Какой сегодня день

24 июня

Ерболат Қарақойшы: «Продюсерлік орталықта жаңалықтар көп»

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерді біраз шулатқан жерлесіміз, кішкентай Тамырлан туралы көпшілік халық біледі деген ойдамыз. Ол алғаш «Тойға шашу» әнімен танылған болатын. Қазір оның танымалдылығы күннен-күнге артуда. Өнердегі ағалары Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәліге еліктеп, өсіп келе жатырған ол кішкене күнінен бері сахнада өнер көрсетіп келеді. Ендеше, Тамырланның музыкалық продюсері Ерболат Қарақойшымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Тамырлан өнерге қалай келді?

Тамырланның сахнаға аяқ басқанына 3 жылдай уақыт болып қалды. Үлкен сахнаға шығуына анасы Құралай себепкер болған. Алғаш 3 жасында «Айгөлек» фестиваліне қатысып, Гран при иеленді. Бастапқыда екі жылдай патриоттық әндерді тойда, арнайы мерекелерде орындап жүрді. Ал, анасы мені тойда жолықтырғаннан кейін бірге ән жазуға ұсыныс тастады. Тамырланмен танысып, той нұсқасындағы шоу жасағым келді. Сөйтіп, «Тойға шашу» әні дүниеге келген болатын. Бұл авторлық ән емес. Қазір оны Төреғали Төреәлі сахнада орындап жүр. Алты ай бойы осы ән әлеуметтік желілерде біраз хит болды.

«ТТТ» продюсерлік орталығын Төреғали ашып берді

«Тойға шашу» әні біраз таралғаннан кейін, Тамырланмен бірге жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Сөйтіп, жаз айында «ТТТ» продюсерлік орталығын құрдық. Орталықты өнердегі ағасы Төреғали Төреәлі арнайы келіп, салтанатты түрде ашып берді.  Еліміздің 15 мың халқы танитын Төреғали 15 минутын Тамырланға арнап, «Тамырлан, Тәңір тілеуіңді берсін!» деп суретіне қолтаңбасын қалдырды. Ол балаға үлкен шабыт берді. Өнерге деген махаббаты екі есе оянды десе те артық емес. Көбі орталықты Төреғалиға ұқсатып қойған деп ойлайды. Алайда, бұл олай емес. Тамырлан Тілекбаев деп өзінің есіміне сай таңдалынып қойылған еді.

Тойды қойып, сахналық әнге де көше бастадық. Менің әнім мен сөзіме жазылған «Бала тілегі», «Қарттар үйі», «Бір сенің балаңмын» атты әндер дүниеге келді. Әндерді халық жақсы қабылдап, еліміздегі бірнеше сайттарға жарияладық. Жұмысты бастар уақытта Тамырланды халыққа таныту деген жоспар болған. Шүкір, алты айдың ішіндегі нәтиже жаман емес. Атырау халқы Тамырланды таниды десек, қателеспейтін шығармыз.

Тамырланның өнерге деген махаббаты ерекше

Біздің орталықта құжаттарға, келген қоңырауларға жауап беріп отыратын көмекшіміз бар. Жалпы, біздің ұжымда адам көп. Ал, биылғы жылдың ең басты жаңалығы – «ТТТ» би ансамблі жаңа жылдық кеште бірге өнер көрсеткен болатын.

Тамырлан тойда өнер көрсеткенімен, сабағынан қалмайды. Тәртібі, оқу үлгерімі жақсы. Әрине, 10 жастағы балаға екеуін бірдей алып, жүру оңай емес. Сабағынан босаған уақытта вокалға барады. Тойға барып та, демалып та үлгереді. Жұрт: «осы баланың ұйықтайтын уақыты бар ма?» деп жатады. Ниетті адам бәріне де уақыт табады.

Халықтың алдына шыққаннан кейін арнайы күтіммен жүреді. Осындай бағытпен келе жатырғандықтан, баланың болашағы зор деп ойлаймын. Біреулер табыс көзі үшін баласын жұлдыз етіп жатады ғой. Ал, Тамырланның өнерге деген махаббаты ерекше. Әлі талай үлкен биік белестерді бағындырғысы келеді.

«Тойға шашу» - авторлық ән емес

Тамырланның сахналық киімдері басқа қалада тігіледі. Бүгінде әдемі дүние жасаудың өзі ауқымды ақша. Оған қоса, баланың бәсекелестері де көп. Тіпті, біреулерінің Тамырланның атын жамылып алып, «Тойға шашу» әнін орындап жүргенін де көрдік. Бұл әнді 6 айдың ішінде 10 шақты бала айтқан шығар. Алдымызды орап, Тамырланның орнына өздерінің аттарын қойып, «Бұл біздің баланың әні» деп ұрыс шығарған жандар да кездесті. Адам табыс көзі үшін не істемейді? Ақыл айтып, асықпай түсіндіруге тырыстық. Өз әніңді өзің айта алмау, егінді егіп тұрып, көршісі алып алған секілді. Біз көп еңбектендік. Неліктен оның жемісін көре алмауымыз керек?! Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндер минусын ұрлап алады. Өнердің айналасында дау жиі болып тұрады. Бұлар балаға үлкен соққы болып тиюі мүмкін.

Танымалдылықтың сыры - еңбекте

Өзінің шығармашылығында 10 шақты ән бар. Биыл оны әр түрлі стильде жандандырамыз. Біздің танымалдығымыздың сыры - еңбекте. Қазіргі кезде әлеуметтік желі кез-келген жанды танымал етіп жібереді. Біз Тамырланның желідегі әр фотосы мен видеосына мән береміз. Халықтың көңілінен шығу оңайға түспейді.

Анасы баласы үшін көп еңбектенуде. Кез-келген адам өнерде ақша үшін жүрсе, ол бала өспейді, керісінше, өшеді. Танымал еткің келсе, барынша жұмыс жасауың керек. «Он жасында осындай болып жатырса, 20 жасында қандай болады?»  деп жұрттар таңғалып жатады. Біздің болашақтан үмітіміз мол.

Ал әндер түрлі жерде өңделеді. Қазір бұл баланың үйреншікті орны – «Арман» студиясы. Бір әнді жазу үшін бірнеше рет орындауы керек. Ол кішкентай балаға психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Сондықтан, Арман Төлешовпен бірге жұмыс істеп келеміз. 

Биылғы жылдан күтеріміз көп

2017-ге жаңа жоспарлар дайындаудамыз. Алдағы уақытта жаңа әндер жаңаша стильде жазылады. Әрі орталықтың бір күнін түсіру үшін аптасына екі рет вайн-видеолар түсіреміз. Арнаулы әнге клип түсіріліп, Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлімен дуэт құру ойда бар. Қазір екі әншімен келіссөз жүргізудеміз. Жаңа әндер жарыққа шыққаннан кейін шағындау болса да, Тамырланның жеке шығармашылық концертін беруді қолға аламыз. Оған қоса, жаңа жылда «Жылдың жас әншісі» деген атаққа ие болып жатыр. 10 жасар бала үшін бұл деген үлкен жетістік. Бұған ең басты себепкер - Алла, екіншісі - анасы.

                    Композитор деген куәлік алғалы жатырмын                               

Шығармашылығымның өсіп келе жатырғанына бір жылдай уақыт болды. Қазір қазақ эстрадасының әншілеріне ән жазып жүрмін. Мәселен, Серік Ибрагимовтің  «Демалыс», Қуандық Рахымның «Естелік», «Қалайда», «Болайық бірге» әндерінен кейін халық мені тани бастады. Енді Төреғали Төреәлі мен «Меломен» тобының орындауындағы жаңа әндерім өңделу үстінде. Өнерге жаңадан аяқ басқан Қанат Досан, Мейір Қайрат секілді жігіттермен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Бұрын Алматыға барсам деп ойлайтын едім. Ол ойым өзгерді. Себебі, қай жерде екеніңді маңызды емес, ең бастысы еңбек ету керек екенін түсіндім. Бұрын ақын едім. Қазір оған «композитор» деген ат қосылып жатыр. Жақын арада «композитор» деген арнайы куәлік аламын. «Жыл таңдауы» жобасында Қуандық Рахым бірнеше мың халықтың арасында «Қалайда» әнін орындап, шықты. Ауылдан шыққан қарапайым баланың әні Алматының төрінде шырқалып жүргені -  менің өмірімдегі ең үлкен жаңалық.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.