Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Тыныш Дүйсешқызы: Өмірім бір-ақ сәтте өзгерді...

Мамандар музыканың мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай әсер ететіндігін ойлап тапқан екен. Ол сөздің шынайлығын «Өмір гүлі» ансамблінің көркемдік жетекшісі Тыныш Дүйсешқызы дәлелдеп жүр. Өйткені, ол өмірге деген құлшынысының арқасында кездескен қиындықтарды мойымай жеңе білді. Талай жылғы еңбегін шәкірт тәрбиелеуге арнап, мүмкіндігі шектеулі жандардан тұратын топ құрды. Ендеше, Тыныш Дүйсешқызының өмір жолына бірге сапар шегіп қайтайық.

 

Мен өзімді мүмкіндігі шектеулі жан деп есептемеймін. Кішкентай күнімде аяғымды ақсаңдап басқаныма қарап, сыныптағы оқушылар мені мазақтайтын. Бірақ , оған сағым сынбай, керісінше мықты болуға тырыстым. Сол кезде есейгенде мүмкіндігі шектеулі жандардан топ құрамын деп алдыма мақсат қойдым...

Бала күнімнен өнерге жақын болдым. Алла Пугачева сияқты атақты әнші болуды армандадым. Анам осы бойымдағы қызығушылығымды байқап, мені пионер жастары ұйымына қосты. Бұл ұйымда домбырадан сабақ алдым. Вокалдан Райсов Оразбай есімді мұғалімім көптеген аспаптарда ойнауды үйретті. Өсе келе музыкамен кәсіби түрде айналысқым келді. Cөйтіп, қаламыздағы №5 орта мектепке аяқтағаннан кейін Құрманғазы мәдениет үйінде жастарының жанындағы ашылған колледжде сатушы мамандығын оқыдым. Осы колледждің арқасында түрлі жарыстарға қатысып, лауреат атандым. Шүкір, қазір менің бала күнімдегі арманымның бәрі орындалды.

Өмірім бір-ақ сәтте өзгерді...

Адам баласы өзінің алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Себебі, әркез тосыннан бір жағдай орын алуы мүмкін. Менің бақытты күндерім кенеттен бақытсыз сәттеріме айналды десе де болатын шығар. Өйткені, 30 жасымда мүгедек боламын деп ойладым ба? Отбасылы болып, тұрмыс құрғаннан кейін өмірім бір-ақ сәтте өзгеріп шыға келді. Бір күні екі баламды балабақшадан алып келе жатып, аяғым суға тайып, жерге құлап түстім. Ол кезде аса бір қатты ауырмаған соң, көңіл аудармай жүре бердім. Бір жыл өткеннен кейін тағы да жығылып қалып, аяғымды баса алмай қалдым. Дәрігер аяғымның буыны шығып кетіп, аурханаға жату керектігін айтты. Бірден мүгедектер қатарына қосылдым... Әрине, бұл жағдай маған ауыр тиді. Өзімді сабырға шақырып, мықты болуға тырыстым. Аурханаларды жағалап,ұзақ жылдар бойы емделдім. Дәрігерлер маған протез салдыруға болатындығын айтып, аяғыма қондырды. Мүлде жүре алмай қалған науқастардың аяғын кесіп те жатыр ғой. Шүкір, Алла мені ондай жағдайға жеткізбеді. Қазірдің өзінде аязды күні мұзды жерлерде абайлап жүруге тырысамын.

Тұңғышымды жер қойнына тапсыру - өмірімдегі ең үлкен соққы

Арада екі жыл уақыт өткеннен кейін 2007 жылы тұңғышым суға кетіп, бақилық болды. Қай ана баласының өзінен бұрын көмілгенін қалайды? Жаныма тұңғышымды жер қойнына тапсыру - өмірімдегі  ең ауыр соққы еді. Қызығушылығым болмай, өмірден түңіліп кеттім. Иә, тірі адам тіршілігін жасайды. Менде аяғыма нық тұрып, армандарымды жүзеге асыра бастадым. Оның бірі - мүмкіндігі шектеулі жандардан тұратын топ құру болатын. Барлығын ысырып тастап, ойымды ақырындап іске асырдым. Сөйтіп, 2009 жылы мүмкіндігі шектеулі жандармен бірлесе «Өмір гүлі» атты ән-би ансамблін құрдым. Қазан айында қарттар мен мүгедектерге арнап, алғашқы концертімізді өткіздік. Бастапқыда 15 адамнан құрылған ансамбль,қазіргі уақытта 40-қа көбейді. Ансамблде 5 -30 жасқа дейінгі балалармен жұмыс жасап келемін. Балалардың әрқайсының диагноздары әр түрлі. Оның үстіне олар өнерге жақын.

Арбада таңылған кішкентай сәби төрт қабырға мен ауруханадан басқа еш жерді көрмейді. Арасында сахнаға шығуды армандайтындар да бар. Міне, менің ең басты мақсатым - оларды жұлдыз ету емес, титтей де болса өмірге деген құлшынысын арттыру. Ал біздің қаламызда мүмкіндігі шектеулі 1200 бала бар. Мен оның барлығына бірдей көмектесе алмаймын. Себебі, олардың жағдайлары өте ауыр. Көбіне ата-аналары мені өздері іздеп келеді. Жаратқан мені бір баламнан айырса, есесіне маған көп баланы тәрбиелеуді нәсіп етті.

                      Сөйлей алмайтын балаға ән айтуды үйреттім          

Біздің құрамда мүлде жүре алмайтын балалар да бар. Оларға аяқтай өзім барып, үйретіп кетемін. Мәселен, 4 жасар Сартайдың тілі шықпаған, жүре алмайды. Тек еңбектеп ғана жатады. Қол аяқтары құрысып қалған кезде оның қай жерінің ауырып отырғанын да біле алмайсың. Ата-ана үшін бұл өте ауыр жағдай екені анық. Бұрын менде ондай науқас түрі кездеспегендіктен, жатып сурет салуды дұрыс деп шештім. Қолына қарындашты ұстатқан кезде, қимылдатқанына өзі мәз болып күледі. Оларға би қимылдарын да үйретпекшімін.

Тағы бір кішкентай Өсер деген баланың туғаннан көзі көрмейді. Оның үстіңе ДЦП-мен ауырады. Өздігінен отырмайды, жүрмейді. Бірақ, әнді қатты жақсы көреді екен. Жаратқан оны көру мүмкіндігінен айырса, бойына ерекше талант берген. Ата-анасының қолдауынының арқасында Өсер ән айтуды үйреніп жүр. Алдағы уақытта сахнаға шығарсам ба деген ойым бар.

Ал Ілияс кішкентай күнінде жол апатына түсіп, басынан зақым алған. Содан бері ол сөйлей алмайды, есте сақтау қабілетінен айрылған. Анасы маған  Ілиясты 3 жыл бұрын әкелген еді. Сол уақыт аралығында оған «Айгөлек» өлеңінің қайырмасын жаттата алмадым. Өзі Қайрат Нұртасты жақсы көреді. Қайраттың бір өлеңін алып, құлағына құлаққапты қыстырып, теледидар арқылы жаттатқыздым. Былтыр жеті жылдық мерейтойымызда Ілияс алғаш рет сахнаға шығып, ән шырқады. Дәрігерлердің көмектесе алмаған Ілиясқа өлең айтқызуды үйреткенде, қуанышымда шек болмады. Жақында байқауға қатысып, жүлделі орын алып келді. Қазылардың сөйлей алмайтын баланың өлең айтқанына өздері де таң қалды. Ілияс қазір аз да болса тілі шығып, 4-5 сөзді айта алатын дәрежеге жетті.

«Жаса» ансамблі - менің мақтаныштарым

Шәкірттерімнің ішіндегі менің мақтаныштарым – «Жаса» ансамблі. Қандай байқауларға қатысса да, жүлдесіз оралған емес. Алғашында бұл балаларды жинап, 3 айдың ішінде бас гитара, барабан аспаптарында ойнауды үйреттім. Менің музыкалық білімім жоқ. Алайда,музыканы білген адам өзі әрі қарай жалғастырып алып кетеді екен. «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты алғашқы фестивалде 2-орынды иеленіп келді. Кейін қатарымызға Ерлан Жұмабев та келіп қосылды. Ерлан ауыр жағдайға түсіп, қазір І топ мүгедегі болып отыр.

Ансамблдің жігіттерінің біреуі үйленді. Қалғандары жұмыс жасайды. Енді кішкентай «Виа жаса» тобын құрып, оларды тәрбиелеу үстіндемін. Сондай-ақ, біздің балалар жыл сайын «Жұлдыз – ай» фестиваліне қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Олардың жарысқа қатысқаны емес, өзге жаққа барып, өнер көрсеткенінің өзі бір төбе. Жол шығындары ата-аналарының мойнында. Бірқатар кәсіпкер азаматтар да қол ұшын созды. Сахналық киімдерді Құрманғазы мәдениет сарайынан аламыз. 

Қазақстан Республикасының спорт шеберімін

Жан-жақты болып өскенімнің арқасында кез-келген істі оңай меңгеріпкете аламын. Шәкірттерім өлең айтып, билей алмаса, қолөнермен айналысады. Бисерден, әр түрлі жіптерден бұйымдар жасаймыз. Жалпы, ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу оңай емес. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау өте қиын. Себебі, ауру балалардың жағдайы менің жүрегіме қатты тиеді. Бір жағынан, осы шәкірттерім болмаса, мен осы күнге де жетпес едім.

Қазір уақытымның көп бөлігін осы шәкірттеріме арнаймын. Бұрын мүгедектер клубында үстел теннисі ойынына баратын едім. Бұл клубқа қабылданғаннан кейін осы спорт түріне деген қызығушылығым басым болды. Екі ай бойы жаттығып, алғашқы жарыстан 2-орынды иелендім. Солай менің теннистен алған жетістіктерім біртіндеп көбейіп, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына дейін көтерілдім. Ең есте қалатыны – 2013 жылы спартакиағада қатысып, алтын медальға ие болғаным. Сол кезде жарыстан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмады. Қатты қуанғанымнан, көзімнен еріксіз жас шықты. Адам алдына қандай мақсат қойса, ол түбі орындалатынына менің көзім жетті. Осы спортқа қатысқан кезде «чемпион боламын» деген мақсатыма жеттім.

Біздің дайындалатын орынымыз жоқ

Қиналған кезде мені демеп, сүйеу болатын - бірге туған бауырларым. Екі жыл бұрын анам өмірден өткенде тағы да түңіліп, ештеңеге зауқым болмады. Әрине, оның барлығы жүрекке ауыр. Шүкір, шәкірттерім мені еш ренжітпейді. Сырқаттанып қалсам, ұлым Асланбек сабақты өзі береді. Қазір Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академиясында білім алуда. Болашақта менің жолымды жалғастыратын болады. Осындай күйбің тірлікпен жүргенде жарыма көңіл бөлмей қаламын. Менің жанымда болып, маған қолдау білдергені үшін оған айтар алғысым да шексіз.

Болашақта әлі атқарар міндеттер баршылық. Бір өкініштісі, біздің дайындалатын орынымыз жоқ. Амалсыздан, оларды үйіме шақырамын. Әрқайсының келетін уақыттары әртүрлі. Сегіз жыл бойы тегіннен-тегін жұмыс жасайды дегенге ешкім сенбейтін шығар. Былай алып қарасақ, ансамблден маған ешқандай пайда келмейді. Олар өздерін қоғамнан шет қалмай, өз орындарын тапқанын қалаймын. Бір орында отырып қалмай, мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық орталығын ашқым келеді. Қазір орталықтың құжаттарын дайындау үстіндемін.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.