Какой сегодня день

30 апреля

Таймас Сапарғали: «Бізде мұнай болғанымен, ақша жоқ екенін қайдан білсін?!»

Кино түсіру, жоқтан бар жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің қаражатымен, талантты жастарды танымал етіп жүрген Таймас Сапарғали.

Біздің оқырмандарымызға өскен ортаңыз, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз...

Мен 1989 жылы Атырау қаласында, Балықшы поселкесінде қарапайым отбасыларының бірінде дүниеге келдім. 9 сыныпқа дейін  №29 мектепте білім алып, кейін Атырау политехникалық колледжінде оқыдым. Білімімді әрі қарай жалғастыру үшін Атырау гуманитарлық университетінде автоматтандыру мамандығына оқуға түстім. Ал отбасыма келетін болсам, әкем Кенжесов Болат бұрын Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің директоры болған. Қазір жеке кәсіпкер. Шаңырағымыздың ұйытқысы анам саудамен айналысады. Өзіммен кейін Балсан, Тәжібақыт атты қарындастарым бар. Балсан менімен бірге «Salem» студиясында жұмыс жасаса, кішкентай қарындасым Тәжібақыт та өзінше өнерге жақын.

Режиссер ретінде өзіңізді қашан таныта бастадыңыз?

Жалпы, біз ерекше жаратылған халық шығармыз. Дипломсыз жұмыс жасай беретін(күліп). Шынымды айтсам, өзімнің мамандығым бойынша әлі күнге жұмыс жасап көрмеппін. Бала кезде әнші болуды армандадым. Мектепке қалай аяқ бастым, солай әкем мені музыкалық мектепке берді. Кішкентай күнімде өзге балалар секілді доп қуалауға уақытым болмады. Тойларға шығып, азын-аулақ ақша таптым. Мектепте белсенді оқушылардың қатарынан табылдым. Концерттерге де жиі шақырып тұратын. 2007 жылы жанымдағы достарыммен бірге «Жарқын» деген топ құрдық. «Күлімдеші» атты әнімізге өзімізше клип түсіргіміз келді. Алайда, қолымызда ақша болмады. Содан, үйдегі үлкен камераны алып шығып, өзім түсірдім. Видео дайын. Енді монтаж жасайтын адам жоқ. Амалсыз өзім монтажерлардың қасында шұқылап жүріп үйреніп алдым. Кейін өзімнің әндеріме клип түсіре бастадым. Үйге ғаламтор қосылғаннан соң, монтаж жасайтын түрлі сайттардан бағдарламаларды қарап үйрендім. Бәрі осындай жәй қызығушылықтан басталған еді.

Сіз түсірген фильмдер қалай дүниеге келді?

Ең алғаш «Жайық жастары» атты фильмін түсіргім келіп, сценарийін жаздым. Уақыт өте «Студенттік кез» деп атын ауыстырдым. Ол уақытта Алматы қаласында «Үміт» атты кино олимпиадалық конкурс өтіп жатты. Байқауға қатысуға өтініш білдірейін десем, кешігіп қалғанмын. Жағдайымды айтып хабарласқан кезде, телефон нөмерімді қалдыруларын өтінді. 3-4 күннен кейін өздері хабарласып, байқаудың уақыты ұзартылғанын айтты. Жарысқа 1 апта қалды. Не істеймін деп ойладым. Алайда, қысқа уақыттың ішіне бәріне де үлгердім. Шыныбек Рахмашов, Нұркен Қожа секілді белсенді жастардың арқасында 3 күнде қысқа метражды фильмді түсіріп, 1 күнде монтажын жасадым. Байқаудың нәтижесі шығар уақытта «Сіздің фильміңіз ұнады. Астанаға келе берсеңіз болады» деп шақыртты. Сөйтіп, Астанаға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссер мамандығының студенттерімен араласып, тәжірибе жинадым. Қарлығаш Мұханбетжанова, Ануар Нұрпейісов сияқты танымал адамдар жұмыстарымды қарады. Мен қысқа метражды фильм номинациясы бойынша бірінші орынға ие болдым. «Қандай камерамен түсірдің? Сценарийін кім жазды?» деп бәрі жабылып сұрақ қойды( күлді).

Атырауға келген соң, "Қазақстан-Атырау" телеарнасынан бағдарлама жүргізуге ұсыныс түсті. Бұрын Алматыдан шыққан «Әзіл студия» деген бағдарламаға ұқсастырып, «Күлкі city» бағдарламасын аштық. Бұл бағдарламаға жастар арасында кең танылды. 2011 жылдың қаңтардан мамыр айына дейін жалғасты.

Жаз айынан бастап, «Студенттік кез» фильмінің  сценарийін жаздым. Бірақ, басында аты олай аталмаған болатын. Фильм түсіріп болғаннан кейін, аты өзгерді. Сырт көзге оңай болып көрінгенімен, біршама қиындықтар кездесті. Микрофонымыз болмады. Әрбір дауысты студияда жаздырттық. Қарап отырсаңыз, фильм аяқталмай қалған. Басында демеуші таба алмағандықтан, интернетке жариялап жібереміз бе деген ой да болды. Әкем «Осы филімді түсіру үшін қанша ай көшеде жүрдіңдер?» деп бізге драма театрды алуға көмектесті. Презентация жасадық, афиша ілдік. Шыны керек, тек ғана туыстарымыз болатын шығар деп ойлаған едік. Бірақ жиналған халық біз ойлағаннан көп болды. Таң қалдық. Еңбегіміздің зая кетпегіндігене қуандық.

Ал «Екі қадам» фильмі ше?

Атыраулық Батырбек Шеркешбаев деген "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі «Менде күшті идея бар. Фильм түсірейік» деп ақылдаса отырып,  сценарий жаздық. Оны да өз қаражатыма түсірдім. Бір күні теледидар қарап отырып, бір бағдарламаны(нақты аты есімде жоқ) көріп қалдым. 5 жылдай арбада таңылып, сол уақытта өзінің бастан өткерген қиындықтарымен бөлісіп отыр екен. Дереу Батырбекке хабарласып, дәл осы өмірде болған оқиғадан, сценарийін ойластырдық. Шыныбек, Батырбек үшеуміз кастинг жасадық. Мелодраманы 20 маусымнан бастап, 3 ай түсірдік. Кей жерлерді рұқсат алу қиынға соқты. Жаңбыр жаудыратын сәттерде, өрт сөндіру қызметтерінің көмегіне жүгіндік. Енді, сол күні шыныменде жаңбыр жаудыра алмадық(күлді). Кішкентай баланың рөлін сомдаған Әлихан тоңып қалмасын деп, зонтик ұстап жүрдік. Тағы да микрофон болмады. Студияға барып, жаздырттық. Музыкасын Ауғантай, Марат есімді жігіттер жазды. Кішкентай секундттары сәйкес келмесе, қайтіп жазуға тура келді. Сөйтіп жүріп, фильмді бітірдік.

Осы фильмді кинотеатрларға ұсынып көрдіңіз бе?

Қазір фильмнің продюсері Нұрболат Ахмедияров кинотеатрларға көрсетуге жұмыстанып жатыр. Өзі кинодағы Ибрагимнің досын сомдады. Түсіріп болғаннан соң, тағы да интернетке жариялап жібереміз бе деген ой да болған еді. Бір жағынан, еңбегіміз зая кетпегенін де ескердік. Алматылықтар «Сендер мұнайлы астанасыңдар. Неліктен кино түсірмейсіңдер?» деп айтып жатады. Бізде мұнай болғанымен, ақша жоқ екенін қайдан білсін?!

Сізге кімдер қолдау көрсетті?

Мынадай адам қолдады деп айта алмаймын. Арнайы түсіретін жерлерде рұқсат алдық. Тек орынға көмектескендер болды. Екі қадам фильм түсіріп болғаннан соң, қала әкімі Н.Ожаев Құрманғазы атындағы мәдениет үйін алып берді. Афиша, плакат, лед экранға шығару үшін Жасұлан Бейсембиев көмектесті.

Кино түсірерде актерларды қалай таңдап аласыз?

«Студенттік кез» түсірерде кастинг өткіздік. «Екі қадамда» басты рөлде  Шыныбек Рахмашов, Нұркен Қожа, Бейбіт Қорғанның қарындасы Бибінұр Қорғанның баласы Әлихан Жетіс ойнады. Әлихан түсірілім кезінде өзінің актерлығына салып, өзгеше ойнап шықты. Ол қобалжу дегенді мүлде білмейді. Басты рөлді сомдаған Шыныбек екеуі бір-бірімен жақсы түсінісе біледі. Сонымен қатар, кастингке үлкен қыздар да келді. Олар жақсы өнер көрсеткенімен, түсірілімде сасып қалды. Көбісі бізде жақсы жағдай жасалған деп ойлайды.

Осы түсірген фильмдерге қандай сын айтылды? Оны қаншалықты көтере білдіңіз?

Кез келген сынды жақсы қабылдай білемін. Журналист Нұрберген Мақымның фейсбук парақшасынан «Екі қадам» туралы жазғанын көрдім. Біріншіден қаражат, күш және сабырлық керек. Сынды әркім әр түрлі айтты. Қарапайым халықтың сынын да тыңдадым. Білмеймін, барлығына ұнаған секілді. «Ақшамды қайтар, бекер келдім» деп айтқан адамды көрмедім(күлді) Тіпті, Нұркеннің анасы «Балама неге андай рөл бердің» деп жылап шықты. Достарымның бірі пышақтап, машина қағып кететін сәтте көзіне жас алып, жүрекке жете білді деп мақтағандар да болды.

Атырауда кино саласы неліктен дамымай жатыр?

Себебі, бізде қолдау жоқ. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, Тимур Бекмамбетов ағамызды, Атыраудан шыққан әншілерді ешкім қолдамаған еді. Мысалы, қаламызда шыққан «Өмірзая» филіміне қаражат табылды. Ал біз түсірейік десек, ешкім қолдамайды. Бизнесмен ағаларымыздан жолға, тамаққа, техниканың жалдауға ғана ақша сұрадық. Облыстық мәдениет бөліміне де бас сұқтық. «Сендердің фильмдеріңді кім қарайды?» деп шығарып салған. Біз бәрі дайын түсіріліп болғанан соң ғана бардық. Тек драма театрды алып беруді өтінген едік. Жарайды, ең болмаса Батыс қазақстандықтардың арасында конкурс өткізсе, қаржылай сыйлық 1 миллион теңге көлемінде болса, біз қалайда жеңуге тырысамыз. Атыраудың кино саласына қызығушылық танытып, түсіргісі келетін жастар баршылық. «Үміт» фестиваліне қатысқаннан кейін, маған ол жарыс  қызығушылығымды оятып, шабыт әкелді. Елімізде қолдау болса, кино саласы жақсы дамыр еді.

Жалпы, қазақ киносына, сериалына қандай баға берер аласыз?

Түрік, Ресей елдерінің сериалдарына жетуге әлі көп уақыт қажет. Идеяның көбісі плагиат. Режиссері мынау, киноның аты мынадай дәл кесіп айта алмаймын. Десе де, көш бара-бара түзеледі деп ойлаймын. Бұрынғы Бауыржан шоудың актеры Әбунасыр түскен филім ұнады. Фильмнің түсіру бағыты көңілімнен шықты. Қазір жастарға арналған сериалдар көп шығып жатыр...

Режиссер мен актерлің бірлігі сіз үшін қаншалықты маңызды?

Бірлігі өте маңызды. Мәселен, режиссер актерға түсіндіріп, актер оны сомдай алмаса, қиынға соғатыны анық. Әр режиссердің өзінің сүйікті әртісі болады. Шыныбекпен ұзақ жылдардан бері бірге жұмыс жасап келе жатырмын. Бір-бірімізді жақсы түсінісеміз. Сценарий жазған уақытта Шыныбекке жақын дүние жазамын. Жалғыз мен емес, режиссердің көбі солай.

Сізге тың идеялар қай уақытта дүниеге келеді?

Демалған кезде немесе достарыммен әңгімелескен кезде шығар. Кино қарағанда, идея тумау керек. Өйткені, фильм банағы киноға ұқсап кетуі әбден мүмкін. Көбіне кадрлерге мән беремін. Тим Бёртонның түсірген кинолары ұнайды. Қазақстандық кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтың киноларын қарайтынмын. Қазір стилі өзгеріп кетіпті. Такси, 30 район секілді филімдер жақсы түсірілген. Қайтіп қарасаң да, жалықтырмайды.

«Өнер адамының болмысы күрделі келеді» деп жатады. Сіздің режиссер ретінде мінезіңіз қандай?

Көп режиссерлар айқайлап отырып, кино түсіреді. Менде ондай мінез жоқ(күліп). Өзі жаңадан үйреніп келе жатырған әртіске айқайласаңыз, ол одан бетер солып қалады. Енді, амалсыздан дауыс көтеретін сәттер де болды. Бір кадрді түсіру үшін, келесі күні басқа жерден түсіруге тура келеді. Бәрі дайын. Сағат болып қалды. Ал енді қарасақ, киімі басқа. Амалсыздан, келесі күнге қалдырдық. Осындай қиын сәттер болса да, соңына дейін шыдап шығуға тырыстық.

Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

Екі сала бойынша жұмыс істеп жатырмын. «Salem» студиясында той түсіреміз, 2 айлық курс өткізу ойымызда бар. Курстың бағасы: 50 000 теңге. Курсты комедия жанры бойынша Шыныбек Рахмашов, драматургиядан Асан Сайлаубеков береді. Сабақтар шілде айынан басталады. 9-16 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Неге қымбат? Өйткені, сабақ қызықты өту үшін кофе брейк ұйымдастырамыз және қысқа метражды фильм түсіреміз. Алдағы уақытта курсты басқа қалаларда өткізу ойымызда бар. Сонымен қатар, студенттер туралы фильмге сценарий жазып қойдым. Уақытын дәл айта алмаймын. Кинотеатрды қоспағанда, 5 миллион теңге керек.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.