Какой сегодня день

24 июня

Медет Байкен: "Қатал басшы болғым келмейді"

Ол жас болса да, бас болып жүрген  арда азамат. Кішіпейілділік пен адамгершілігін  қатар алып жүрген білікті басшы. Қарапайым ғана отбасында дүниеге келіп, қазіргі таңда бір отбасының тірегіне айналған отағасы. Бірнеше жылғы жетістіктерінің арқасында, бүгінде қаламыздағы ең ірі «Байзар» сауда ойын-сауық орталығының басшысы атанып отыр. Ол — жас кәсіпкер Медет Байкен. Жуырда ғана Медет Берікұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ендеше, сол сұхбатты оқырман қауымның назарына ұсынсақ дейміз.

Бала Медеттен, басшы Медетке дейін...

Мен 1991 жылы Ақмола облысына қарасты, Қорғалжын ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем инженер, анам есепші.Алдымда арқа сүйер ағам бар. Үйдің кенжесі болғандықтан, әженің тәрбиесінде тәрбиесінде бала кезімнен ертегі тыңдап, қазақша кітаптары оқып өстім. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскендіктен, мен үшін 5 сыныпқа дейін орыс тілі оңайға соқпады. Бір күні анам кітапханадан тура 12 кітап алып келді де, осыны 3 аптада оқып бітіруді тапсырды. Сол 12 кітаптан кейін тіл үйренуім түзеліп кетті. Жалпы, өзге тілді үйрену үшін сол тілдегі кітаптарды көп оқу қажет. Кейін, бұл әдісті ағылшын, француз, түрік тілдерін үйренгенде де қолдандым.

Астанада Қазақ-түрік лицейін бітіріп, мемлекеттік грантпен Халықаралық Бизнес Академиясының «маркетинг» мамандығына оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп, жастар ісі жөніндегі комитетті басқарып, белсенді болдық. Содан 4 курста университетіміз Францияның Париж қаласына оқуға жіберді. Онда 1 жыл бизнес әкімшілігі мамандығы бойынша білім алдым.

Елге оралып диплом қорғағаннан соң, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маркетинг бөліміне жұмысқа шақыру алдым. Оған дейін де оқып жүріп, қала әкімшілігі, «ҚазМұнайгаз» сияқты әр түрлі мекемелерде маркетинг бойынша тәжірибе өткендіктен, жұмысқа кіріскен күннен етене араласып кеттік. Кейін қызықты деген қосымша жобаларға ат салыстым. Соның бірі - «Life Time» журналы редакторлығым. Бұл журнал аз уақытта Астанада жақсы қарқын алып кетті.

«Хан Шатырда» қызмет етіп жүріп, «Қазмедиа» орталығындағы жобаларға қызығушылық таныттым. Деректі фильмдердің сценарийін жазысып, түрлі бейнебаяндар түсірдік. Хан Шатыр мен Ұлттық арна арасындағы телевизиялық «Ғажайып сәт» жобасын жарыққа шығардық. Сөйтіп жүріп, Итальяндық әнші Сон Паскальмен танысып, бір жарым жыл қызметіме қосымша Паскальдың менеджері болдым. Қазақстаннан бастап, шетелге дейін бірге аралап, 3-4 әннің сөздерін жаздым.

Үйленген соң бірден магистратураға кеттім

Алла қосқан сүйікті жарым Салтанатпен алғаш 8 сынып оқып жүргенде таныстық. Шыны керек, бір көргеннен ұнатып қалдым. Ол қыздар, мен ұлдар лицейінде оқығандықтан, тек сенбі күні ғана кездесетінбіз. Мектеп бітірер тұста екеуміз де Алматы қаласына оқуға түсеміз деп шештік.

Жолдасым отбасында 4 қыздың ортаншысы, оның да ата-анасы мемлекеттік қызметкер. Үлкен кісілер: «Тегі кім?»,«Қандай жердің баласы?» деп сұрап жатады ғой. Біз үшін ол кезде  оның біреуі де қызық болмады. Өзіміздің ортақ қызығушылығымыз бен көзқарасымыз бәрінен маңызды болды. Десе де, Ақтөбелік, кіші жүздің қызы. Мектеп қабырғасында екеуіміз де қазақ тілі олимпиадасына қатыстық. Кейін сол Лондонға магистратураға барар кезде жалғыз кеткім келмеді. Содан ата-анамыздың батасымен, тойымызды өткізіп тура 2 аптадан кейін Болашақ бағдарламасы бойынша Лондон қаласының Брюнель университетіне медиа және байланыс мамандығына оқуға бірге аттандық. Сол жақта еліміздің батыр ұлдары Серік Сапиев, Бақтияр Артаев ағаларымызбен бірге білім алып, елшіліктегі азаматтармен де өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Елімізді өзге мемлекетте сәл де болса таныту мақсатында бәріміз бірлесе бүкіл әлемдегі қазақ студенттерінің басын қосатын «ҚазАльянс»жобасын іске асырдық. Көшбасшымыз Рашид Аюпов болды. Әлі күнге жігіттердің не істеп, жобаның қалай жүріп жатқандығын әлеуметтік желі арқылы бақылап отырамын.

Біз «Байзарды» жарнамалаған жоқпыз

Лондоннан оралатын сәт жақындаған сайын жұмыс беруші барлық сайттарға өзімнің түйіндемемді жібере бастадым. Көп шақыртулардың ішінен Алматы қаласындағы «Шаңырақ менеджмент» компаниясының ұсынысы көңілімнен шығып, елге оралған бойда кездесетін болып келістік. Содан 3 қыркүйек күні Астанаға келіп,  жақындарыммен амандастым да, келесі күні сөмкемді жинап, Алматыға тарттым. Сол жерде еліміздің дамуына үлкен үлесін қосып жүрген азаматтардың қарамағында қызмет істеп келеміз. Алғашында 5 адамға арналған кішкентай кеңседегі үлкен жобаларды көргенде қалай болар екен деп ойладым. Көп ұзамай мұнайлы астанаға тұңғыш рет іс-сапармен келдік. Ұшақтан түссек, тура бізді күткендей ұлттық киімдегі қыздар тұр.  Сөйтсек, біз Елбасымен бір күнде келіппіз. Әуежай, қала бәрі тап-таза, тып-тыныш. Атыраулық достар күтіп алып, қаланы біраз аралатты. Алғашқы байқаған әрі ұнатқан дүнием тұрғындардың барлығы дерлік қазақ тілінде таза сөйлейтіндігі болды. Ал түстен кейін құрылыс орталығына барып, жұмысты өз көзімізбен көрдік.

Біз «Байзарды» мүлдем жарнамалаған жоқпыз. Өйткені бұл жерде халық тарапынан қажеттілік басым болды. Орталықтың ашылуына үш апта қалғанда ғана әлеуметтік желілерден парақшаларымызды ашып едік, адамдар өздері қолдау көрсетті. Ақпарат құралдары мен жарнама агенттіктері де байланысқа өздері шықты. Осыдан-ақ халықтың Байзардың ашылуын күткендігі сезілді. Жалпы, қандай да болмасын сауда ойын-сауық  орталығының қарқынды жұмыс жасап кетуі үшін кемінде 1 жыл қажет. Аты дүркіреп тұрған «Хан Шатыр» болсын, Астанадағы «Керуен» болсын,  қазіргі деңгейіне бір күнде жете қойған жоқ.

Сол сияқты Байзар да жарты жыл ішінде халықтың күткен үмітін толық ақтайды деп сенімді түрде айта аламын. Қазіргі уақытта Байзар сауда-ойын орталығы 40 пайызға ғана жұмыс жасап, 500 ге жуық адамды жұмыспен қамтыса, жыл соңына дейін балалар мен жастарға арналған ерекше түрлі ойын-сауық орталықтар ашылып, қызметкерлер саны 1000-ға жететін болады.

«Food Court-тың» өзі әзір толыққанды жұмыс жасап тұрған жоқ. Бұйырса әлемдік брендтегі тағамдар мен тәттілердің бәрі сол жерде болады. Көбімен келісім шарт жасалып қойғанымен,  әзір аттарын атамаймын. Құпия болсын. Тек бір айтарым барлық ашылатын орталықтардың бағасы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болады. 1 жыл ішіне жасайтын жобалардың тізімі өте көп. Оның ішінде кинотеатр да бар.

Қатал басшы болғым келмейді

Үлкен жобаларда бірінші орында басшының қызметкерлерді дұрыс ұжымдастырып, дұрыс таңдай білуі маңызды. Қателеспейтін пенде болмайды. Тек жұмыста қатесін дер кезінде түсіндіріп, кемшілігін кешіре білу қажет. Егер мен «қатал басшымын» деп, бәрін қызметтен босатып жіберсем, кіммен жұмыс жасаймын?! Бәлкім, басқа елде қатал басшы болуға болатын шығар. Алайда Қазақстанда үлкенді сыйлап, кішіні құрметтесең ғана ісің өніп, жұмысыңда береке болады.

Қоластымда қызмет ететін барлық адамдардың аты-жөнін, отбасын, қай жерде тұратынын тіпті,  бос уақыттарын қалай өткізетіндерін де, әлеуметтік желі арқылы біліп отырамын.

Астана, Алматыдан келген кей қызметкерлер жергілікті халыққа үйренісе алмай кері кетіп қалды. Меніңше адам қай жерге келсе, сол жердің ойын, түсінігін, ережесін қабылдай білуі қажет. Мен туып өскен жердің адамдары мен Атыраулықтар өте қатты ұқсайды. Бізде де адамдар тік, өр мінезді, ойларын ашық айтады. Атырауға осының арқасында бір адамдай оңай сіңісіп кеттім деп ойлаймын.

Күнде өз-өзіммен күресемін

Әр адамның бойында өзіне ұнамайтын қасиеттері болатыны анық.  Менің де ұйқышылдық, еріншектік деген сияқты жағымсыздау қасиеттерім бар. Алайда оларды сүйікті ісіммен айналысу арқылы жеңіп келемін. Бала кезімнен спорттың бірнеше түрімен кәсіби түрде  айналыстым. Ал қазір өзім үшін Жайық жағалауында жүгіріп, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану дағдысын қолданамын. Өміріміздің әр атқан таңын  сынақ деп алар болсақ, күнде өз-өзіммен күресіп, емтиханды барымша жақсы тапсыруға тырысамын.

Адамға өз мамандығы бойынша, өз жүрек қалауы бойынша жұмыс жасау өте маңызды екен. Күнде жұмысқа асыға келемін. Кетуге асықпаймын. Мүмкін, болашақта басқа да салада қызмет жасап көретін болармыз.

Жас кәсіпкерлерге кеңес:

Егер мықты идеяңыз бен талпынысыңыз болса,  кәсіпті ақшасыз-ақ бастауға болады. Өйткені, біздің мемлекетте «кәсіп бастаймын» деген жандарға әртүрлі бағдарламалар бойынша ерекше көмек көрсетіліп жатыр.Мұны өз жобаларында қолданып көрген жан ретінде айтып отырмын. Сондықтан, «кәсіпкер боламын» дейтін жандар болса, барып, қорықпай қолдау табуға болады. Мақсатыңыз айқын болса еш кедергі жоқ. Бізде жаңа бастаған кәсіпкерлеге деген субсидиялар, мемлекеттік қолдаулар кеңінен көрсетілген. Тіпті салықтан да босататын жобалар бар. Ал дамып кеткен елдерде мұндай мүмкіндіктердің біреуі қарастырылмаған. Конкуренция биік.

Кәсіпкер болу үшін Қазақстанның заң мен салық ережелерін жақсы білуіңіз өте қажет. Кәсіпкер болу оңай емес. Егер оңай болғанда адамдардың бәрі кәсіпкер болып кететін еді. Сол үшін адамға ең алдымен арман, ал содан кейін оған жеткізетін жоспар қажет. 


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.