ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Бақытгүл Хаменова: «Директор бола жүріп, 6 жыл жатақханада тұрдым»

Просмотров - 1041
17.07.2016

Шілденің 16-сы күні Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова  «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында жастармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында білім, тәрбие мәселері көтеріліп, талқыға салынды. Олай болса кездесуде айтылған әңгімелерді қысқаша түрде оқырмандар назарына ұсынамыз.

                                                                            Жұмыссыздық – жай сылтау ғана 

Қазір ең бірінші орынға қоятын мәселе, ол — шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Орта және шағын кәсіпкерлік – экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Егер «мен кәсіп ашқым келеді» деген жастар болса, қазір мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Тек алға қойған мақсатыңыз, мықты жоспарыңыз, және бастысы – ниетіңіз болса болды.

Жақында ғана жұмыс сапарымен Мақат ауданына барғанымда, ол жақта жұмыссыздық мәселесі белең алып тұр екен. Неге? Өйткені, жастардың көбісі ірі мұнай компанияларында жұмыс жасағысы келеді. Әрі 100-150 мың жалақыны менсіне бермейді. Сондықтан, «жұмыс жоқ» деген нәрсе жай ғана сылтау сияқты. Тағы бір нәрсе – «қолымызда диплом бола тұра, тәжірибесіз жұмысқа алмайды» деген жастар да көп. Бірақ, бұл жердегі індет әріде жатыр. Арнайы статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда жоғары оқу орынын бітірген жастардың қажеті де болмай қалуы мүмкін. Себебі, бізге жұмысшы кадрлерді дайындау қажет. Мәселен, бізде полиэтеленді зауыт ашылар болса, оған ешқандай технолог маманды таба алмайсың. Мақат пен Жылыойдың өзінде тамақ фабрикасы іске қосылып жатыр, алайда тамақтың өнімін анықтайтын технолог тағы жоқ. Сондықтан, жастар өздері де сұранысқа ие мамандықты таңдай білуі керек деп ойлаймын.

Екінші мәселе, өңірдегі діни ахуал. Қазір қоғамдағы діни ахуалдың жағдайы қиындау. Тіпті, колледжде басшылық еткен кезде, діни қорқытушылықтарды да көзіміз көрген. Мұндай мәселені шешу үшін алдымен адам өзі сауатты болуы керек. Бірақ, бір өкініштісі – тек жастардың арасында ғана емес, ата-аналар мен ұстаздардың көпшілігінде діни сауатсыздық көптеп кездеседі. Əсіресе, оқу орыны мен дін ұстаушылар арасында киім формасы біраз мəселе тудырды. Шариғатта әурет жерлеріңді жауып жүру керек, ол рас. Бірақ, біз діни мемлекет емеспіз, зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан, қандай да бір оқу немесе жұмыс орынының тәртібіне бағынуымыз қажет.

 Кітап оқымасам, парламент депутаттарынан қалып қоятынымды білемін

Үшінші мәселе, Білім сапасы. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, соңғы 2 жылда Атырау облысы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижесі бойынша, соңғы орында тұр. Неге? Себебі, білім сапасы өте төмен. Жастарымыздың ізденісі, білімге деген құлшынысы да дәл солай. «Ал Құдай, аузыма әкеп сал Құдай» дейтін заман емес қазір. Жастар, маған өкпелемессіздер. Бірақ, осы жерде он адам болса, ең көп дегенде он адамның бесеуі ғана түнде отырып 5 бет кітап оқуы мүмкін. Қалғандарының қызығушылығы жоқ. Мен әлі күнге дейін күнделікті кешке отырып, кем дегенде кітаптың 5 бетін оқымасам, миым демала алмайды. Әрі кітап оқымасам, парламент депутаттарынан қалып қоятынымды білемін. Ал, мен соңында қалып қоюды жек көремін. Жеке өз басым лидер болғанды жақсы көремін. Өйткені, мен қазақ қызының да қолынан үлкен нәрселердің келетінін көрсеткім келеді. Жалпы алғанда, Атырау өңірінен соңғы 12 жыл дегенде Парламентке әйел адам сайланып жүр екен. Бұл соның бір дәлелі. Сондықтан, көшбасшылық қасиет ер адамға немесе әйел адам болуына байланысты емес. Көшбасшылыққа апаратын бірден-бір жол – басында біліміңнің болуы.

Төртінші мәселе, гендерлік  саясат. Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Бірақ, мұсылманда әйел адамның міндеті —  дүниеге перзент әкелу, ерін құрметтеу екенін жақсы білесіздер. Әйтсе де еріне жағдай жасай отырып, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге араласса да ешкім тоқтау салмауы керек.

  Өзге елге кеткен қыз баланың, өз еліне жаны ашитындығына күмәнданамын

Жетінші мәселе, қыз бала тәрбиесі. Қазақта «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген жақсы мақал бар. Яғни, қазір жас қыздар арасында жүктілік жиі кездеседі. Бұл тәрбиенің осалдығын білдіреді. Біз «қызға 40 үйден тыйым» деген қағиданы қатал ұстануымыз қажет.  Және соңғы 5 жылда қазақ қыздарының арасында өзге ұлттарға, оның ішінде қытайларға тұрмысқа шыққандар саны өте көп. Өзге елге кеткен қыз баланың, өз еліне жаны ашитындығына күмәнім бар.

   Директор бола жүріп, 6 жыл жатақханада тұрдым

Менің жасым 35- те. Ендігі 10-15 жылдан кейін сіздер де біздің жасымызға келесіздер. Адам есейген сайын, артына бұрылып қарап отыруы керек. Ауыз толтырып бір нәрсе айту үшін де, бір нәрсе жасау керек. Қазірдің өзінде мәселе деген шаш етектен. Ол мәселе – мұғалім мен дәрігердің қағазбастылығынан да басталуы мүмкін. Жастар арасында шешімін тауып келе жатырған мәселелердің бірі – үй мәселесі. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасымен қанша жастар баспаналы болды. Бірақ, бұл әрине толықтай шешімін тапқан мәселе емес. Қазақстанда баспанасыз қаншама отбасы бар. Олардың бәрін бір уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету де мүмкін бола бермейді. Жеке өз басым директор бола жүргеннің өзінде, 6 жыл бойы қарапайым жатақханада тұрдым. Оған еш қысылған жоқпын. Өйткені, басшымын деп кеудемді кергеннен гөрі, қарапайымдылықты барынша биік қоюға тырыстым.                              

                                                                       Заман — оқығандікі

Бірде бір адам әбден өлер шағында айтқан екен: «Мен өмірді өзгертемін деп, әлемді түзегім келді. Өзгерте алмадым. Бәлкім, өңірімді түзермін деп ойладым. Оны да түзей алмадым. Айналамды түзейін деп едім, оны да түзей алмадым. Бала-шағамды түзейін деп едім, ақыры оны да түзей алмадым» депті. Ал, «айналып келгенде өмірді түзеу үшін, алдымен өзіңді түзеу керек екен ғой» деген екен.  Осы орайда айтпағым, көбінесе жемқорлық туралы  сөз қозғап жатамыз. Сөзбе-сөз келгенде барлығымыз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз. Бірақ, адам әуелі өзінен бастауы керек. Неге сіз дәрігерге ақша беруіңіз керек? Оқу орынындағы пән мұғалімдеріне ше? Неге дипломды ақшаға сатып алуыңыз керек? Міне, жемқорлық осылай басталады. Ал, бұған жол бермес үшін сіз маңдай теріңізбен ғана білім алып, маңдай теріңізбен еңбек етуіңіз керек. Себебі, заман – оқығандікі.

   Патриотизм – адамның жүрегіңде болуы қажет

Ерлан Қаринның бір сөзі бар: «Патриотизм – ала туды алып, ақ атқа мініп шабу емес» деген. Патриотизм – сенің жүрегіңде болуы керек. Қазақ баласын 3 сөзбен-ақ тәрбиелеген. Біріншісі —  «обал болады», екіншісі – «жаман болады», үшіншісі – «ұят болады» деген. Қазір бізде ұлттық идеология, ұлттық наным-сенім деген нәрсе жоқ. Осы жерде жастардың 5 пайызы ғана отырса, қалған жастар немен айналысып жүргенін бір Құдай біледі. Шүкір, Отанымызға 25 жылдың ішінде ғана дамып келе жатқан мемлекет ретінде қарасақ, ендігі 25 жылда сіз болып, біз болып әлі-ақ Қазақстанның әлемдік дамыған мемлекеттердің қатарынан көретінімімізге сенімдімін. Тәуелсіздіктің өзі бізге оңай келе қойған жоқ. 5 жыл бойы Елбасымыз алпауыт елдермен күресті. Оң жағымызға қарасақ, 1 млрд Қытай тұрды, сол жағымызда 170 миллион халқы бар Ресей тұрды.Сондықтан, қазір екі адам отырған жерде біз ұлттық идеологиямызды насихаттай беруіміз керек. Керемет бір тәмсіл бар: «Кез-келген адамды құлата беруге болады. Бірақ, рухы мықты адамды құлата алмайсың» деген. Егер сіздің еліңізге деген, отаныңызға деген махаббатыңыз болмаса, тек қара бастың ғана қамын ойлайтын болсаңыздар, заман – заман болмайды. Сондықтан, жүректеріңізде еліңізге деген, жеріңізге деген сүйіспеншілікті сақтап қалсаңыздар екен деп тілеймін.

Расскажи друзьям
Читай так же