Бүгін қандай күн?

20 қараша

Зарина Кармен:"Бақытты әйел ғана барлық салада жетістікке жете алады"

"Бақытты әйел ғана барлық салада жетістікке жете алады" дейтін Зарина Кармен жақында гастролдік сапармен Атырауға келген болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, талайдың жүрегінен орын алған талантты актрисаның шығармашылығы мен жеке өмірі туралы біраз әңгімелескен едік. Ендеше, көрерменді тәнті еткен театр және киноактриса Зарина Карменмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


− Зарина, Атырауға қош келдіңіз. Тұрғындардың мөлдір өнерге деген ықыласы қалай екен?

− Гастролдік сапармен көп жүрсек те, Атырауға екінші рет келуім. Тұрғындарың қонақжайлығында сөз жоқ. Ал, ықыластарын толы отырған залдан-ақ аңғаруға болады. Үлкен қалаларда бізге театр сүйетін жандар ғана келсе, мұнда сүйікті әртісін іздеген көрермендердің бәрін осында. Бұндай тебірентетін іссапарлардан үйге серпіліспен қайтасың.

− Кішкене кезіңізде қандай бала болдыңыз?

− Мен ата мен әженің тәрбиесін көрген баламын. Ол кісілер маңдайыма шаң тигізбей еркелетіп өсірді. Есейе келе еркеліктен кейде таяқ жедім пайдасын да көрдім. Қайда барсам да алымнан еркелігімді көтеретін жақсы адамдар жолығады. Соған қарағанда жолы болғыш адам сияқтымын. Бүгін өзім ана болғандықтан, еркеліктен сәл арылып келемін.

− Сіз бір сұхбатыңызда: «мен тұйық болып өстім» депсіз. Бұл қаншалықты рас?

− Жоқ, олай емес.Мен бала күнімде тұйық болып өскен жоқпын. Сұхбат берген кезде журналистер өздерінше түрлендіріп жазған ғой. Сондықтан, кей сұхбаттарға сенуге болмайды. Бала күнімде адамдармен тез тіл табысып, бір ауыз қазақша білмейтін бала болып өстім. Бірақ, өзімнің ешкім түсінбейтін әрі білмейтін әлемім болатын. Спорт пен биге икемімді болдым. Кішкентай кезімде қандай ұяң болсам, әлі күнге дейін ұяңмын.

− Ұяң немесе ұялшақ болған жақсы ма, жаман ба?

− Меніңше ұяңдықтың еш зияны жоқ. Өйткені, қазіргі таңда көп адамдарға ұяңдық жетіспейді. Алайда, адамның өзіне кәсіби, адами тұрғыдан сенімі артқан кезде ұялшақ болу қала бастайды. Мәселен, мен аға-әпкелерім отырған жерде тақылдап сөйлеуді жат қылық деп білемін.  

− Бала кезіңізде нені армандадыңыз? Қазір ол арманыңыз орындалды ма?

− Ауылда өсіп, домбырасын арқалаған балалар көп қой. Алайда, мен ондай жандарыдың қатарынан емеспін. Атам қазаққа танымал актер болды. Театрдың майын тамызып, жілігін шақққан өнер майталмандарының арасында өстім. Бір қызығы, жастайымнан сол актерлік өнер қызықты болып көрінсе де, оған ешқашан тартылмаппын. Ал енді мен нені армандым? Кішкентай болғаннан кейін шаштаразға барсам, шаш қиюды, дәрігерге көрінсем, дәрігер болғым келетін. Нақты арманым болған жоқ. Отбасым мені жан-жақты дамытуғатырысты. Ағылшын тіліне өте жақын болдым. Қазір үш тілде жетік сөйлеймін. Анамның мені Францияның Қазақстандағы елшісі ету арманы болатын. Санасына соны құйып алған мен кішкене күнімде Қазақстанның елшісі деген паспортты қолдан жасап алушы едім(күліп).

Жастаймынан атам жетектеп, театрға апаратын. Екеуміз бірінші қатарға отырып, қойылым тамашалайтынбыз. Маған актерлардың ойнағандары мен киімдері ұнайтын. Бірақ, актриса боламын деген ой мүлде болған емес. Атам дүниеден өткеннен кейін, өмірім қатты өзгеріп кетті. Мен ол кісіге қатты жақын едім. Тоғызыншы сыныпта кім боламын деген ой келді. Анамда "Мектеп бітіруіңе аз қалды. Қайда оқуға түсесің?" деп алаңдады. Сонда ойланбастан әртіс болғым келетінін айттым. Орысша сөйлейтін қаланың қызы болсам да, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білетінмін. Үйімізде монша болатын. Сонда жуынып отырып, бар дауысымды шығарып, өлең оқимын. Оны анам да, достарым да білмейді. Сол себептен, анам менің әртіс болуыма қарсы болды. Әртістің өмірі өмір емес, ертең базарда сатушы боласың деп ұрысатын. Әжем мені қолдап, он бірінші сыныпты бітірмей, колледжге түстім. Сыныптастарым өнерді емес, басқа саланы таңдады. Менің студент кезімде қабілеттерімді ашып, белсенді студент болдым.

− Актерлік қабілет сізге қанмен дарыған болар?

− Әрине, қанша жоқ десем де, оның бәрін қазір мойындаймын. Өйткені, кішкене кезімнен бастап, әртістердің ортасын көріп, атаммен бірге спектаклдерді тамашаладым. Ол бәрібір сенің түйсігіңде қалып қойып, түптеп келгенде ашылады екен.

Колледжді қызыл дипломмен бітірдім. Оқу ордамда белсенді студенттердің қатарында болдым. 15 жасымнан бастап, киноға түстім. Жолым болып, анам менің өнер адамы екеніме көзі жетті. Содан бастап, бірінші ақылшым, қолдаушым анам болды

− Сіздің жаныңызға ең алғаш сомдаған рөліңіз жақын ба, әлде басты кейіпкеріңіз бе?

− Студент кезімдегі ең алғашқы рөлімдегі суреттерді көрсем, күлкім келеді. Мен «золушка» қойылымында анасының рөлін сомдаған едім. Сол уақытта колледже Ерлан Кәрібаев есімде ұстазымыздың енді ғана жас маман болып орналасқан уақыты. Өзі жас, албырт маман маған: «сен өмір бойы рөлдерді таңдайтын боласың» деп осы жағымсыз кейіпкерді берді. Сондықтан, алғашқы рөлім аса бір ұнай қоймаған еді.

"Қас қағым сәт" спектакліндегі Жазира рөлі басқа қойылымдардан әрдайым ыстық болып тұрады. Өйткені, бұл кейіпкерді өзім жасағанмын. Мәселен, кейбір спектаклдерде режиссерлар саған нұсқау айтып, драматург сөзін жазып, костюмер арнайы киім тіксе, сен тек қана орындаушы болып қаласың. Мұнда біз бәрін өзіміз дайындадық. Сол себепті, бұл рөл менің тоғыз ай көтерген балам сияқты. Бұл басқа сомдаған рөлдерімді шектетіп жатырғаным емес.

 

− Сіз өмірде қаншалықты шынайысыз?

− Қолымнан келгенше, шынайы болуға тырысамын. Кей кездері шындықты айтамын деп жақындарымды ренжітіп алатыным да бар. Десе де, өмір бәрін үйретеді. Кейде амалың жоқтығыңнан өтірік күлуге тура келеді. Айналаңда адал адамдар бар кезде жақындарыңа, көрермендеріңе адал болу керексің. Әрине, адам баласы өтірік айтпай жүре алмайды. Мен өмірде жүз пайыз адал адам көрмедім. Болып жатырған түрлі жағдайлардан шығу үшін өтірік айтқан кездерім болды.

− Өмірде болатын киындықтарды қалай жеңесіз?

− Мен эмоцияға өте бай адаммын. Қандай да бір қиындық жолықса, оны уайымдаймын. Сырт көзге қайсар жан болып көрінгенімен, нәзікпін. Сондықтан, басыма қиындық түссе, отбасым жанымда болады. Азатым ешқашан мені жалғыз тастаған емес. Тұрмысқа шықпас бұрын жеке басымда кереметтей мәселе болған жоқ. Аллаға шүкір, тамағым тоқ, көйлегім көк болды. Бірақ, атам дүние салғаннан кейін, өмір мені бірден есейтіп жіберді.

− Сырыңызды кімге айтасыз?

− Ең әуелі әжеме айтамын. Одан анам біліп қояды. Сосын әңгімем екі түрлі болмасын деп, екеуіне қатар айтамын(күліп). Әрине, Азатпен бөлісемін.

− Жастар театрға аз барады. Осыған қалай қарайсыз?

− Әр қойылымның өзіндік аудиториясы бар. Мәселен, мен достарымды театрға әзер апарамын. Қазір коммерцияның заманы ғой. Бір театрға қарап отыратын заман емес. Бірден бірнеше жоба жасап, ақша табатын кез. Театрда жарнама көп болса, халық көп келетін сияқты.

− Біз білмейтін тағы қандай өнеріңіз бар?

− Мен алғаш фильмге түскенде жылқыны қатты жақсы көрдім. Сонда циркке барып, каскадерлікті үйреніп, сертификат иелендім. Қалай атқа отыруды үйреніп, неше түрлі трюктарды жасай аламын. Көптен айналыспаған соң ұмытып қалған шығармын. Негізі, мен каскадер болып та жұмысқа орналаса аламын(күліп).

Сосын ән айтқанды жақсы көремін. Жалпы, театрдағы актерлардан артық әнші жоқ шығар. Өйткені, біз актерлар әннің шығу тарихы мен көрерменнің жүрегіне қалай жету керектігін зерттейміз. Жүрекпен орындаймыз. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жете алады. Қазір бір ән жаздыртып, оған бейнебаян түсірсем деймін.

− Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?

− Жолдасыммен танысуымның өзі қызық болды. Екеуміз бір-бірімізді алғаш көргенде жек көріп едік. Мен оны, ол мені мүлде ұнатпады. Қазір Азатқа біз қалай қосылдық, неге жек көрдік деп бұрынғы күндерді еске алып, күліп аламыз.

− Бірінші сезімін кім білдірді?

− Әрине, Азат айтты. Ал өзім оған деген сезімімді ешкімге айтқан жоқпын. Уақыт өткеннен кейін достарымызбен жиналып "мафия, апелсин, шляпа" деген ойындар ойнап, бірге жүріп, жақсы дос болып кеттік. Басында киноға достарымызбен баратын болдық. Кейін мені жеке шақыра бастады. Сол күні таңғы төртке дейін екеуміз Азаттың машинасында әңгіме айтыппыз. Тіпті, әңгімеміз таусылар емес. Сөйтсек, біз бір-бірімізді өте жақсы түсінетін жандар болып шықтық. Содан келе екеумізде үлкен махаббат туындады. Өмірде еш нәрсе бостан босқа болмайды екен. Менің Азатты сүйіп қосылғанымның өзі үлкен бақыт. Өмірде өзіндік орнымды қалыптастырғаннан кейін, Азатты кездестіргеніме қуаныштымын.

− Оның өзі көп адамға беріле бермейтін бақ шығар...

− Иә, бәлкім солай шығар. Азат туралы көп нәрсе айта берсем болады. Менің қазіргі бақытымның себебі осы - жанұям. Отбасында бақытты болмаған адам жұмысында да бақытты болмайды. Өмірде өтірік күліп жүрсе де, жүрегіңде мұң болары анық. Ал мен бақыттымын. Мүмкін, мен танымал емес шығармын. Бірақ, менің сүйікті жары мен тәп-тәтті қызым бар. Сондықтан, мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.

− Қызыңызды орысша тәрбиелейтін секілдісіз...

− Қызымның тілі орысша шығып келеді. Инстаграмда тікелей эфирді қоссам, қызыңа неге қазақша үйретпейсің? деп жазады. Мен онымен қазақша сөйлесемін. Азат болса, мүлде қазақша білмейді. Оның өскен ортасы мен достарының бәрі орыс. Қызым әлі кішкентай. Сол себепті, орысша сөйлегеніне уайымдамаймын. Өзім де бірінші сыныпқа барарда бір ауыз қазақша білмейтінмін. Оқуға түскен соң, қазақ тілін жетік меңгеріп алдым. Сол себепті, қызымның орысша сөйлегеніне уайымдамаймын. Қазақша мектепке береміз. Солай уақыт өте әлі-ақ үйреніп кетеді.

− Кітапты жиі оқимын депсіз. Соңғы рет қандай кітаптар оқыдыңыз?

− Джулия Кэмеронның "Путь художника" кітабын оқыдым. Бұл шығарма әр актерға қажет. Кітап теория мен практикадан тұрады. Сен берілген тапсырмалардың барлығын орындау керексің. Сонда ғана көкейіңде жүрген сұрақтарға жауап таба аласың.

Кітап оқығанды жақсы көремін. Менің оған үйреткен анам болатын. Кітап оқымасам, жаңалықтың бәрінен құр қалғандай сезінемін. Оны ешкімге жария еткім келмейді. Тек өзім үшін ғана оқимын. Кейде кеңес беріңізші дейтін жандар бар. Маған кітаппен таныспай тұрып, сатып алған ұнамайды. Ол сенің кітабың ба, әлде басқа ма соны анықтап алуың керексің.

− Алғашқы жалақыңызды қайда жұмсадыңыз?

− Алғашқы жалақымды анама берген секілдім. Қазір өз қаражатымды тек қана өзіме ғана жұмсаймын. Азаттың ақшасы болса, отбасымыздың қаражаты(күліп).

− Болашақтағы армандарыңызбен бөлісіңізші...

− Театрда "Қас қағым сәт" секілді қызықты рөл ойнағым келеді. Одан кейін ән жаздыртсам деген арманым бар. Жалпы, арманын айтуға болмайды дейді ғой. Бұл арман емес. Менің кішігірім мақсаттарым. Ал менің арманым –отбасым мен жақындарымның аман болғаны.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.