ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

ЭКОЛОГ СЫРЫМ БАҚТЫҒАЛИҰЛЫ: «TAZALYQ» ЖОБАСЫ АУАНЫҢ ЖАҚСАРУЫНА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Просмотров - 245
19.11.2021

Атыраудың экологиялық ахуалы көптің көңілін көншітпейтіні рас. Түрлі мұнай компаниялары, булану алаңдары мен қалалық полигон тұрғындардың денсаулығына күннен күнге кері әсер етуде. Осы орайда ауаны жақсарту бағытында биыл атқарылған жұмыстар бойынша жергілікті эколог маманмен сөйлескен едік.

«Сасық сай» – ауаны ластаушы көздердің бірі

Қазіргі уақытта Атырау өңірінде ауа сапасын бақылайтын 6 пункт бар. Оның бесеуі облыс орталығында болса, біреуі Құлсарыда орналасқан. Бұл арқылы мамандар ауаның ластану деңгейін күн сайын тексеріп отырады. Биылғы 11 айдың нәтижесінде мұнай орындарындағы 36 стансаның ауаны 152 рет күкіртсутекпен жоғары деңгейде және 4 рет қауіпті түрде ластағаны анықталған.
«Бұл стансалардың 20-сы NCOC-қа, он екісі «Теңізшевройл» ЖШС-на, ал төртеуі Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі. Жалпы, ауаның ластануына қаланың сол жағалауындағы «Сасық сай» мен «Квадрат» булану алаңы, сондай-ақ, қоқыс полигонының әсері көп. Соның ішінде алғашқысының орны ерекше десек, артық айтқандық емес» дейді эколог Сырым Бақтығалиұлы.

«Жол картасындағы» жұмыстар жүзеге асуда

«2020 жылы Атырауда экологиялық мәселелерді шешу мақсатында «Жол картасы» жасақталған болатын. Қырық тармақтан тұратын жобада қоршаған ортаны жақсарту бойынша барлық сала қамтылған. Қазір сол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Әр тоқсан сайын «Жол картасының» орындалуын тексеру мақсатында қоғам белсенділері мен мемлекеттік орган өкілдері жиналып, талқы ұйымдастырады. Биыл шығарындылар мен төгінділер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 51 мың тоннадан 37 мың тоннаға дейін азайды» дейді маман.
Сондай-ақ, «Ғарыш сапары» компаниясының әуеден бақылау жасағанының арқасында рұқсат етілмеген полигонның 153 орны анықталып, қазіргі кезде оның 149-ы толықтай тазартылған.

«Тазалық» ауаның жақсаруына үлес қосады

АМӨЗ Атырау қаласы аумағындағы ауаны жақсарту мақсатында «Тазалық» жобасын жасақтап, ол «Жол картасына» енгізілген еді. Жоба аясында компанияның механикалық және биологиялқ тазарту қондырғылары қайта жаңғыртылып, зауытқа тиесілі 860 га көлемді қамтитын «Сасық сай» булану алаңын қалпына келтіру қарастырылған. Бүгінде булану алқабын 4 секторға бөлу жұмыстары аяқталып, жартысы толықтай құрғатылды.
Экологтың айтуынша, жобада көрсетілген барлық жұмыс толықтай аяқталған кезде атыраулықтар ауаның тазалығын сезінетін болады.

Расскажи друзьям
Читай так же