Какой сегодня день

30 апреля

Марат Балмырза: "Шығармашыл жанға жаман адам болуға болмайды"

Ақын мен сазгер шығармашылығы бір арнаға тоғысқан сәтте керемет дүние шығатыны сөзсіз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз қазақ эстрадасындағы бірнеше әндердің авторы, сазгер, атыраулық жерлесіміз - Марат Балмырза.


- Атырау қаласында дүниеге келіп, қайнаған өнердің ордасына қалай тап болдыңыз?

- Мен қарапайым отбасылардың бірінде дүниеге келдім. Әкем құрылысшы, анам дәрігер. Менің оқыған мамандығымның шығармашылыққа мүлде қатысы жоқ. Мектепті бітіре сала, Атырау Мұнай және Газ Институтына сырттай оқуға түсіп, Ұлыбритания мемлекетіне барып, тіл үйреніп келдім. Кейін Оксфорд қаласында 3 жылдай маркетолог мамандығы бойынша білім алдым.

Ал Алматының қызу тіршілігіне осыдан 3 жыл бұрын тап болған едім. Ол жерде алғаш банкте, оқу орталықтарында қызмет етіп жүрдім. Шетелден үлкен тәжірибе алып, оқуымды аяқтаған соң, Алматыда жақсы жұмысқа орналасамын деген ой болды. Бірақ, ол ақылға салғандағы дұрыс шешім болатын. Ал жүрек өнер саласын қалады. Мамандығым бойынша жақсы жұмыс табылмады. Жаратқан маған сенің жолын өнер дегендей, ойымдағы жұмысты табу жағынан біраз сәтсіздіктер орын алды. Бәрібір өнер мені өзіне қарай тартып тұрғандықтан, жүрегім қалаған нәрсені ғана жасағым келді. Банкте жұмыс істеп жүрген кезде, түбегейлі кететінімді түсініп, машинамды саттым да жарты ақшасына «Balmyrza Records» атты Алматының төменгі жағынан шағындау дыбыс жазу студиясын ашып алдым. Тұңғыш рет сол студияда жерлесіміз Бейбіт Кушкалиевтің «Ана қамқорлығы» деген ән жазылды. Әуелі әннің әуені келіп, Бейбітке тыңдаттым. Сөзін Қуаныш Қолқаев атты ақын жазған болатын. Бір-екі аптаның ішінде туындыны бітірді. Артынан бірнеше әндерім жарыққа шықты. Шығармашылыққа қарай қадамым сәтті болды деп ойлаймын. Әндерім жерде қалмай, ел құлағына да жетіп жүр. Өзімді танымал немесе толық жетілген өнер адамы деп есептемеймін. Әлі өте көп еңбек ету керек. Өзімнің ортамда сүйікті кәсібіммен айналысып жүрген жандардың бірімін.

- Бала кезіңізден бері өнерге жақын болдыңыз ба?

- Кішкентай кезімде әр нәрсені армандай беруші едім. Мысалы, жақсы бір фильм тамашаласам, өзімді сол кейіпкерге теңейтінмін. Ол спортшы немесе бизнесмен болса, мен де дәл сондай болғым келіп, соны армандап дегендей...

Ата-анамның екеуі де өнерге жаны жақын жандар. Қонаққа бара қалсақ, маған ән шырқатпай қоймайтын. Мектеп қабырғасында жүргенде де көптеген үйірмелерге қатысып, белсенді оқушы болдым. Жан-жақты саланы меңгергім келді. Өзімше ән шығарып, ақын да болдық. Бірақ, өсе келе белгілі бір мамандықты таңдау керек екенін, қай салада жұмыс істесең де, жүрегіңнің қалауын орындаған дұрыс деп түйдім. Тек сонда ғана жұмысыңнан ләззат алып, жетістікке жете алады екенсің.

- Осы уақытқа дейін қанша ән жаздыңыз?

- Шыны керек, санап көрмеппін. Бірақ, біраз әндер жарық көрді. Жақсы көңіл күйде жүрсем, қолымнан гитара немесе күй сандық түспейді. Көбін телефоныма сақтап қоямын. Ішінде мыңдаған ән бар шығар. Оны өзімнен басқа ешкімге тыңдатпаймын.

Қазір жастардың арасында кең танылған Төреғали Төрәлінің «Мадина» атты әні бар. Тағы да екі әнім қазір өңделу үстінде. Өнерде жүрген жақын ағаларымның бірі Ғаділбек Жаңайдың «Орамалым» мен «Қызғанамын» әндері де шықты. Сонымен қоса, танымал продюсер Баян Есентаевамен бірге жұмыс істеу бұйырды. Оның жаңа жобасы «Лашын» тобының орындауында «Үндеме» деген ән жазған едім. Әні менікі, сөзі Құрманай Бақтиярқызы. Талантты, жас әнші Қуандық Рахымның орындауында біраз әндерім де баршылық, соның ішінде "Сенің күлкіңнен аумайды" әнін көпшілік жақсы қабылдады. Қуандықтың музыкалық продюсері ретінде бірге жұмыс істеп келеміз. Ал, жақында Ақбота Керімбекованың орындауында «Сен ғана» атты әнім шыққалы жатыр.

- Әндерді тапсырыспен жазасыз ба?

- Олай жазатын уақыттар өте сирек. Жалпы өзім тапсырыспен жазуды көп қолдай бермеймін. Көбінесе ән шабытпен, жақсы көңіл-күймен келген сәтте жазылуы қажет. Бұрын адамдар нотаға түсіретін, қазір кез келген уақытта ыңылдап жүріп, диктафоныма жазып аламын. Ән жазатын уақытта осы әншіге келеді-ау деген әнімді ғана ұсынамын. Себебі, ұнамай қалып жатса, тауым шағылып қалуы мүмкін. Әр әннің өз әншісін табу да тәжірибемен келетін үлкен қабілет. Көбінесе халықтың көңілінен орын алып жүрген, жүрекпен орындайтын әншілерге ғана сыйлауға тырысамын, әндерімді. Бұл жерде әңгіме тек танымалдылықта емес. Мәселен, кей әншілер әнді жүрекке жеткізіп айтпайды. Одан өзім ешқандай әсер алмағандықтан ба, қанша тырыссам да оларға ән шықпай қоятын кездер де орын алып жатады. Әрбір ән табиғи түрде, шынайы эмоциядан, жүректен шықпаса, туынды алысқа бармайтын секілді.

- Әндеріңіз көбіне қандай уақытта дүниеге келеді?

- Қуандық Рахымның орындауындағы «Өзгермеймін» атты әнім жұбайыма бір ренжіген сәтте туған болатын. Сөздеріне мән беріп тыңдасаңыз, өзіңіз түсінесіз. Әннің тууы ол адамның кез келген эмоциясына байланысты. Ақын да, сазгер де іштен жарып, бір өзінің сәті келген уақытында шығарғаны дұрыс. Менің шабытым әр түрлі уақытта келеді. Шабыт болу үшін шығармашыл жан әрқашан өзін жақсы сезініп, жағымсыз, ұнамсыз сәттердің болмағанын қадағалағаны дұрыс. Қатты қайғыратын, біреумен ренжісіп қалатын кездер шабытқа қатты әсер етеді. Әрдайым жан дүниесі таза болуы керек. Жанындағыларға жылы жүзбен қарап, олардан да жақсы нәрсені ғана көріп, көтеріңкі көңіл күймен жүрсең шабыт та, шығармашылық та өз орнында болады. Себебі, шығармашыл жанға жаман адам болуға болмайды. Ал, жаман адамның ішінен жақсы туынды да шыға қоймайтыны анық.

- Ал сіз шығармашылық тоқырауды қалай жеңесіз?

- Атырауға кетіп қалғанымның өзі де, шығармашылық тоқыраудың бір белгісі шығар. Өйткені, Атырауға келмегелі біраз уақыт өтті. Есейсемде, жанұялы болсам да, туған жеріңді сағынып тұрады екенсің. Екіншіден, бір ортада жүре бермей, орын ауыстырып тұрған жақсы. Осылай жылына бір-екі рет Атырауға келіп тұрамын.  Бұнда еш нәрсемен айналыспаймын. Сол кезде ойымды жинақтап, миымды демалтып аламын.

Кей достарым Алматыға келсең қасқыр болуың керек деп жатады. Анығында қасқыр тірлікте жалықтырып жібереді. Өзінің еркіңнен тыс нәрселерді істеуге тура келіп жатады. Өмір сүргің келсе, соның барлығына да амалсыздан көнесің. Туған жеріме келсем, бәрін ұмытамын. Бұл жерде ештеңемен күресудің қажеті жоқ. Сол себепті, Алматыдан гөрі Атырауым ыстық.

- Қазір Жанна Абуовамен бірлесе жұмыс атқарып келесіздер. Оған дейін сіз қайда болдыңыз?

- 2014 жылы студиямды ашқаннан кейін, көптеген әншілер ән жаздыртуға, өңдетуге келіп тұрды. Атыраулық жас композитор, көптеген хит әндердің авторы Ғалымбек Есімбергеновпен, Ермек Елгезеков ағаларыммен бірлесе жұмыс атқардым. Ермек ағамыздың студиясында жұмыс істеп жатқан уақытта көп істерді атқарамын деп ойлағанмын. Алайда, ағамыздың жақын туыстары өмірден өтіп, мүлде шығармашылыққа қолы тимей кетті. Сүйтіп бір күні Жанна Абуоваға хабарластым. Менімен бірлесе жұмыс атқаруға бірден келісті. Ақырындап Қуандық Рахымды да жанымызға алдық. Біздегі басты мақсат Қуандықты жақсы дәрежеге жеткізу еді. Аллаға шүкір, 3-4 айдың ішінде 20 шақты ән жарыққа шықты. Осы жақында Шымкент қаласында, Сарыағаш аудандарына концерт беріп келгенбіз. Қайда барсақ та, зал лық толы. Әндерін халық бірге шырқап айтып жатыр.

- Жастар арасында кең танылған «Сенің күлкінен аумайды» әні туралы айта кетсеңіз...

- Ол әннің тарихы өте қызық. Жолда келе жатырған уақытта өзімен өзі ойыма орала кетті. Сөздерінде сол әуенге келтіре отырып шығардым. Қуандықпен етене жақын араласа бастаган кез еді. Бірнеше әнімді ұсынып көрдім. Оған бұл ән емес «Өзгермеймін» әні ұнаған болатын. Қайырмасын айтқыза отырып, басқа шумақтары да сол жерде шыға кетті. Сөздері шабытпен келе қалды десе де болады. Кейде шабыт келетін болса, ақын да болып қажет емес екен ғой деп ойлап қаламын (күліп). Алғаш демо версиясын «instagram» желісіне салдық. Ән толықтай шығып үлгермесе де, оны гитарамен орындаушылар көбейіп кетті. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам түсірілген кавер видеолары бар. «Сенің күлкіңнен аумайды» әні Қуандықтың төлқұжатына айналып кетті. Өйткені, қазір Қуандықты айта қалсаң, осы әні арқылы танып жатады.

- Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

- Жақын күндері жақсы жаңалықтарға құлағдар болып қаларсыздар. Ғаділбек Жаңаймен бірге ортақ ән жазып, орындамақ ойымыз бар. Бәлкім, бейнебаян да түсіріп қалармыз.

- Бойыңызда біз білмейтін өнер түрлері бар ма?

- Мектеп жасында техниканы жақсы меңгердім. Компьютерді құрдастарымнан бұрын ең бірінші мен алдым. Оған деген қызығушылығым қатты болды. Ішінде түрлі ойындар мен програмаларды жазып алып, құрылғыларын өзгертемін. Соның арқасында біраз адамдардың компьютерін оңдап, программа қондырып шағын ақша да тауып жүрдім. Қазіргі таңда, әрбір істің бәрі осы техникаға келіп тіреледі. Әнді өндеген кезде де компьютер білгеннің көмегі өте зор. Ол да кішігірім өнерге саналатын шығар.

- Өнерлі боламын дейтін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

- Атырауда өнерлі жастар жетерлік. Олардың бойында сенімсіздіктің аздығы ма, әлде басқа себептен бе Атырауда қалуды дұрыс деп біледі. Нағыз өнердің жолын таңдайтын болса, Алматыға барған дұрыс шығар деп ойлаймын. Себебі расында өнердің ордасы ол - Алматы.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.