Жанғазы Сейдахмет: «Ер адамдарға арналған бұйымдар жасамақшымын»

Қазіргі заман талабына сай дүние жасау көп жанның қолынан келе бермейді. Ал, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жанғазы Сейдахмет қазақтың оюларын ұлттық нақышта өрнектеп қана қоймай, таза ағаштан бұйымдар жасап шығарады. Алғаш оны Instagram желісі арқылы көрген едік. Өзінің жеке брендтің қалыптасырып, бүгінгі таңда сырғалары көпшіліктің көңілінен шығуда. Қаламызға келген уақытта  сұхбат алуды жөн санадық.

 

- Өзіңізді біздің оқырмандарымызбен таныстырып өтсеңіз?

- Өзімді көп жерде атыраулықпын деп таныстырамын. Негізі  Алматы қаласында дүниеге келдім. Белгілі себептерге байланысты 5 сыныпта Атырау қаласына қоныс аудардық. Оқуымды №9 мектепте, кейін бір жыл Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясындақолөнермамандығы бойынша  білім алдым. Бала күнімде сәулетші болуды армандаған едім. Сол себептен шығар, 9 бітіріп Алматыға оқуға келдім. Онда Қазақ бас сәулет құрылыс академиясында дизайнер мамандығы бойынша орта және жоғарғы білім алып шықтым.Оқуымды бітіре салып,  Атырауда 2 жылдай жарнама агенттігінде  жұмыс істедім. Қазіргі таңда «Zhan gozi» атты өзімнің жеке бизнесім бар. Ағаштан зергерлік бұйымдар  жасаймын.

- Ал, бұл өнерге қалай келдіңіз? Сізге кімнен дарыды?

-Туыстарымның өнерге жақындары бар. Ал, отбасымызда өнер адамы жоқ. Жалпы, бұл кәсіп ойламаған жерден бастау алды. Ұлттық нақышта зергелік бұйымдар жасаймын деген ой мүлде болмаған еді. Керісінше, дизайнер болуды қаладым.

-Ұлттық нақышта өрнектеу қайдан ойыңызға келді?

-Кіші өнер академиясында бірге оқыған сыныптастарымның екеуі зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. Күмістен қазақтың ұлттық бұйымдарын жасап шығарады. Дайындаған жұмыстарын суретке түсіріп жүрдім. Оюларды салғанын, әзірлегенін көріп, қызығушылық пайда бола бастады. Алғашында досымның шеберханасында 4-5 ай жаттығып жасадым. Әрі қарай жалғастыра алмадым. Себебі, бұл кәсіпті алып кету үшін көптеген құрал-саймаңдар, жеке шеберхана болуы қажет. Оған мүмкіндік болмады. Ойлана келе, ағаштан бұйымдар жасауға шешім қабылдадым.

Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері осы өнермен айналысып келе жатырмын. Қарамағымда ешкім жоқ. Сенесіз бе?! Тіпті, жеке шеберханам да жоқ. Бәрін үйде дайындаймын. Бұйымдарды лазерлік аппараттармен қиямын. Эскизін арнайы программа арқылы сызамын. Ол жұмыстың 30 пайызын істесе, қалған 70 пайызын қолмен жасауға тура келеді. Клиенттің қалауы бойынша, кейде сырғаларды бояп та беремін.

-Бұйымдарды қандай материалдан дайындайсыз?

- Әзірше, тек емен ағашынан дайындап жүрмін. Басқа материалдарды да қолданып көремін деген ой бар. Кейбір сырғаларға күміс араластырып, түрлі дизайндарын жасамақшымын. Қазір дайындық үстіндемін.

-Бір бұйымды жасау үшін қанша уақыт кетеді?

-Көп уақытым эскиз жасауға кетеді. Бір туындыны жасау үшін  уақытымның біршамасы оны сызу, түсін келтірумен өтеді. Одан кейін лазерлік аппаратқа, шамамен, 30 шақты сырғаны саламын. Өйткені, аппарат бір сырғаны дайындамайды. Енді оны әрмен қарай әрлеу үшін толық бір күндей уақытым кететін болар.

-Бұл кәсіппен бір өзіңіз айналысатын көрінесіз. Алдағы уақытта одан әрі дамыту үшін арнайы мамандардың көмегі қажет деп ойламайсыз ба?

-Шыны керек, кәсібімді дамыту қажет. Қазіргі таңда, көбіне «facebook»,«instagram» желілеріне салып,  тапсырыстарды алып жүрмін. Арнайы сайтым жоқ. Оның бәрі алдағы уақытта жоспарда бар. Білмей, түсінбей қалған тұстарым болса, бизнеске жақын достарымның көмегіне жүгінемін. Барынша ақылдарын айтып, жөн сілтеп отырады.

Бизнес бастағанан кейін, түрлі қиыншылықтар да кездесіп жатады.  Алғашқы тауарларым шыққан уақытта, бұйымдарым өтпей жүрді. Сондада талпынып. жаңа сырғаларды жасай бердім. Алматы, Атырау қалаларында жүрген уақытымда заттарды жәрмеңкелерге қойып, саттым. Сол кезде бірнеше туындыларым өткен еді. Ал, былай күндері көп тапсырыстар бола бермейді. Аптасына тек 3-4 тапсырыс келіп түседі. Ал, сырғалардың бағасы арзан. 2500-3500 аралығында, ал топтама 4500 теңге. Ағаштан жасап, дайындағаннан кейін, арзан бағамен сатып жүрмін. Қазір жұмыстар көптеп түсіп жатыр. Соған қарай, бағасын да ауытқушылықтар болатын шығар.

-Неліктен берендті «Zhan gozi» деп атандыңыз?

-Есімім «Жанғазы» болғаннан кейін, брендті де ерекше атауды жөн деп санадым. Брендтің атын көпшілік өздерінің тегін немесе қыздың атын да қоя салады. Оны да ойлап көрдім. Бір бағытта жұмыс істемейтін болғандықтан, «Zhan gozi» деп атадым. Мысалы, «Әйгерім» деп қоятын болсам, оның үстіне ер адамдардың бұйымдарын жасап шығарсам, ерсілеу көрінетін еді. Осы жағында ескере кеттім.

-Бойыңызда басқа қандай өнеріңіз бар?

- Домбыра тартып, өлең айту болмаса да, басқа жағынан мүмкіндіктерім бар. Мамандығым дизайнер болған соң, жиі тапсырыстар алып тұрамын. Мерейтойларға шақырту қағазын жасаймын. Бос уақытым бола қалса, Алматының әдемі табиғат суретке түсіргенді жақсы көремін. Әрине, түсірген суреттерімді  өзімнің жеке парақшама бөлісіп отырамын.

-Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

-Негізгі мақсатым – қазақ өнеріне өз үлесімді қосу, ұлттық нақышта бейнеленген түрлі бұйымдар жасау. Осы сала бойынша, өзімді әрі қарай жетілдіргім келеді. Бәрін толықтай меңгеріп кеттім дей алмаймын. Әлі де үйренетін көп дүниелер бар. Сонымен қоса, жаңадан жаналық ашып, әлемде жоқ дүниелерді зерттеп, қызықты кәсіппен айналысу үлкен арманымның бірі. Алдағы уақытта, тек сырғаларлы емес, сонымен қоса алқа, сақина, түйреуіш, білезік, ер адамдардың көйлектеріне ілмек жасамақшымын. Жақын арада, қолөнер шеберлерінің арнайы конкурсы өткелі жатыр. Осы  жарысқа қатысып, бағымды сынап көру ойда бар.

-Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергенің үшін рахмет! Қазақ өнерін әрқашан да биікке көтеріп жүре беріңіз!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.