Какой сегодня день

30 апреля

«Атырау аруы - 2016»: «Атырау Аруы» менің өмірімдегі алғашқы қадамым

Адам баласы өзінің алдында қандай күтпеген сыйлар, жетістіктер күтіп тұрғанын біле бермейді. Ол аяқ астынан да келіп қалуы мүмкін. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз болса, болашаққа деген қадамы нық, бойындағы сенімсіздікпен күресе білетін, ақылына көркі сай ару. Оның есімі – Ақкүміс Елемесова. Ақкүміс жуырда ғана «Атырау аруы-2016» байқауының жеңімпазы атанды. Байқаудан кейін міндетті түрде «сатып алған» деген қаңқу сөздердің айтылатыны анық. Алайда, Ақкүміспен әңгімелескен бір сағаттың ішінде көріп, мұндай әңгіменің  жел сөз екеніне толықтай көз жеткіздік. Ақкүміс бізге барынша ағынан жарылды, болашақ армандарымен бөлісті. Ендеше, «Атырау аруы 2016» байқауының жеңімпазы Ақкүміс Елемесовамен боған сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.


− Ақкүміс, қош келдің! Жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. Біздің оқырмандарымызға алдымен «Атырау аруына» дейінгі Ақкүміс жайлы айтып берсең...

− Мен 1995 жылы 10 қыркүйекте Атырау қаласында дүниеге келдім. 9 жыл бойы Көбешов атындағы 2 мектепте білім алдым. Отбасымда 6 баланың ортаншысымын. Кішкентайымнан анам сабақтан тыс, қосымша музыка мектебіне берді. Сол мектепте 9-сыныпқа дейін қобыз аспабынан дәріс алдым. Кейін 9-сыныптан соң, Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Өзімнің негізгі арманым дизайнер не заңгер болу еді. Осы қос мамандыққа деген қызуғышылығым да жоғары болды. Колледжді бітіргеннен кейін, мүмкін жоғары оқу орынына осы екі мамандық бойынша тапсырып көрермін деп ойладым. Әрі Алматыда не Астанада оқысам деп армандадым. Алайда, оған жағдайым жететіндей мүмкіндік болмады. Себебі, әкем  9 жыл бұрын дүниеден өтті. Көп балалы отбасы болдық. Қатты қиыншылық көрмесек те, басымыздан талай қиын күндерді өткердік. Жалғыз анама салмақ салғым келмеді. Ақырын ғана 15 жасымнан бастап жұмысқа араласып, анама қолғанат болуға тырыстым.

− Ең алғаш жасаған жұмысыңыз есіңізде ме?

− Әрине, есімдe. 15 жасымнан бастап, үйдің маңындағы шағын ғана дүкенде сатушыға көмекші болып жасадым. Сонымен қатар, мейрамханаларда даяшы да болдым. Колледж оқып жүрген кезімде  бірнеше жұмыстарды жасадым. Колледж бітіргеннен кейін жоғары мамандық алу үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне өзімнің мамандығым бойынша күндізгі бөлімге тапсырғым келді. Алайда, музыка мамандығына жыл сайын грант аз бөлінеді екен. Ақыры қаражат жағынан мүмкіндік болмағасын, сырттай бөлімге құжаттарымды тапсырдым. Қазір сол университеттің сырттай бөлімінде білім алып жатырмын. Колледждегі оқуымды бітіргеннен кейін Алла бұйырып, колледж ішілік оркестрге қобызшы болып жұмысқа қабылдандым. Соған қарамастан, бос жүрмей, қосымша ақша тапсам деген ниетпен кешкісін даяшылық қызметімді жалғастырып жүрдім. Қазір оркестрде жұмыс жасап жатқаныма 3-4 жылдай уақыт болыпты.

− «Мисс Атырау» байқауына қалай келдіңіз, байқау барысында қиыншылықтар кездесті ме?

− Кішкентайымда өте тұйық болдым. Мұндай конкурстарға қатыспақ түгіл, сыныптардағы оқушылармен де онша қатты араласпайтынмын. Музыкада да ансамбльде болғаныммен, айтарлықтай жетістіктерге жете қойған жоқпын. «Мисс Атырау» менің өмірімдегі ең алғашқы қадамым. Негізінен бұл байқау жөнінде 3-4 жылдан бері хабардармын. Әпкелерім де: «Дауысың бар, бойың бар, өнерің бар. Неге қатысып көрмеске?!» деп, ұсыныстарын айтты. Алғашында кастингке барып, қатысып көрдім. Сол кездері оқуым болды, әрі жұмыс жасап жүрдім. Сондықтан, әрі қарай жалғастыруға уақытым тапшы болды. Шыны керек, қатты қызығушылығым да болмады. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытсам да, өз-өзімді  көрсетуге сондай қорқатын болдым. Өз-өзіме деген сенімділігім төмен болды. Тек биыл ғана тәуекел етіп, бағымды сынаймын деп шешім қабылдап көрдім. Жұмысымды шетке ысыра тұрып, кастингке қатыстым. Бірақ жеңемін деген ой түгіл, кастингтен өтемін деген ой да болған жоқ. Себебі, байқауға қатысқан қыздардың барлығы бірінен-бірі өтер пысық қыздар болатын. Бір жағынан «менің олардан қай жерім кем» деген ой да болды. Солай өз-өзімді жігерлендірумен болдым. Бірақ, аса қатты үміт күтпедім. Мен үшін кастингтен өтіп, кішігірім ғана титулды алсам – соның өзі жетістік деп ойладым. Кейде қиялға беріліп, «Мисс Атырау» болып жатқанымды көз алдыма елестетінмін. Ары қарай не болар екен деген қорқыныш та, қобалжу болды. Бір жағынан елестеткеннің өзінде кеудеңді сондай бір қуаныш, бақыт сезімі билейтін еді.

Кастингке қатысар кезде мен ешкімге тіс жармадым. Тіпті анама да. Бұның бәрі біріншіден, «2 кезеңге өте алмай қалсам» деген қорқынышымнан, екіншіден, өткеннің өзінде анама тосын сый болар деген оймен еді. Кейін кастингтен өткенімді естіп, соның өзінде қатты қуанып, өзімді сондай бақытты сезіндім. Кастингке келген 30-40 қызды іріктеу де оңай емес. Бәрі де сұлу, бәрі де ақылды, талантты қыздар болды. Сол үшін де іріктеуден өткеніме қатты қуандым.

− Қыздардың қайсысын мықты қарсылас санадың?

− Кастингте 40 қыздың  20-сын  қазылар алқасы 2 кезеңге өткізді. Дайындық барысында, 20 қызды бәсекелесім деп емес, достарым деп қарадым. Әр қыз жеңіске лайық деп санадым. Бірақ, шыны керек, соның ішінде Избаева Диана мен Назенгалиева Айманды «Атырау аруы» ретінде көремін деген ой болды. Себебі, Айман бұрыннан мұндай конкурстарға қатысып, өз-өзін көрсете біліп жүрген қыз. Ал Избаева Диана әлемдік деңгейде көрініп жүрген ару. Дианамен мен біраз уақыт жұмыстас болдым, тіпті жақын құрбымдай болып кетті. Диана екеуміз бір-бірімізге сендік. Кейде қалжыңдап: «Бас жүлдені не мен аламын, не болмаса сен алуың керек» дейтінбіз.

− Байқаудан кейін «Мисс Атырау» атағын сатып алды» деген қаңқу сөз жиі таралып кетті. Осы жөнінде не айтасың?

− Шыны керек, конкурс алдында хабарласып: «демеуші болайын» деген адамдар да болды. Мұндай ұсыныстардан бірден бас тарттым. Кішкентайымнан анам «Ақ сөйлеп, адал жүр» деп тәрбие берді. Жеңіліс тапсам да, әділ өткенін қаладым. Меніңше, мұндай әңгіме кез-келген конкурстан кейін болатын заңдылық сияқты. Осындай жел сөздерді өзім де естіп жаттым. Бірақ, елдің аузыңа қалайша қақпақ боласың. Мұның бәрінің қандай еңбекпен келгенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әлеуметтік желіде де өз ойын тым дөрекі білдіргендері де болды, қолдағандары да болды. Сол үшін ешкімнің алдында ақталғым келмеді. Бірақ, өзім бірден сағым сына кететін адам емеспін. Мұның бәрін жылы қабылдадым. Себебі, өзім адал жолмен алғанымды жақсы білемін.

− «Мисс Атырау» атанған кезіңізде анаңыз болды ма?

− Анам вахталық жұмыста жасайтындықтан, дәл сол күні жанымда бола алмады. Байқауға дейін қолдау білдіріп, біраз көмектесті. Ал, «Атырау аруы» атанғанымды естіген кезде анам қуанғанынан еңкілдеп жылап жіберді. Анама қосылып мен де жылап...(көзіне жас алып) Қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймын, сондай қатты қуандық. Сол күні анам болмаса да, туыстарым, достарым келіп қуанышымды бөлісіп жатты.

− Байқаудан кейін ұсыныстар түсті ме?

− Әзір ешқандай ұсыныстар түсе қойған жоқ. Бірақ алдағы уақытта бұйырғаны бола жатар.

− «Атырау аруы» болғалы бері, өзіңді көріп, танып жататындар бола ма?

− Болады. Бірақ аса қатты танымалмын деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілерде ғана оқырмандарым көбейіп, күн сайын тілектерін жаудырып жататындар болады. Жауап қайтарып, алғысымды білдіруге тырысамын. Олардың алдында өзімді биік қойғым келмейді. Осы уақытқа дейін қалай қарапайым болдым, сол қарапайымдылығымды сақтап қалғым келеді.

− «Қазақстан аруы» байқауына дайындық басталып кетті ме?

− Жайлап қана бастап жатырмыз. Іріктеуден өткен кезде «Алдағы мақсатыңыз қандай?» дегенде, «Атырау аруынан» өтіп, «Қазақстан аруында» Атыраудың намысын қорғағым келеді деген. Алла тілегімді қабыл етті ме, сол арманым орындалып, алғашқы баспалдақтан да өттім. «Атырау аруы» болғаннан кейін қанша дегенмен де, ел үлкен сенім артады ғой. Сол сенімді аз да болса ақтасам ғой деп армандаймын.

− Кітапты қаншалықты оқисыз?

− Жиі оқып тұрамын. Бірақ, оқыған нәрселерім көп есімде қала бермейді. Қазақ әдебиетіндегі ең  жақсы көретін шығармам -  Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары».  Ал, өзім көбінесе орыс тіліндегі психологиялық кітаптарды оқығанды ұнатамын.

− Өміріңіздегі үлгі тұтар адамыңыз кім?

− Әрине, анам. Сол кісіден үлгі аламын, сол кісіге ұқсап баққым келеді.

− Ал, әкеңіз жайлы естеліктер есіңізде қалды ма?

− Кішкентайымнан өте нәзік болдым. Әкем «Ақ қоян», «Көжегім» деп еркелететін. Балық аулағанды өте жақсы көретін. Өз арасында сыйлы, беделді, әділ азамат болды. Көп кітап оқитын. Үйде бұрыннан келе жатқан шифонер болды. Сол шифонердің іші толы кітап болатын. Тіпті, әр кітаптың бірінші бетінде өзінің тегімен басылған мөр тұратын. Сол үшін де жеке кітапханасы болды деп айта аламын.

Әкем дүниеден өтерінің алдында аяқ астынан күйзеліске шалдығып, ақырында ішімдікке салынып кетті. Көзі тірісіндегі бүкіл өмірі сумен байланысты болған соң, ажалы да судан келді. 2007 жылы інім өмірге келген болатын. 20 күннен кейін әкем де ажал құшты. «Адам нені сүйсе, ажалы да сонымен байланысты болуы мүмкін» дейтін. Мүмкін, рас шығар...

− Бойыңыздағы қандай қасиеттерді бағалайсыз немесе жек көресіз?

− Өте бауырмал адаммын. Адамның бәрін жақын тартып тұрамын. Ешкімді алалап жатпаймын. Екінші қасиетім – ақкөңілмін. Жақсы жағы да бар шығар мүмкін, кейде осы қасиеттердің өзі адамға таяқ боп та тиіп жатады. Бала кезімде тым тұйық болдым. Әр сыныпта бір үндемейтін, ынжық оқушы болады ғой. Дәл сондай болдым (күліп). Сол тұйықтығымды қазір жеңдім деп ойлаймын.

− Жеке өміріңізде жаңалық бар ма?

− Жоқ, әзірге ешқандай жаңалық жоқ. Хабарласып, хат жазып жазатын жігіттер бар. Бұлардың барлығына салқынқандылық танытамын деп айта алмаймын. Табиғатыма ондай мінез жат, өйткені. Бұл тақырыптарды жылы жауып қоюға тырысамын. Ал, әзірге көңілімдегі адамды әлі кездестіре қоймадым.

− Сіздің ойыңызша қазақ аруы қандай болуы керек?

− Қазақтың қызының бәрі сұлу деп жатамыз. Табиғатынан солай. Табиғатынан берген сұлулықты сақтау үшін қыздарға – ибалылық, ұяңдық керек. Сол мінезі арқылы сұлулықтарын сақтап қалса екен деймін. Әр ару «қазақ қызы» деген атқа лайық болса екен.

− Алдағы арман-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз...

− Арманым анама үлкен үй салып бергім келеді. (күліп) Әрине, «Анаңды Меккеге 3 рет арқаңа салып апарсаң да, қарызын өтей алмайсың» дейді. Бірақ, барынша үмітін ақтап, оған қолдау көрсеткім келеді.

Алға қойған мақсатым – «Мисс Қазақстан» байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Атырауымның атын шығарсам ба деймін.

Шынайы сұхбат бергеніңе рақмет, Ақкүміс. Алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз.  


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.