ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

ДӘСТҮРЛІ БОКСТАН ҚҰЛЫБАЕВ ТУРНИРІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Просмотров - 845
06.07.2017

Қаламызда дәстүрге айналған  Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың жүлдесіне арналған ерлер арасында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті. Биыл турнир Асқар Алтынбекұлының 80-жылдық мерей тойына тұспа-тұс келді.

Бес күн бойы жалғасқан турнирде Әзірбайжан, Ресей, Сирия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінен 100 боксшы өзара мықтыларды анықтады. Жарыс жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйақы берілді. Атыраулық боксшылар жақсы нәтижесімен көрінді.

Бас бапкер Қанат Орақбаев бастаған Атырау облысының боксшылары 1 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Алтын медальға ие болған боксшымыз Ержан Ордабаев жеңіске жету оңай болмағандығын айтады:

-Қай-қай турнир болмасын қарсыласқа немқұрайлы қарауға болмайды. Әрбір жекпе-жекке дайындалып шығамыз. Бұл менің үш турнир қатарынан жеткен жеңісім. Үнемі қалыпты формада жүру оңай емес, бірақ өз жерімізде өткен соң барымды салдым,- дейді жеңімпаз.

Турнирде Салауатов Рашид, Қазыбек Сапенов және Амандық Манашев ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Финалда боксшыларымыз қарсыластарымен тең дәрежеде жұдырықтасып, еш кем түспеді. Қазыбек Сапенов турнирдегі «ең үздік боксшы» атағына ие болды. Жастар сапынан енді ғана шыққан боксшымыз Мерей Құрманғазы турнирдің ең жасы кіші боксшысы болды. Ол өзінің ересектер арасындағы алғашқы тунирін сәтті бастап, қола медальға ие болды.

Турнирде Сирия елінен бес боксшы келіп, төрт алтын және бір күміс медаль иеленді. Жарыстың супервайзері Шбиб Мухамед Камель: «Сириядан ең мықты бокшыларды іріктеп келдік» дейді.

Бокстан Атырау облысы құрамасы алдағы уақытта Қытайдың Үрімші қаласына оқу-жаттығу жиындарына барады. Кейін тамыз айында Ақтау қаласында өтетін Қазақстан бокс федерациясының кубогы мен командалық сайыстарға қатысады.

Расскажи друзьям
Читай так же