Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Эльза Қалиева кәсіпкер, дизайнер: "Кәсіпті қарыз алмай бастау маңызды"

Эльза Қайыржанқызы  - кішкене  кезінен сурет салып, қуыршақтарға көйлек тіккенді жақсы көретін. Сол кезден бастап сәнгер болуды армандайтын Эльзаның өмір жолы -  бала күнгі армандарды орындаудың ерте-кеші болмайтынына бірден-бір дәлел. Ол бүгінде қаржыгер ғана емес, қаламыздағы өзіндік қолтаңбасы бар жас дизайнер. «Әйел адам үшін отбасының қолдауы маңызды» дейтін кезекті қонағымыз алдағы уақытта киім цехын ашып, кәсібін әрі қарай дөңгелетуді армандайды.

 Халыққа қалтасы көтеретін тауар ұсынғым келді...

Бірде, Стамбул қаласына демалысқа барғанымда түрік бауырларымыздың киім бизнесін қарқынды дамытқанын көріп қатты таңғалғанмын. Шетелден келген саудагерлер болса «киімнің сапасы қандай? үлгісін кім ойлап тапты?» деп бас қатырмастан бірден елдеріне тасып жатыр. Ал оны киіп жүргендердің қатарында біз де бармыз. Елге оралғаннан кейін, ғаламтор арқылы отандық дизайнерлердің киімдерін, тауарларын толық қарап шықтым. Танымал дизайнерлердің өзіндік тұтынушылары болғанымен, қарапайым тұрғындар үшін қымбаттау екен. Содан, «неге маған біздің халықтың қалтасы көтеретін тауар ұсынып көрмеске» деген ой келді. Ұйықтасам да,  тұрсам да өзімнің адамдарға киім тігіп, қуаныш сыйлап жатырғанымды көрдім. Қолымнан келген сияқты...

                                                                 Кәсіпті қарыз алмай бастау маңызды

Индер ауданы, Есбол ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйде өзімнен кейін екі інім бар. Бала кезімнен мектептегі  барлық үйірмелерге қатысып, үнемі алда жүретінмін. (күліп) Ауылдағы көрші-көлемнің бәрі шаш сәндеу, бояну керек болса маған келетін. Ол кезде өзімді шығармашылық адам ретінде өнер саласынан, актриса ретінде көретінмін. Әйткенмен, біз мектеп бітірер уақытта заман қиындап кетті де, өзім армандаған оқуға түсе алмадым. Есепке жүйрік болғасын, оқуды аяқтар сәтте информатика пәнін таңдап, 4 жыл қаржы саласы бойынша бойынша білім алдым. Кейін өмірлік жарымды жолықтырып, тұрмыс құрдым. Дәл бүгінгі күнде дейін қаржы саласында қызмет етсем де, 3 жылдан бері өз ісімді ашып, киім тігуді қолға алсам деген ой маза бермей қойды.

Бұрын соңды жасап көрмеген істі бастау үшін оқу-білім керек. Қалыптасқан тұрмыс-тіршілігің болғандықтан үйден ұзап кете алмайтының тағы бар. Бірақ, «шешінген судан тайынбас» деп, еңбек демалысымды алып, Анар Баянованың ұзақ мерзімді оқуын 2 аптаның ішіне сыйдырып, таңертеңнен кешке дейін киімді қалай тігу керек, үлгісін қалай салу керектігі жөнінде білім алдым. Одан әрі кәсіпті қалай бастау керектігі туралы онлайн курстарға жазылдым. Кәсіпті ашқан кезде қарыз алмай бастау өте маңызды. Өйткені, жоспар іске асады ма, жоқ па білмейсің. Ізденіс үстінде жүріп Миланда тәжірібие алған Белла Сат-Мырза ханыммен танысып, Астана қаласынан стилист-имиджмейкер курсынан өттім. Колористика цветотип адамның келбетіне қандай түстер үйлесетінін оқыдым. Жақында алты айлық киім дизайнына байланысты курсын да бітірдім.

                                                            

                                                 Жанұяңның қолдауы болмаса, кәсіп бастау мүмкін емес

Ең алғаш өзімнің ісімді ашқым келетінін туралы жұбайыма айттым. Өйткені, жолдасым шаңырақ көтерген күнімізден бері менің әр бастамама оң бағасын беріп, қолдау көрсетіп келеді. Бұл жолы да бетімнен қаққан жоқ. Содан 2016  жылдың сәуір айында Алматы қаласынан жаңа үлгіде жасалған, жұмысқа қажетті құралдардың барлығын алып келдім.

Бастауын бастадым. Ал енді қандай киімдер тігем? Бизнес жоспарды қалай құрам деп уайымдаған кездерде алдымнан жақсы-жақсы адамдар шығып, көмек қолын созды.

Басында қиындықтардың болғаны да жасырын емес. Ең бірінші қиындық маман тапшылығы болды. Оқуды жаңа бітірген жас мамандар мен студенттерді жұмысқа алып, бірге жұмыс істедік. Жастардың бір жақсысы уақытпен санаспай ісіне жан-тәнімен беріледі. Алайда, тұрақты, білікті мамандар қажет болды. Қазір шүкір, жаныма білікті мамандарды жинай алдым. Қол астымда 6 қыз жұмыс істейді. Олармен қоян-қолтық араласып үнемі жағдайларын сұрап, жақын адамдарының бірі болуға тырысамын.

Екінші мәселе - қай жерден орын алатыным болды. Жаңадан ашылғандықтан, адам көп жүретін жерден орын алайын десем, қымбат әрі кең орындарының бірі де бос болмады. «Дина» орталығынан әзерге бір орын тапқанбыз. Бірақ, ол да тар болды. Содан «Мұрагер» сауда орталығынан кең орын алдық. Жазға арнап тіккен алғашқы колекциямыз екі айда түгелдей сатылып кетті. Кәсібімді бір арнаға түсіріп, өзімнің клиентімді таптым. Күзде облысымызда өткен «Атырау Аруының» қатысушыларына арнап, күзгі коллекциямызды дайындадық.

Кәсіпті өз күшіммен бастағаныммен алдағы уақытта мемлекеттің жас кәсіпкерлерге көрсетіп жатырған қолдауын пайдалануды ойлап жүрмін. Әрі болашақта киім цехын ашып, үлкейтуде жоспарда бар. Егер мені алғаш ашылған сәтте отбасым қолдамағанда, сізбен бүгін әңгімелесіп отырмас та едік.

                                                                                 

                                                                        Ең алғашқы киімді өзіме тіккем

Бала күнде тіккен киім бір бөлек. Арнайы курстарды аяқтап, киім тіккен бір бөлек. Оқуды бітірген соң өзіме көйлек тігіп алдым. Ол кездегі көңіл-күйім, алған ләззатымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ондай сезімді жеткізетін сөздер де жоқ шығар, сірә (күліп). Сөйтіп, ең алғашқы үш көйлекті өзіме тіктім. Үстімдегі көйлек қасымдағы жандарға ұнап, оң бағасын бергенде өзімнің қате жолда еместігімді түсіндім.

Мен үшін киімнің дизайны мен тігілетін матасының сапалы болуы өте маңызды. Маталарды Эмираттан және Кореядан алып келемін. Тіккен киімдерімнің бағасы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуына да аса мән беремін.

Адамдар көбіне не қалайтынын немесе өзіне не үйлесетінін білмей жатады. Бұл біздің қаланың тұрғындарына дизайнерлік кеңестің жетіспейтіндігінен сияқты. Осыған байланысты жекелеген адамдарға тегін түрде кеңес беруге дайынмын.

                                                           Әлеуметтік желідегі парақшаны өзім жүргіземін

Ғаламтордың өзі бір әлем болған заманда онымен жұмыс істеу өте маңызды. Қазір ғаламтормен жұмыс істеуді де арнайды оқытып жатады. Бұл саладан хабардар болғандықтан «Elza_kz» сән үйінің парақшаларын өзім жүргіземін. Шынымды айтсам, әзірге бұл жұмысты сеніп тапсыратын жанды да жолықтара қойған жоқпын. Жаңа тігілген киімді жариялаған соң оқырмандардан оның матасы, өлшемі жөнінде әр түрлі сұрақтар қойылып жатады. Оған, әрине, менен артық ешкім жауап бере алмайды. 

Әзір үлкен орындарда көрсетілім жасай қойған жоқпын. Тек арнайы фотосесия жасап, әлеуметтік желіге жариялап жүрміз. 

 

                                                                  Қаржыгер екенімді мақтан тұтамын 

Адамдар өзіңнің негізгі жұмысың, отбасың, кәсібің бар. «Бәріне уақытты қайдан табасың?» деп сұрап жатады. Мен үйде дәмді ас дайындап, жолдасы мен балаларының қамын жасайтын ана, жармын. Жұмыста талапқа сай маманмын. Адам жан-жақты болу керек. Өз кәсібімді ашқан кезде менің ісім негізгі жұмысыма кедергі болмайды деген едім. Кедергі болмады. Бастысы жақсы ойлай білуі қажет. 12 жылдан астам қаржы саласында еңбек еткенім арқылы көптеген жақсы адамдармен таныстым, кәсіби тұрғыдан үлкен жетістіктерге жеттім. Қазір үлкен қызым үлкен көмекшіме айналды. Інілерінің сабағын қарап, үй шаруасында маған қолғабыс етеді.

                                                                         Бұл салаға келу маған не берді?!

Үлкен қалаларға қарағанда кішкене қалаларда адамдар бір-бірін танитын, бір-біріне бауырмал боп келеді. Осы тұрғыдан алғанда өзімнің әдемі әрі таза қаланың тұрғыны екенімді мақтан тұтамын. Ал бұл салаға келу маған үнемі ізденіс үстінде жүруді, әр дүниеден әдемілікті көріп, жанымдағыларға да сол сұлулықты сезіндіруге мүмкіндік берді.

Жастарға кеңес:

Адамға ең бірінші өзінің не армандайтынын, не қалайтынын, бойында қандай қабілеттері бар екенін анықтап алу керек. Содан кейін, ештеңеден қорықпай, алдына мақсат қойып, ізденіп, білім алып армандарын жүзеге асыру қажет. Қазіргі ғасыр - оқыған, заманға сай жастардың қоғамы. Сұранысқа ие маман болу үшін көп кітап оқу қажет. Адамға ең қажет қасиет - адалдық. Өзіңе, сосын барып айналаңа адал болуың керек. Бетперде киіп, біреуге ұнау үшін жақсы көрінудің қажеті шамалы.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.