Какой сегодня день

17 октября

Шыныбек Рахмашев: «Мен - ғаламтордың адамы емеспін»

Өмірін өнер саласына арнаған жандар қаншама?! Олар сапалы дүниені шығарып, халықтың қошеметіне ие болу үшін талмай, тынбай еңбек етеді. Осындай жандардың бірі − өзін жан-жақты қырынан шыңдап, көпшілікке әр түрлі образды сомдаушы ретінде танылған пародист Шыныбек Рахмашев. Жұлдызы жарық Шыныбек өзінің ерекше қабілетінің арқасында көпшіліктің жүрегінен орын тауып үлгерді десек артық емес. «Бойымдағы дарын нағашыларымнан дарыған» дейтін Шыныбек бізге келіп, біраз шер тарқатқан болатын. Ендеше, әнші, актер, пародист Шыныбек Рахмашевтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

− Шыныбек біздің оқырмандарға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

− Мен 1995 жылы 17 сәуір күні дүниеге келдім. Анамның айтуынша, мен дүниеге келген кезде күн қатты жаңбыр жауып жатыпты. Ата-анам өте қарапайым жандар. Анам − 30 жылдан бері балабақшада қызмет етcе, әкем − қарапайым мұнайшы. Ер жеткенше анамның тәрбиесін алдым. Өзім талай өнерлі жандарды даярлаған Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында актер мамандығы бойынша білім алдым. Бұл саланы әрі қарай Астана қаласындағы "Шабыт" өнер академиясында жалғастырдым.

− "Өнерге келу үшін алдымен оған ғашық болу керек" дейді. Сіз қалай келдіңіз?

− 2007 жылдары анам екеуміз көлік апатына түстік. 1 ай орынымнан тұра алмадым. Көлік апатына дейін өте момын, өзіммен өзім жүретінмін. Көлік апатынан кейін, Алланың сынағы ма екен бойымда қатты өзгерістерді байқалды. Біртіндеп аяққа тұрып, 2008 жылы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына оқуға түстім. Академияға түсуімнің өзі қызық болды. Барлық сыныптастарым тамыз айында емтихан тапсырып, 1 қыркүйек күні оқуға барса, мен 12 қыркүйек күні емтихан тапсыруға бардым. Мектеп директоры Таскарина Долорес апайымыздың алдында Шыңғыс деген ағамның өлеңін мәнерлеп айтып, оқуға қабылдандым. Оқуға түскен соң көптеген мерекелік шараларда жүргізуші болдым. Ән айтып, бірнеше қойылымдар мен киноларда басты рөлдерді сомдай бастадым. Уақыт өте өнерден басқа салаға бармайтынымды түсіндім. Менің өнерге деген махаббатым осылай басталды.

 

− Ал сіздің бойыңыздағы ерекше дарын кімнен дарыған?

− Әрине, алдымен бұл Алланың маған берген үлкен сыйы. Екіншіден, бойымдағы қабілет нағашы жұртымнан дарыса керек. Анам маған жүкті кезінде театр сахнасында қойылымдар ойнаған. Нағашыларымның домбырамен күй шертетін қасиеттері бар. Әр қонақтықтарда өз өнерлерін көрсетіп отырады. Ал, әкем керісінше момын адам.

− Қазіргі таңда көпшілікке пародия жанрымен танымалсыз. Неліктен бұл жанрды таңдадыңыз?

− Негізінен, мен пародияны кішкентай кезімнен салатынмын. Туған туыстарымның көршілерімнің арасында шағын концерт қоятынмын. Мектеп табалдырығында оқып жүрген кезімде әр түрлі мерекелік шараларда пародия салып жүрдім. Кейіннен көңілді тапқырлар клубында да осы өнерімді дамыттым. 2009 жылы Атырау қаласында жайдарманның сахнасында өнер көрсеттім. Осылайша, көптеген мерекелік шараларға қатысып жүрдім. Алайда, белгілі бір пародия жанрын ұстанған жоқпын. 2012 жылы академияны тәмамдап, Астана қаласындағы «Шабыт» өнер академиясына «эстрада- актер» мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кезде осы мамандық алғаш рет ашылып жатқан болатын. Бұл тек актер мамандығын ғана емес, өнердің барлық саласын қамтитын мамандық болды. Оның ішінде осы пародия жанры да бар. Пародияны мерекелік шараларда салып көрсететінім белгілі. Дегенмен, халықтың назарына ұсыну ойымда болған жоқ. Рамазан айының бас жағында Алматы қаласында Таймас Сапарғалиевпен кездесіп, осындай жоба жасауды ұйғардық. Бұл жанр шетелде жақсы дамыған. Ал мендегі басты идея осы жанрды Қазақстанда көрсету болды. Тек қана әншілерге немесе танымал жұлдыздарға емес, әр түрлі мультфильм кейіпкерлеріне де қосуды жөн санадым. Бұл жоба дүниеге осылай келді.

 − Әр образды сомдаған кезде арнайы мамандарға барып сабақ аласыз ба?

− Жоқ, сабақ алмаймын. Мен керісінше көшеде жүргенде немесе түнде ұйықтап жатырған кезде белгілі бір нәрсенің дауысы ойда жоқта ойыма келеді. Не болмаса, бір адамды көріп, оның дауысын естісем, ойымда жатталып қалады. Маған оның дауысы 2-3 күннен кейін немесе бір айдан кейін келіп жатады. Шындығында, бәрі ойламаған жерден болады. Белгіленген адамды саламын деп ойламаймын. Бәрі шабытқа байланысты.

− Сіз "Хан" тобының мүшесісіз. Бұл топ қалай құрылды?

− Топта Монғолия елінен көшіп келген қандас Иса Ауғантай бауырыммен өнер көрсетемін. Астанада жеке студиямыз бар. Көбісі "Хан" тобы деген кезде үстіне сауыт киіп, найза ұстаған топ деп ойлайды. Тобымыздың атын "Хан" деп қазақ халқының 550 жылдығына тұспа-тұс құрылғаннан кейін "Хан" тобы деп қойдық. Бағытымыз әр түрлі. Қоржынымызда қазақтың әндері мен заманауи әндер бар. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін көпшіліктің жүрегінен орын алған "Ақерке, мен сені сүйемін" және "Екі қадам" фильмдерінде біздің саунтректеріміз ойналды.

− Әншісіз, актерсіз және пародистсіз. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді деп жатады. Құпия болмаса қай саладан көбірек қаражат табасыз?

− Негізі шын ниетімен қызмет еткен адамға барлық салада қаражат жеткілікті. Әр адам өзіне жақын саланы таңдайды.  Кез-келген өнерде жүрген адамның өзіндік изюминкасы болу қажет. Мен өзімді осы саламен танымалмын деп айта алмаймын. Өйткені, адамдар жаныма келіп "сен өлең айтатын жігітсің ғой", "студенттік кезде ойнаған бала емессің бе?" деп танып жатады.

− Пародия саласындағы "Өнер қырандары" секілді үлкен театрлардан шақырту болды ма?

− Иә, шақыртулар өте көп келді. Тек "Өнер қырандарынан" емес, басқа театрлардан да ұсыныстар түсуде. Ол жағы әзірге құпия болсын. Алда көптеген жақсы жаңалықтарым бар.

Жалпы, Атырауға келгендегі басты мақсатым − дайындаған жобамды туған қаламда түсіру болатын. Осы күнге дейінгі жобаларым Алматы мен Астанада түсіріліп келді. Ал жаңа туындымды Атырауда түсіруді жөн көрдім. Өйткені, туған жерімді әлемдегі әдемі қалалардың бірі деп есептеймін.

− Сізді өнер адамы ретінде танимыз. Шынайы өмірде қандайсыз?

− Көпшілік ортада көңілді жүремін. Тек бертін келе пародия жанрын бастаған сәттен бастан көп ойланатын болып кеттім. Тіпті, достарымның қасында отырсам да мені түртіп қалмайынша ойға түсіп кетемін. Бір күні пародия түсіріп, қызық болсын деп досыма жіберген болатынмын. Ол барлық желіге тарап кетті. Кейіннен келесі бөлімді  халық сұрай бастады. Содан келесі жобамда кімді саламын, қалай сомдаймын деген ойлардың жетегіне кетіп қала беремін. Жалпы, шын өмірде де  үнемі ізденіс үстінде жүремін. 

− Инстаграм акаунтыңыздағы "Shakenzoo" атауы арнайы өзіңіздің қойған есіміңіз бе?

− Инстаграмдағы атауға айтарлықтай мән бермеген едім. Астана қаласындағы достарым мені "Шаке" деп атайды. Кейіннен оған "Зоо"-ны қостық. "Кензоо" деген тағамға дәм беретін қоспа бар екен. Сол кезде дәл "Шакензоо" есімі үйлесіп кетті.

− Арманыңыз қандай?

− Армандарым көп. Барлығын айтып тауыса алмаймын (күліп). Осы пародия жанрын биік деңгейге көтергім келеді. Тек ғаламтор желісінде ғана емес, үлкен көлемде көрсетуді жоспарлап жүрмін. Сондай-ақ, отандық әртістерге ғана емес, шетелдік азаматтарды да сомдап өздеріне жіберсем деген ойым бар.

− Ер азамат ретінде сіз үшін ең басты мәселе не?     

− Ауыздан шыққан сөзді екі етпей орындап, берген сертте тұра білу.

− Сізді ғаламторға тәуелді жандардың қатарына жатқызуға болады ма?

− Маған көбіне жан-жақтан вайнер ретінде қоңырау шалып, ұсыныстар айтады. Алайда, мен вайнер емеспін. Қолымда актер мамандығының иегері деген дипломым бар. Осы уақытқа дейін мен пародия жанрымен көп жерге барғанымда қабылдамаған болатын. Сол кезде бір жан Таймас екеумізге ғаламторға салып көріңдер деп кеңес берген берді. Ғаламторға салғаннан кейін халықтың қошеметі, қаралымы жоғарылай бастады. Дегенмен, мен ғаламтордың адамы емеспін. Алдағы уақытта пародия жанры бойынша түсірген жұмыстарымды халыққа ғаламтор арқылы таратып, кейіннен телеарнаға беретін ойым бар.

− Қазіргі таңда қайда қызмет етесіз?

− Астана қаласындағы "Жетінші" арнада киноларға, мультфилімдерге дубляж жасаймын. Сондай-ақ, пародия жанры бойынша ізденіс үстіндемін.

 − Үнемі осылай күліп жүресіз бе?

− Иә, көбіне күліп жүремін. Оның ешқандай сыры жоқ. Алайда, ішімде біраз дүние қайнап жатыр. Бәрі Алланың қолында болғандықтан, дүниелік нәрселер үшін көңілді жүрмеу керек деп ойлаймын. Әлемді өзгерту өзіңнен басталғандықтан, Жаратқанның бергеніне риза боп жүру керек.

− Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

− Болашақтың еншісінде атқарылатын жоспарларым өте көп. Алдымен, осы пародия жанрын қазіргі таңда музыкалық бағытта шығарып жатырмын. Енді танымал кинолардың үзінділеріне шығарсам ба деймін. Сонымен қоса, "Хан" тобымен "Ай-Ай жаным" деген  көңілді әнге клип түсіруді жоспарлап отырмыз. Тағы да жағымды жаңалықтар болады. Күтіңіздер.

− Шыныбек, әңгімеміздің соңын өзіңіз үлгі тұтатын ақын-жазушылардың сөзімен аяқтасақ...

− Ұлы ақын Абай Құнанбаев атамыздың өлеңдері жаныма етене жақын. Ең басты мақсатым − арманға сену және соған жету.

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

− Уақыт бөліп, бізбен барынша ашық сырласқаныңызға рахмет. Қазақстанға ғана емес, әлемге әйгілі актер болуыңызға тілектеспіз.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.