Какой сегодня день

24 июня

Жанар Байсемізова: «Журналист мамандығы - қадірменді де, құрметті мамандық»

Журналистің жүрмейтін жері, баспайтын тауы жоқ: оны қаһарлы қыс, қарлы боранда түзде жүрген малшының қасынан да, кең жазира даладан да, егін орған комбайнердің жанынан да, ыстық цех пен терең шахтадан да, космосқа жол салған сайып қыран батырлардың арасынан да кездестіресіз. Қай жерде еңбек адамы болса, сол жерде журналист.  Ол-еңбек адамының жақын досы, сырласы. Журналист үнемі алға қарап,  алысты көздеп, кешеден бүгінді, бүгіннен ертеңді ілгері сапқа қойып, тыным таппай, дамыл көрмей жүреді. Осындай жандардың бірі журналист, «Шетелдегі қазақ балалары»  жобасының авторы, тележүргізуші, продюсер  Жанар Қожақанқызы. Ол кісінің бойындағы қарапайымдылығы мен жан сұлулығы адамды өзіне тура магниттей тартып тұрады. Ендеше, назарларыңызға «Қазақстан-Атырау» телеарнасының бас редакторы, танымал журналист Жанар Қожақанқызымен болған сұхбатты ұсынамыз.


- Жанар ханым, бір сұхбатыңызда өзіңізді жазушы болғыңыз келетінін айтып өттіңіз. Алайда, неліктен журналистика саласын таңдадыңыз?

- Мен журналистиканы жанымдай жақсы көріп, мамандығымды шексіз құрметтеймін. Бұл мамандық мені байытып, жағдайымды түгенденген жоқ. Бірақ, журналистика менің армандарыма жол ашты. Бала күннен армандаған Америкаммен табыстырды. Әлемді аралатты. Шетелге шығып, түрлі адамдармен танысуыма себепкер болды. Әлемнің озық мәдениеті мен әдебиетін танып, тылсым дүниелерді ашуға мүмкіндік туғызды. Мен де есеппен ешнәрсе жасамай мамандығыма қолымнан келгенше адал болдым. Қандай жағдай болмасын, қандай арнада болмасын, бір істі бастасам, соның түбіне жеткенше тыным таппай, бар күшімді соған арнадым. Адам жұмысына үстірт қарап,  ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмеуі керек. Өзімді мамандығын кірлетпей, таза ұстап жүрген журналистердің қатарынанмын деп есептеймін. Мамандығымнан алыстап кеткен кезімде қатты қиналдым, сағындым.  Өйткені, бұл - менің таңдаған жолым. Қазіргі таңда сондай энергиямен, жаңа қарқынмен жұмыс жасап жатырмын.

- Сіз үшін мықты журналист қандай болуы қажет?

-Мықты журналист болу үшін ең алдымен мықты адам болу керек. Өзгелер мойындайтын маман болу үшін еш уақытта өтірік айтпай, өмірлік принцптеріңді аттап кетпеуің қажет. Бұрын біз алғаш журналистикаға аяқ басқанда  алдымен адал болуды, біреудің ала жібін атамау деген дүниелерді  бірінші қоюшы едік. Ал қазір көбі керісінше алдау, арбау, жағымпаздық сияқты жолдармен оңай олжа тапқысы келеді. Меніңше, мұның бәрі өткінші тенденция. Журналист ең бастысы мен мықтымын деген ойдан алыс болуы керек.

- «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторысыз. Жоба барысында қандай қиындықтар болды ?

- Жоба барысында эйфория бітіп, жұмыс процесі болған кезде мен қатты қиналдым. Европада екі айдың ішінде он бес шақты мемлекетті аралап шықтық. Он бес мемлекетпен келіссөз жүргіздік. Сыртқы істер министірлігіне, елшіліктерге ақпараттық қолдау жағынан хаттар көп жазылды. Журналист авторлық бағдарлама жасаймын десе уақыты мен жеке өмірін құрбандыққа шалуға дайын болуы қажет. Сол себепті де, авторлық бағдарламаның жүгі ауыр. Шетелде немесе көрші Ресей мемлекетінде әрбір бағдарламаның жанында үлкен бір ұжым жұмыс істейді. Ал бізде әзірге ондай мүмкіндік жасалмаған. Сондықтан, бағдарламаның режисеры мен операторынан бөлек, продюсер де, сценарист те, жүргізуші де өзім болдым.

Мен Америкаға іс-сапармен барып келгеннен кейін, «енді маған Қазақстанның ішіндегі съемкалар сөз емес, барлығын күліп жүріп жасай салам" деп ойлаушы едім. Сөйтсем, қателесіппін. Сен шетелге тіпті, айға барып келсең де бәрібір барлығын жаңадан бастауың қажет.

- Мына заман - бәсекенің заманы. Жалпы бәсекелестеріңіз көп пе?

- Егер сен ешкімнің көзіне көрінбейтін, еш нәрсеге ұмтылмайтын, тек осы сәтпен өмір сүретін адам болсаң, әрине, сенің бәсекелестерің де, көре алмаушыларың да болмайды. Адамның бәсекелестері ол алға қарай жүріп, оның тасы өрге домалаған кезде пайда болады. Адам бақ деген дүниені біліп, бірақ бақпен таласпаған кезде ғана бақытты болады. Негізінде бәсекелестердің болғаны да жақсы. Олар бізді күшті болуға жетелейді. Адам  өзінің жоспарлап отырған дүниесін, қуанышын ешкімге айтпауы қажет. Сол нәрсе орындалғаннан кейін көрсетуі керек, өйткені, көре алмаушылар көп. Қасиетті Құранда әрбір істің өз көреалмаушысы бар делінген. Мен өзімді керемет таза адаммын деп айта алмаймын. Менің де қателіктерім, кемшіліктерім бар. Сондықтан, мен әлі де сол қателік, кемшіліктеріммен жұмыс істеудемін.  

- Сіз үшін мүмкін емес нәрсе бар ма? Өмірлік принципіңіз қандай?

- Мен Алла Тағаладан  адамдарға біліп, білмей қиянат жасаудан сақта деп сұраймын. Себебі, біз ненің теріс, ненің түзу екенін білмейміз. Жалпы, принципім тура жолмен жүріп, кішкентай ғана дүние істесем де, журналистикада жүргендіктен осы саланың дамуына үлесімді қосу. Өзім меңгерген аз да болса білімді басқа жандарға үйретсем деймін. Ең басты мақсатым адам бол келген соң, адам болып қалу.

- Жалпы, біз сіздің шығармашылығыңыз туралы қалай және қандай жетістіктерге жеткеніңіз туралы білеміз. Алайда, жеке өміріңіз, отбасыңыз туралы ақпарат жоқ. Сол туралы айта кетсеңіз?

- Мен - Алматы облысы Райымбек ауданы, Қарқара ауылында дүниеге келдім. Ол кезде Мұхтар Әуезов өзенінен су ішкен, қазақтар тек жайлауда қоныстанған Қарқара деген киелі мекен. Атақты Шоқан Уәлихановтың өзі сол жермен өткен деген әңгімелерді кішкентай кезімде естіп өстім. Есімді білгелі далаға қараған кезде ең бірінші тауды көретінмін. Әуелі жасыл, одан кейін биік көк таулардың басынан қысы-жазы қар кетпейтін. Бұл көріністердің энергетикасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Отбасында ата-анам мен үш бауырым болды. Бірақ, бір бауырым жиырма үш жасында қайтыс болып,  үшеуміз қалдық. Менен кейін сіңілім және інім бар. Екеуінің де отбасы, бала-шағалары бар.

- Сіз үшін сұхбат жанрының құдіреті неде?

- Сұхбаттың құдіреті - сұрақ қоя білуде.  Егер журналист сұрақ қоя білмесе, ол өзіне қажетті информацияны ешқашан ала алмайды. Сұхбат алып отырған адамының ішкі жан дүниесін де аша алмайды. Сұхбат беруші адам қалай сөйлейді, журналист те солай  сөйлеуі керек. Журналистке түлкінің айлакерлігі, арыстанның айбары, қасқырдың қайсарлығы керек. Журналист өзінің психологиялық энергетикасы арқылы кейіпкерінің жүрегіндегі қобдишасын аша алса ғана - мықты маман.

Қойып отырған сұрағыңа, сұхбатыңа байланысты бағдарламаң өтімді болады. Сұхбатты эмоционалды түрде өткізген жөн. Жасандылықтың қажеті жоқ. Жалпы, телевидениеде жасанды дауысты жасап алуға қарсымын. Адам өмірде қандай, сондай болғаны дұрыс. Мысалы, «шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасын адамдар неге жақсы көреді? Халық менімен кездескенде "сен сондай қарапайым жүргізесің, сенде жасандылық жоқ" деп айтады. Қашан да камераның алдында  жүрегімде не жатыр соны айтып жеткіземін. Керемет ой айтайын немесе әдемі сөз айтуым керек деп талпынған емеспін. Жасандылықтан жаныңызды аулақ ұстағаныңыз абзал. Сонда ғана көрермен сізді және бағдарламаңызды табиғатыңыз үшін шынайы сүйіп көретін болады.

- Сіз “Айтуға оңай” ток-шоуының жетекшісі болғансыз. Қазіргі таңда осы бағдарламамен қандай да бір байланысыңыз бар ма?

- “Айтуға оңай” жобасы ашылған кезде бағдарламаның жетекшісі болдым. Алғашқы бағдарламаларының монтажына, сценарийінің жазылуына, қонақтарының шақырылуының барлығына куәгер болдым. Жобаның жетекшісі болғандықтан, «Айтуға оңайдың» жоғарғы деңгейдегі бағдарламаға айналуына мен де үлесімді қостым. Ол кезде қазіргідей емес, бағдарламаның атын да, затын да жұмыс істеп жүрген журналисттерін де көп ешкім тани бермейтін. Қазір өте атақты еліміздегі мықты ток-шоу форматындағы бағдарлама болды. Бейсен Құранбек ағамның өзі қырыққа келгенде мұндай атақты боламын деп ойламаған шығар. Қазір «Айтуға оңай» бағдарламасына ешқандай қатысым жоқ. Ол бағдарламаға қазір Бейсен Құранбек аға, Әлия Дүйсенова, Самал Мейрам секілді мықты журналистер  бас көз болып жүр. Бұл бағдарлама мен үшін өте ыстық.

- Қазіргі таңда «Қазақстан-Атырау» телеарнасында қызметтесіз. Жалпы, кадрларды қалай таңдайсыз?

- Мен менеджмент басқару ісіне байланысты ешқандай білім алған жоқпын. Бірақ, осының барлығы маған тәжірибе арқылы келді. «Қазақстан-Атырау» телеарнасы - маған ең үлкен мектеп тәрізді. Мен бұл телеарна ұжымдарын өте қатты құрметтеймін. Қаншама адам сол жерде жұмыс істейді. Маған дейін де ол жерде өз ісінің білгір майталмандары қызмет еткен. Аталмыш өңірдің бүкіл ақпараттық аурасын, жаңалығын көрсетіп жүрген осы телеарна. Ал менің алдыма  келген журналисттің әуелі сөз саптауына, киім үлгісіне, ойлау қабілетіне, қайда қызмет еткеніне басты назар аударамын. Бірақ, кейінгі кезде жұмысқа тұрған адамдардың көбі жас журналистер. Олардан тәжірбиелі мықты маман жасауға тырысып бағамыз. Бұрыннан қалыптасқан адамдарды қалап-қашап, басқаша арнаға түсіре алмайсың. Сондықтан да, жастардың сөзіне, алдына  қойған мақсатына қараймын.  Егер қолынан жазу келетін болса, онда ол адамға міндетті түрде мүмкіндік беріп, бар күш жігерімді жұмсаудан аянбаймын.

- Армандарыңыз толықтай орындалып келеді ме?

- Әр адамның өзіндік арманы бар. Менің ойымша, арманым орындалады деп күтпей, әрекет еткен дұрыс. Бұрын жарты әлемді аралап шығу ең үлкен арманым еді. Ол армандарым да ақырындап орындалды. Бұны маған Жаратқанның берген ең үлкен сыйы деп есептеймін. Жақында Испанияға екінші рет барып келдім. Бұл алдын-ала жоспарланбаған іс-сапар болды.

Жақында Владим Зеландтың "Трансерфинг личности" кітабын оқыдым. Кітапта «Мечты не сбываются» деп айтылады. Мақсатына жету үшін талпынып, еңбектеніп, ешқашан өзіңе шектеу қоймауың керек. Мәселен, сен шетелге шыққың келеді. Алайда, "менде ақша жоқ, оның үстіне тіл білмеймін" деп бас қатырасың. Осы ойыңнан соң, шетел саған жабық секілді болып көрінеді. Сен бұл арманыңды тоқтатпай, оның жүзеге асырудың амалын тапсаң, саған Алла Тағала керемет шеберлікпен өзі жолыңа керекті адамдарды алып келіп, барлығын реттейді.

- Әсерлі әңгімеңізге үлкен рахмет!!!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.