Какой сегодня день

17 октября

Мақсотова Салтанат: «Күз айының топтамасын таныстырамын»

Қазақтың әрбір қызы қолынан іс тіге білу керек деп жатамыз. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз − Салтанат Мақсотова бұл істің һас шебері. Жастайынан тігіншілікке қызыққан бойжеткен бүгінде Атыраудың мықты дизайнеріне айналды. Жас дизайнер өз брендін қалай қалыптастырғанын бізге әңгімелеп берді. 


16 жасымда кәсіпке аяқ бастым

16 жасымда сабақ үстінде отырып, түрлі көйлек киген қыздардың суретін салу менің ермегіме айналған. Қуыршақтарға өзімше әдемі көйлек тігіп те жүрдім. Осы өнерімді анам байқаса керек, 8 сыныпқа көшкенде Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында дизайнерлік мамандығына оқуға берді. Одан бөлек, мектеп сахнасында ән шырқап жүрдім. Өзіме сахнада жүріп, халықпен тікелей жұмыс жасаған ұнайтын. Сондықтан, академияда оқып жүргенде өзімнің нақты кім болатынымды түсіндім. Ал қазір мен Атырау политехникалық институтында автоматтандыру және басқару саласы бойынша білім алудамын. Алайда, мамандығым таңдаған жолыма қатысы болмаса да, жоғары білім алғым келді.

Мектепте оқып жүрген кезімде Max Mara fashion style дүкенінде сатушы болып жұмыс жасап, киім сатып алушыларға үйлесетіндей киім таңдап беріп жүрдім. Халыққа да ұнайтын болды. Бір күні өзімнің дизайныммен тігілген көйлекті жұмысқа киіп бардым. Дүкенге келген клиент менің үстімде киімге қызыға бастады. Содан кейін «егерде менің қолымнан іс тігу келетін болса, мен неге басқа адамдарға жұмыс жасаймын?» деген ой туды. Әрине, алғашында қызығушылықпен бастадым. Кейін өзіме тігілген киімдерді инстаграм желісіне салдым. Кәсібімді бастаған кезде Атырауда енді-енді тігіншілік дамып жатты.

Кәсібім инстаграм желісінде дамыды

Бастапқыда жақсы тігінші болмағанымен, адамдардың маған деген көзқарастары басқаша болды. Алғыстарын білдіріп, сұраныс та көбейді. Инстаграм желісінде түрлі жағымды пікірлер жаза бастады. Демек, әрі қарай мен кәсібімді жалғастырып кете алатыныма сенімді болдым. Тұтынушылар бір жылдай үйге келіп жүрді. Мен қарапайым машинамен жасайтын болғандықтан,  ешкім сен осылай тігесің деп сөкпейтін. Себебі, мен желілерде өзіме үйрену үшін жасап жатырғанымды жиі жазып тұрушы едім.

Алғашында инстаграмда оқырмандарымның саны 1000-нан асты. Белдемше тігіп, желіге салғанымда көбейе бастады. Атырау кішкентай қала ғой. Кәмелет жасқа толмаған қыздың қолынан осындай дүние қайдан келеді деп адамдар қызығушылық танытып, оқырмандарым көбейе түсті.

Алғашында көйлектерді 5500 теңгеден бастадым. Онда келетін табыс та өте арзан. Бастысы, маған пайда болған жоқ. Доллар бағасы көтерілгеннен кейін, маталар да қымбаттай бастады. Маталар  Оңтүстік Корея елінен келеді. Қалған заттарды aliexpress.com сайтынан аламын.

Қалыңдық көйлек тігу мен үшін мәртебе

Қаражатымды жинап, тігін шеберханасын аштым. Шамамен, миллионнан астам қаражат кеткен болар. Бізде қазір 4 тігін машинасы жұмыс істеп, үлкен көлемде жұмыс жасау үстіндеміз. Қарапайым көйлектен бастап, қалыңдық көйлегіне дейін тігеміз. Келінге керек дүниенің бәрі бізде (күліп). 21 жасымда қалыңдық көйлегін тігу мен үшін үлкен мәртебе. Былай мектептердің формасын тіктіру секілді тапсырыстарды алмаймын. Өйткені, мен жаныма жақын дүниелермен ғана айналысқан ұнайды. Егерде тұтынушы ұсынған дизайн маған ұнамаса, тапсырыс қабылдау қиынға соғады.

Маған шабыт беретін тұтынушыларым

Жетістікке жеткен адамдардың өмірбаяны туралы оқып, кино қарағанда үлкен шабыт аламын. Кейде халықтың көңілінен шықпай қалатында жағдайлар кездеседі. Әрине, сені жақтап, кейде даттайтындар да бар. Ондай жағдайда психологиялық тренингтерге барған дұрыс. Адамдардың сөзі үшін өзіңде жегідей жей берсең, жасап жатырған дүниенің бәрі жоқ болуы мүмкін. Сондықтан "ит үреді, керуен көшеді" деп көп нәрсеге мән бермеген дұрыс.

Әлі жас болсам да, қанатымнан қақпай, қолдау көрсететін ата-анама ризашылығым шексіз. Бір істің басын бастарда "қызым, сенікі дұрыс" деген қолдауларының өзі жетеді. Айналамда мен туралы түрлі сөз айтатын жандардың пікірі түкте қызық емес. Себебі, мені қолдайтын ата-анам мен бауырларым бар.

Тұтынушылармен жұмыс жасау қиын

Әрине, кез-келген сатушыға тұтынушымен жұмыс жасау қиын. Өзімнің осы уақытқа дейінгі алған тәжірибеме шүкіршілік етемін. Бір жақсысы, маған келетін жандардың көзқарасы тіптен бөлек. Кейде тұтынушыларым еш себепсіз сыйлық та ұсынады. Ал тұтынушы маған жылы сөйлемей, телефон шалып: «қалай шығып жатыр, қашан бітеді?» деп мазалай берсе де, автоматты түрде қолым жүрмей қалады. Бәлкім, табиғаттың заңдылығы солай шығар.

Ақырындап дамып келетін кәсібімде ешқандай тоқырау болмапты. Бір жанның сөзін көңіліме алып қалып, мұңайып қалатын кездерім болмаса  кәсібімде аса қиыншылықтар кездеспеді.  Мұндай жағдай болса, міндетті түрде кітап оқимын. Мәселен, Наполен Хиллдың: «Думай и богатей», «Вы продавец» секілді кітаптарын оқығаннан соң, менде бәрі өзгеріп сала берген.

Киімдерімді өзім тігемін

Атыраудың қыздары мүлде ашық киінбейді. Көбі жабық, әрі ұзын етікті көйлектерді сұрайды. Бір туындының бағасы: 18 мың теңге болса, қалыңдық көйлектері 100-ден жоғары. Әрбір бойжеткенге марсала, изумруд түстері үйлеседі. Бұл түстер том-томпақ қыздарды арық етіп көрсетеді.

Күнделікті киетін киімдерімді өзім тігіп алып кие беремін. Көйлектер 2 сағаттың ішінде дайында болады. Мәселен, қыз ертең ұзатылайын деп жатырса, бірден маған келеді. Әрине, бетін қайтармай, тігіп беремін. Бастысы, адамгершіліктері жоғары, жақсы ниетпен келсе, мен де жақсы жақсы жұмыс істеймін.

Күз айында жаңа топтамамды таныстырамын

Болашақта атқарар жоспарларым көп. Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Сондықтан, бір жылдың ішінде шеберхана ашсам, келесі жылы басқа дүниені ашуды жоспарлаудамын. Әзірше, бұл құпия болып қалсын. Сондай-ақ, желтоқсан және жаз айында жаңа топтамамды көрсеттім. Ол коллекция 2-3 күннің ішінде өтіп кеткен. Жақын арада атыраулық дизайнерлер болып, күз айының топтамасын халыққа таныстырамыз.

Бұрын маған 150 мың теңге арман болатын болса, қазір де одан жоғарысын армандайсың. Арманның шегі жоқ екен. Бұл менің күнделікті оқитын кітаптарымнан алатын жігерім шығар.

24 сағат уақытымның көп бөлігін жұмысыма арнаймын. Өмірім осы шеберханада өтуде. Далада серуендеп жүргеннен гөрі жұмыс жасаған артық. Өйткені, жастайымнан еңбек етсем, болашағым жарқын болады деп сенемін.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.