Какой сегодня день

16 августа

Айгерім Сәулен: Өміріме әсер еткен 10 кітап

Айгерім Сәулен – «АлифБи» кітап дүкенінің иесі. Бүгінде Айгерімнің жеке кітапханасында 100-ге жуық кітап қоры бар. Ендеше, біздің оқырмандарымызға мектеп кезінен кітап оқуды жанына серік еткен Айгерімнің кітапқа деген қызығушылығының қалай оянғаны туралы және  кеңес беретін 10 кітабын ұсынамыз.


Алғаш кітап оқуға деген құштарлығымды оятқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын. 9 сынып оқып жүрген кезімде мұғалім Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын оқуға тапсырма ретінде берді. Қызығып алып, оқи бастадым. Сөйтіп, «Абай жолы» кітабынан кейін қазақ классиктерінің шығармаларын оқыдым. Өйткені, әлемдік классиктерге шығу үшін ең бірінші қазақ жазушыларынан бастаған жөн.

Кітап дүкенін ашу - менің бала күнгі арманым. Осыдан 3 жыл бұрын «Просто хобби» дүкенінде қызмет еттім. Сол кезден бастап, қызығушылық танытып, «инстаграм» желісіне кітаптар сата бастадым. Тапсырыстар да келіп түсті. Осылай кәсібімді жалғастыра жүріп, 15 желтоқсан күні «АлифБи» атты дүкенімді аштым.

Кітап оқу жастар арасында сәнге айналды десек те болады. Өзім жылына 50-ге жуық кітап оқимын. Бір қызығы, біреуін емес, үшеуін қатар алып жүремін. Ал, қазір Атыраулық тұрғындар мотивациялық, бизнес тақырыбына қатысты кітаптарды жиі сұрап жатады. Кітаптың бағалары да қолжетімді.

1. Мұxтар Әуезов "Абай жолы"

Бұл туынды қазақ халқы үшін шоқтығы биік шығарма болып саналады. Қанша ғасыр өтсе де, өз құндылығын жоймайтынына сенімдімін. Жақында дүкенге бір кісі келіп: "Мен 300 кітап оқыған шығармын, ең кереметі "Шантарам" дейді. «Абай жолын» оқыдыңыз ба?» деп сұрағанымда «оқымадым» деп жауап берді. Ендеше, «сіз 300 кітап Абай жолын оқымаған болсаңыз, сіз мүлде кітап оқымаған болып тұрсыз ғой" деген кезде ойланып тұрып, міндетті түрде оқитындығын айтты.

2. Смағұл Елубай "Ақ боз үй"

Тариxтың айтылмаған шындығын көркем жеткізген әсерлі туынды. Жалпы, мен бұрын ашаршылық, қуғын-сүргін деген ұғымдарға жіті мән бере қоймайтынмын. Бірақ, шыны керек, өз деңгейінде 31 мамыр қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күнін көбі ескермейді. Неге? Себебі, ол туралы халықтың біле бермейтіндігі жасырын емес."Ақ боз үй" трилогиясын оқи отырып, ашаршылықтың ащы зарын xалқымыздың қалай басынан өткергенін, жазықсыз атылған, аштықтан сүйектері көмусіз қалған қаншама xалықтың мұң-зарын көзбен көргендей болдым. Ол кітапты оқып отырған кезде кейіпкерлермен бірге жүріп, қуанып, кейде жылап, бірін-бірі аңдыған арам ниетті адамдардың пиғылына қаның қайнап отырады. Бүгінде осы шығарма туралы ғылыми диссертация жазу үстіндемін. «Ақ боз үй» кітабын әрбір қазақ оқуы тиіс деп ойлаймын.

3. Брайан Трейси  "Комфорт аймағынан шық. Өміріңді өзгерт. Жеке қасиетіңді дамытудың 21 қасиеті"

Шыны керек, мотивациялық кітаптардан гөрі классиканы көбірек ұнатамын. Дегенмен, өз ерік-жігеріңді қамшылап, алға ұмтылу үшін осындай кітаптарды оқып тұру керек. Бұл кітаптың тілі жеңіл, берері мол. Кітапта адамдар үйренген жерінен, жұмысынан, жылы орнынан ауысуға көп жағдайда батылы жетпейтіндігі, тіпті, ұнамаса да сол жерде қабағын түйіп қойып жұмысын жалғастыра беретін адамдар туралы баяндалады. Өмірді өзіңе қуаныш сыйламайтын жерде немесе жұмыста өткізбеу керек екенін осы кітап арқылы түсінген едім.

4. Таxауи Аxтанов "Шырағың сөнбесін".
Соғыс туралы жазылған керемет кітап. Шығармада соғыс алаңында жүріп, қиын-қыстау заманды, талай тар жол, тайғақ кешуді өз көзімен көріп, басынан кешкен бас кейіпкер Назираның ерлігіне сүйсінесің. Қазақ қашан да жақсылықтан үміт үзбеген xалық. Соңында соғыс аяқталып, азаматтарынан айырылған Назира үш бірдей сол ерлерден қалған балапандарын елге аман-есен жеткізеді.

5. Пауло Куэльо "Алxимик" 

Бұл кітапта мақсатыңа жетужолында ешқашан берілмей, соңына дейін күресу керек екені жөнінде баяндалады. Өзінің іздеген нәрсесін алу жолында бөгелместен әрекет ету керектігі, сонда ғана мақсатқа жетуге мүмкіндік алатындығың туралы жазылған мотивациялық туынды. Бір кездері осы автордың шығармашылығына қызығушылығым ерекше болатын.

6. Шарлотта Бронте "Джейн Эйр"

«Джейн Эйр»әлемдік классиканың қатарындағы туынды. Мөлдір махаббат пен шынайы сезім туралы баяндалатын сюжеті қызық шығарма. Автор әрбір диалогты әдемі, нәзік жеткізген.

7. Ғабит Мүсірепов "Ұлпан" романы

Жақында бір апай: "Маргарет Митчелдің "Унисенные ветром" шығармасын әрбір әйел заты оқуы керек" деген еді. Мен оны емес, Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпан" романын әр қазақ қызы оқуы керек деп айтар едім. 

8. Джим Рон "Миға арналған дәрумендер"

Мен бұл кітапты осыдан 3 жыл бұрын оқыдым. Өмірге өзгеше көзқараспен қарауға көмектесетін бірден бір кітап деп айтуға болады. Ақыл - кеңестерінің ішіне өзіңе керегіңді ала аласың. Мотивациялык әсері мықты.

9. Мұxтар Мағауин "Жармақ" романы

Романнан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес секілді. Аса көлемді болмаса да, романның берері өте көп. Басты кейіпкер Мараттың өмірде қабылдаған шешімдері арқылы, оның мінез-құлығы арқылы өмірлік сабақтар алуға болады. Фантастикалық сипатта жазылғаннан кейін шығар, мүлдем жалықтырмайды. Қызықтырғаны соншалық, екі  күнде-ақ оқып бітірдім. Ең ұнағаны - қыздар қауымына ұнайтын романтика мен жастарға ұнайтын фантастиканы, тарихи бір деректерді де сабақтастырып, шебер жазылған роман деп ойлаймын. 

10. Джордж Клейсон "Вавилондагы ен бай адам"

Кез-келген адам өмірден өз үлесін алуға тырысады. Яғни, ештеңеден таршылық көрмей өмір сүргісі келеді. Ал ондай өмірге жетуге барлығының мүмкіндігі бар. Ол үшін бай болудың 7 құпиясын білу керек екен. Ежелгі Вавилондағы ең бай адам Аркад әңгімесі арқылы автор қарапайым ережелерді қызықты жеткізе білген.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.