Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Мұратова Әнел: "Соңғы деміңіз қалғанша күресіңіз!"

Олар бір-бірін бір көргеннен ұнатты. Жігіт батыл қадам жасап, таныстықтары әлеуметтік желі арқылы жалғасын тапты. Алғашында бикештің көңілінен шығу бозбалаға оңайға соқпады. Адал сезім мен сенімнің арқасында тез тіл табысқан екеуі ол кезде махаббат хикаяларының кейін әлемге танымал болатынын білген жоқ.

Тағдыр түрі болғанымен, адамға берілетін ғұмыр біреу. Оны қалай кешуді әркім өзі таңдайды. Алайда, Жаратушысының маңдайына жазған бұл сынағын Әнел өзі таңдаған жоқ.

Иә, Әнел жоғарыдан келген сынақпен өмір үшін ұзақ күресті. Жанында Марлен мен жақындары болмағанда жеңері не жеңілері де беймәлім еді.

 Көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танымал болған жерлестеріміз Марлен мен Әнелдің махаббаты бүгінде үлкенге де, кішіге де үлгі. Олардың қалай танысқандары мен бастан кешкен оқиғалары туралы баспасөз бетінде аз жазылмады. Біраз уақыт бұрын Нөмері 7 спикер жобасына сөз сөйлеген Әнел мен Марленнің әңгімесінен көзіне жас алып, толқымаған адам кемде-кем шығар.

Олай болса, болашақта өмір дастанынан кітап жазып шығуды ойлайтын Әнелдің айтқан кеңесін оқырмандарымызбен бөліссек дейміз.


Қиын болса да, берілмеңіз!

Жаратушымның сыйлаған әрбір таңына ризамын. Басымнан өткен қиындықтарды жанымда Марлен болмағанда жеңе алмас едім. Ол талай таңдарын ауруханада тыныштығымды күзетіп, ұйқысыз өткізді. Ауырсынған кездерімде де қиналғанын білдірмеді. Басыма қара бұлт үйірілгенде кей достарым менен сырт айналды. Сол кезде жанымда Марлен болды. Менің сырласым да, мұңдасым да, өмірлік серігім де - Марлен. Ол барда ештене қорқынышты емес.  30 пайыз үмітке мен сенбегенде, ол сенді. "Маған үнемі Алладан дұға тілейік. Мейірімді Жаратушы тілегімізді қабыл алады" дейтін. Расымен тілегіміз қабыл болды...

Қатты ауырған кездерде епкенің күшімен ғана көз ілетінмін. Сондай таңдардың бірінде оянсам, Марлен таң намазында Жаратушыдан «Әнелдің жанын ауырта көрме. Оған өмір сыйлашы. Олсыз мен өмір сүре алмаймын!" деп дұға тілеп тұр екен. Бұл көріністен кейін мен қасық қаным қалғанша өмір үшін күресемін деп шештім.

Жаныңыз ауырып, сіздің  жағдайыңызды ешкім түсінбеуі мүмкін. Азап шегіп, ауа жетпей жылайтын. Тіпті, езілетін уақыттар да болады. Бірақ, ешқашан берілмеңіз. Қиын болса да, алға қарай жүріңіз. Жүре алмасаңыз, еңбектеңіз. Жаңа сенім, күш пайда болмайынша берілмеңіз. Бәлкім, сәл тоқтап, демалып алу керек болар. Тек жеңілмеңіз. Сынағыңыз қандай ауыр болса, марапаты да сондай бағалы болатына сеніңіз. Мен бір жұтым ауа үшін бәрін беруге әзір болдым. Әр күнді "сүйіктімді жоғалтып аламын ба?" деген үреймен атырдым.

Қазір менің бір өкпем мен түтікшелерім жоқ. Жүрегімнің бір жағы ісіп, ішімде темір бар. Тыныс жолымды бітеп тастады. Бұрын қайда барсам да, тастамайтын оттегі балонымен қазір өкпемді күніне бір толтырып аламын. Осының бәріне қарамастан, мен өмірге жаңа келгендей сезімдемін. Жаратушының жаңа өмір сыйлағанына шүкір етемін. Сіздер де Алланың құдіретіне сеніп, соңғы демдеріңіз қалғанша күресіңіздер!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.