Бүгін қандай күн?

19 қараша

Нұржан Өмірбай: «Атырауға келіп, армандарым орындалды»

Әр жазған өлең шумақтарында қынаптан суырған алмаш қылыштай қайсар шабыт жарқ ете қалатын ақындықтың қазақ өнерінде алар орыны ерекше. Алланың берген өнерінің арқасында аламан айтыстан оза шауып, қағаз бен қаламды серік еткен беделді журналист Нұржан Өмірбаев біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Ендеше, жүрекке жететін жағымды сөздерімен көп деген хит әндердің дүниеге келуіне себепші ақымен болған әңгімемізді  назарларыңызға ұсынамыз.

− Нұржан алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз?

− Мен 1990 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат өңірінде дүниеге келдім. Ш.Құбайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетіне журналистика мамандығын тәмамдап, Семейде біраз жыл жұмыс жасадым. Дәл қазіргі таңда «Қазақстан-Атырау» телеарнасында редактор болып қызмет атқарамын. Отбасымда анам, жұбайым және екі балам бар.

− Сіздегі ақындық қасиет кімнен дарыған?

−Ақындық қасиет бұл тәңірдің берген тартуы деп білемін. Төрт ауыз өлең шығара алмайтын қазақтың баласы жоқ шығар, сірә. Әулетіміз өнерге соның ішінде әдебиет пен мәдениетке бір табан жақын. Әкем өлеңнен аздап сыр тартатыны бар. Нағашыларым да айтысқа қатысқан деседі.

− Қалың жұртшылыққа «аламан айтыс» арқылы танымалсыз. Жалпы, айтыс өнеріне қалай келдіңіз?

− Бала кезден айтысқа шығып дағдыландым. Әу баста біздің Тарбағатай ауданында  дәстүрлі оқушылар айтысы өткен болатын. Ол кезде идеология бойынша кез-келген ауылдан кем дегенде бір адам айтысқа қатысуы қажет. Қазақ тілі мен әдебиетке жақын болғаннан кейін, айтысқа ұстаздарым аманаттап жіберді. Айтатын сөзімнің бәрін туған ақын апам жазып беріп, айтыстың ережесімен таныстырды. Айтыс үстінде жаттанды сөзімді айтып, айтысып отырғанмын. Бір мезетте қарсыласым түріме тиісе бастады. Сол кезде намыстанып,табан астында жауап бердім. Содан әпкем де көрерменде бойымда ұшқынды байқап, алауға айналдыруға жұмыстанды. 5 сыныптан бастап, бүгінге дейін айтыстың ауылынан алыстаған емеспін.  

− Шабытты қайдан аласыз?            

− Шабыт әр әдамның санасында әртүрлі сайрап, көңіл-күйімен астасып жатады. Біреу түннен, күннен, мұңнан, қуаныштан, қыздан, жігіттен, жұлдыздан,аспаннан, айдан іздесе, енді бірі жерден іздейді.

− Музаңыз бар ма?

− Көпшілігі музаны қыз кейіпінде деп ойлайды. Әрине, музам бар. Айтыстан бөлек, барлық өлеңдерімдегі музамның бейнесі - сағыныш. Өткен күндер санамда сайрап жатыр. Дәл қазір қарандаш берсе, бәрін суретін салып берер едім. Әрбір сәт естелік. Сондықтан, әрбір сәтті сағынасың. Сіз екеуміз сұхбаттасып отырған кезімізде ертең сағынышқа айналады. Оның өзі маған муза болып шабыт береді.

− Қазіргі таңда «Қазақстан-Атырау» телеарнасында қызмет етудесіз. Неліктен Атырау өңірін таңдадыңыз?

− «Дәм бұйырған жерден қуса да кете алмайсың, дәм бұйырмаған жерге барғың келсе де бара алмайсың» демекші, бір кездері осы Атыраудың ақындарымен айтысып, Атыраудың осал тұсын тауып, тілге тиек етіп, жер қылып жеңгіміз кеп тұратын. Ол кезде Атырауды мұнайға малынып, екінің бірі мұртын мұнаймен майлап, екінің бірінің асқазанында қызыл балық жатыр деген ой болатын. Бәрін балтыры байпағына сыймай жүрген байдың балалары деп елестететінбіз. Қазір халыққа етене жақын болғандықтан, бұл жердің тұрғындарының да өзіндік мұңы бар екенін байқадым. Ақтөбе қаласына емделуге барып, Атырауға қонақ болып келдім. Алғашында Атырауда мемлекеттік қызметкер болып та жұмыс атқардым. Алайда, бұл қызмет мен жүзетін теңіз, мен сүңгитін тұңғиық емес екенін түсіндім. Мемлекеттік қызметші болып, қалам қағаздардың ортасынан өлеңге деген  шабытымды жоғалтып алдым. Сол сәтте ойланып бұл жұмыстан бас тартуға тура келді. Қаны бөлек болса да, жаны бір болып кеткен апаларым, осы «Қазақстан –Атырауды» нұсқап баруымды сұраған болтын. Біраз іс-тәжірибиеден өтіп, бауырмал ұжыммен танысып, тез үйренісіп кеттім. Бастапқы, жалақысыз қызмет етіп, кейіннен еңбегім ескеріліп штатқа ендім.

− Журналисті ақынмен шатастыруға бола ма?

− Журналистикаға ақын болып келу деген болмайды. Десе де, кезінде М.Шахановтар трактор айдап жүріп те ақын болды. Әнұранның авторы Жұмекенде журналист болмады. Ақын болу үшін журналистикаға келіп қалам мен қағазбен дос болуға болады, бірақ ақындықпен емес. Ақын болу үшін ақ жүрек, адал көңіл, шалқыған шабыт, терең ой керек. Содан кейін міндетті түрде шынайылық қажет. Ол үшін журналистиканың қызыл дипломын алудың қажеті жоқ.

− Кімдерді үлгі тұтасыз?

Кез-келген адамнан үлгі алуға болады. Тіпті, адам болып қалыптасу үшін иттен де үлгі алуға болады. Мен үлгі тұтатын адам көп. Алдымен, әкемнің байсалдылығынан, анамның мейірімділігінен, ағаның қамқорлығынан, әпкенің жүрегінің жылылығынан үлгі аламын. Өнер бәйгесінде көп адамдарды үлгі тұтамын.

− Шығармашылықтан бөлек қандай қасиетіңіз бар?

− Бойымдағы Алла берген қасиеттің барлығы шығармашылыққа қатысты. Спортты жақсы көремін, ол да шығармашылық деп білемін. Сурет салу, ән шығару барлығы тікелей шығармашылыққа байланысты. Өнер менің оң жамбасыма сай келетін секілді.

− Өлеңіңіз үшін өзіңізді кінәлаған кездеріңіз болды ма?

− Баяғыда Сәкен Ақсақкиікті жазып ақыр соңында сол бетпақ даладағы Ақсақкиіктей солақай саясаттың кесірінен атылып кетті деп өмірбаянынан оқығанмын. Өзінің өмірбаянын өмірге айналдырды дегендер де бар. Сол қағиданы мен естісем де еш ойламаппын. Жазған дүние өмірге айналады. Сол себепті, дұрыс жазу керек деген ой болмапты. Бала кезімізде көптеген ақындарға еліктеп көрмеген мұңды, қиындықты жазатынмын. Қазір сол кезде жазған өлеңдерім менің бүгінгі сүрінген кезіммен байланысты ма деп те қаламын. Сондықтан, үнемі жарқын дүниені жазу қажет. Жүректен шыққан сөз ол параққа түскен қара сияның дағы ғана емес, ертең алдыңнан күтіп алатын болашағың cияқты. Сондықтан, болашағың жарқын болсын десең, жақсы дүние жазуың қажет. Жазған өлеңдерім үшін өкінген кездерім болды. Студенттік кезде ақша табу үшін еске алу өлеңдерін жазып беруші едім. Сол арнауларды жазғаныма кейде өкінемін. Мысалы: бір адам анасынан айырылып қалады. Ақын ретінде сен өз атыңнан жазу қажетсің. Ал, менің анам тірі. Осындай тұстары қиынға соғады. Туған туысың аман бола тұра бір екі-үш мың теңге үшін  осындай өлеңдер жазуға тура келді...

− Осы орайда ақындарға кешіріммен қараған жөн бе?

− Ақындар басқа өнер адамдарына қарағанда сезімтал келеді. Қазір күліп отырып, Атыраудың аспаны секілді кенет, жылап қалуы мүмкін. Ала-құла сезімдер үшін ақындарды кешірген жөн. Мысалы: Мұқағалидің бір шумақ өлеңдері үшін оның өмірдегі барлық тентектіктерін, бұзықтықтарын, білместіктерін де кешіруге болады. Сол себепті, ақындарға кешіріммен қараған дұрыс болар.

− «Өлең ақынның көңіл күйінің көшірмесі» деп жатады. Сіздің өлеңдеріңіз қаншалықты шынайы?

− Мен соңғы рет өлеңді осыдан 5-6 жыл бұрын Астанада жаздым. Одан кейін өлең жазған жоқпын. Әннің мәтіндерінен басқа...

− Оған не себеп?

− Кез-келген шығармашылық адамның тоқырау кезеңі болады. Ол дүкеннен сатып салып, ата беретін мылтықтың оғы емес. Жүрегің басқа нәрселермен алаңдап, өлеңге өгейсіп қалатын сәттер болады. Қазіргі таңда сол сәттер менің басымнан өтуде. Өнер деген кие кейде, мазалап та жібереді. Тоқыраған сәттердің өзі жойқын жанартау секілді. Жинаған дүниелерім осы Атырау қаласында жарық етіп шығады деп ойлаймын. Дегенмен, Атырауға келгелі біраз әндерім жарыққа шықты. Армандарымда іске асуда. Аллаға шүкір, қызды болдым. Оның қылығының тәттілігі, еркелігі әкенің жүрегін елжіретеді. Экранға шығам деген ескі арманымның есігі ашылды. Атыраудың табиғаты да Ақ Жайығы да, бауырмал батпағы да, ызыңдаған масасы да бәрі менің армандарымның орындалғанымның бейнесіндей. Атыраудың жылылығы мен табиғаты маған керісінше шабыт береді.         

− Көптеген әншілердің әніне сөз жазып олардың хит боуына үлесіңізді қосып жүргеніңізді білеміз. Құпия болмаса бір әніңіздің құны қанша?

− Өлең бұл тауар емес қой. Әркімге әрқалай жазамын. Нақты мынадай ақша қажет деп сұраған емеспін. Өздерінің қалағанын беріп жатқандарда болды. Кей бауырларыма тегін жазып беретін де кездерімде бар. Осылайша, көбіне алғысқа бөленіп жүреміз.

− Әншілер сізден сұрап ала ма? Әлде өзіңіз ұсынасыз ба?

− Көбіне ұсынып жатады. Көптеген әншілердің қайдан естіп сұрайтынын  білмеймін. Десе де, осы әніме сөз жазып беріңізші деп ұсыныс білдіреді. Өзімнің де ұсынған кездерім болды. Әншінің табиғатына қарай жазғанды жөн санаймын. 

− Өзіңізді осы өмірде төрт құбыласы түгел жанмын деп ойлайсыз ба?

− Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» деген жақсы сөзі бар ғой. Төрт құбылаң тең деп ешкім айта алмайтын секілді  Тіпті, алтын тәж киіп, алтын тақтың үстінде отырған патшаның өзі де төрт құбыласы тең деп айта алмаймыз. Өйткені, болжаусыз ертең бар. Бақыттымын, шүкірмін деп тәубені миллион рет айтатын пенденің бірімін. Төрт құбыласы тең адам дүниеде әсте жоқ шығар...

− Бәсекелестеріңіз бар ма?

− Өнер, айтыс бұл тұнып тұрған бәсеке. Егер бәсеке болмаса өнер адамдарының өмірі халыққа да қызықсыз боп қалар еді. Мәдениетті дамытуда міндетті түрде бәсекелесің болуы қажет. Бәсекелестерім бар.

− Мақсатыңыз қандай?

− Басты мақсатым - өлгенше тірі жүріп, ұл қызыма дұрыс тәрбие беріп, ананың ақ сүтін ақтау.

− Артыңыздан ерген жас ақындарға қандай кеңес берер едіңіз?

− Екі-үш көйлек бұрын тоздырған аға толқын ретінде жасағалы жатырған дүниеңізді болашақта демей қазірден бастаңыз. Қайнап жатқан өнер майданының ортасына қорқынышты болса да, еніп кету қажет. Сондықтан, кейінгі толқындарға атаққа емес, абыройға жұмыс жасаса екен деп тілеймін. Абыройлы болсаң атақ артыңнан өз-ақ қуалап келеді. Арзан атақ болмашы баққа бас қатырмаған жөн.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.