ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТОЙЫНА АРНАЛҒАН АЙТЫС ӨТТІ

Просмотров - 295
11.11.2021

Махамбет ауданында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Жыр арқауы – Тәуелсіздік» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, ақын Амангелді Есенғалиев пен жыр жауһары, ақын Жәниба Қарасаева төрағалық еткен айтыстың бас жүлдесін және 400 мың теңге байрақты Исатай ауданының намысын қорғаған ақын Серікбол Панабердиев қанжығасына байлады.

Бірінші орынды индерлік Жәнібек Садыров (байрақ – 300 мың теңге), ІІ орынды исатайлық Өнербек Дәулекенов (байрақ – 250 мың теңге), ІІІ орынды индерлік Баймұрат Кеңесов, махамбеттік Серік Қойшығұлов пен жылыойлық Ғалымбек Мұстафа (байрақ –150 мың теңге) жеңіп алды.

— Айтыс жоғары деңгейде өтті. «Қазақ тілінің жаны» саналатын айтыс өнері әр өңірде өмірін жалғастыруы керек. Айтыскерлердің дайындығы жоғары деңгейде екендіктерін байқадық.

Елді басқаруда ғана емес, қарапайым халықтың да жіберіп жатқан қателіктерін, отбасын құру, бала тәрбиесі жайында да көптеген дүниелер айтылды.

Мұның бәрі болашақ ұрпаққа сабақ болады деген сенімдемін,-дейді қазылар алқасының мүшесі, ақын Ж.Қарасаева.

— Елді дүрбелеңге салған пандемиядан кейінгі өткізіліп жатқан мазмұнды шара жоғары деңгейде өтті. Атырау айтысының қазіргі деңгейі бұрынғыдай емес, жастар жетіліп, өсіп келеді. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерден бөлек күнгей мен көлеңкемізді де, сынды да ақындар жырына арқау етті. Сын айтсақ та, шын айту – айтыскерлердің бас мақсаты. Сол үдеден шыға білдік деген ойдамын,-дейді облыстық айтыстың бас жүлде иегері С.Панабердиев.

Атап өту керек, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалы әр ауданда әдебиет бөлімшесін ашып жатыр. Махамбет ауданы әкімінің қолдауымен айтысты, термені, жыраулық, ақындық өнерді жетілдіру, дамыту мақсатында Махамбет ауданы орталығында «Мағзом Сүндетов атындағы әдеби бөлімше» қызметіне кірісті.

Директорлығына ресми түрде айтыскер ақын Серік Қойшығұлов тағайындалды.

Расскажи друзьям
Читай так же