығын бірден меңгере қоймадым. Өнерде жүрген достарымның қол ұшын созуының арқасында біртіндеп үйрендім. Алғашында қателестім. Дұрыс түзей алмай, ән сапалы шықпай қалатын жағдайларда болды. Студияның жұмысы кәсіпке жатпайды. Жұмысыма мен хобби ретінде қараймын. Бастысы - жүрегім қалаған дүниемен айналысудамын.

Өнер - өмірімнің үлкен бір бөлігі

Ешқашан біреуді таңғылдырайын деп ән айтып көрмеппін. Өмірімде өзім қаламаған нәрсені жасамайтыным секілді өнерге де сондай көзқараспен қараймын. Осы жолмен жүріп «бәрі не үшін?» деген сұрақ туып жатады. Ол уақытта өзімді қолға алып, жай ғана «пауза» жасап аламын да, әрі қарай өз жолыммен кете беремін.

Мен қазіргі уақытпен өмір сүремін. Әрдайым ерекше бір істі жасағанды ұнатамын. Кішкентай баламның тәтті қылықтарына тоймай, оның жанынан бір елі ажырағым келмейді. Көңілді жүріп, ыңылдап ән айтпасам жүре алмаймын. Жүрегімнің қалауымен айналысатын адамдардың қатарындамын. Міне, мен - осындай жанмын...

Жалпы, шығармашылығымда жаңалықтар мен жоспарлар көп. Алдағы уақытта мекемелермен келісімшартқа отырғалы жатырмыз. Н.Жантөрин атындағы филармонияда үлкен концертте опера жанрында ән шырқамақпын. Соған қызу дайындық үстіндеміз.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.