ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Назым Ищанова: «Әлем чемпионатында бағымды сынап көремін»

Просмотров - 791
05.01.2016

Бокс дегенде көз алдымызға  Бекзат Саттархановтың елестейтіні сөзсіз. Алаш елін әлемге паш еткен спортшы Бекзаттың жеңісі әлі күнге дейін есімізде. Міне, бүгін ол алып берген жеңісті, бүгінгі ұрпақ жалғастыруда. Ерік пен жігерді, шыдамдылықты талап ететін бокспен тек жігіттеріміз ғана айналыспайды, қазақтың қара көз қыздары да қалыс қалар емес. Соның бірі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 1 курс студенті –Назым Ищанова. Ол бокстан Қазақстан Республикасының спортакиядасының жеңімпазы, облысымызда өткен Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған  әйелдер арасындағы Халықаралық турнирдің чемпионымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

-Қыздар әдетте спорт саласына көп кызығушылық танытпайды. Ал, сіз спортқа қалай келдіңіз?

-Спорт әлеміне енгеніме 3 жылдай уақыт болды. Атырау қаласына биыл қоныс аудардым. Көшіп келуімнің бірден бір себебі, туған жерім Батыс Қазақстан облысында әуесқой бокс федерациясы болмауынан. Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатында оқып, кейін Д.Нұрпейісова атындағы академияда домбыра және би саласы бойынша білім алдым. Шыны керек, спортқа кетемін деген ой менде мүлде болмады. Мектепте оқып жүрген кезімде әр түрлі шараларға белсенділік таныттым. Бірақ, спортқа қатты қызығушылығым жоқ еді. Ата-анамның қалауымен емес, спорт саласына қызығушылығым әкемнің спорт саласының маманы болуымен байланысты. Әкемнің көптеген оқушылары болатын. Бірі келіп, бірі кетіп жататын еді. Кейде өзі соған іштей налып «еңбегім зая кетті» деп, ішіңдегі мұңын үнемі айтып жүретін. Әкемнің басқа бапкерлер сияқты өзінің арманы бар. Мысалы, спортшылар олимпиада чемпионы болуды армандаса, бапкерлер сол чемпионды дайындағысы келеді. Әкемнің арманын жүзеге асыру үшін, бір күні келіп «Әке, сен уайымдама, бұйырса мен чемпион боламын, әлі де көп биік шыңдарды бағындырамын» деп қолдау білдірдім. Бұл шамамен, 2012 жылдың жазғы олимпиада ойындарынан кейін болса керек. Сол уақыттан бері осы саланы серік етіп келемін.

-Боксты таңдауға әкеңіз ықпал етсе, анаңыз қандай күйде болды? Қарсылық білдірді ме?

-Әрине, қарсы болды. Себебі, сіздің қызыңызды біреу келіп соққыға алып жатырса, ол қай анаға болмасын ауыр тиетіні сөзсіз. Алғашында «қыз балаға тән емес, оданда сабағыңды оқы» деп айтып жүрді. Кейін мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленгеннен кейін анамның маған деген ойы өзгере бастады. Әрбір жеңісім мен жеңілісіме де қатты қуанып отыратын. Әкем мен анама айтатын алғысым шексіз. Ата-анамның қолдауы болмағанда бұл күнге жетпесте едім…

-Демек, сіздің бапкеріңіз әкеңіз болғаны ғой?

-Иә,ең бірінші бапкерім әкем Бейбіт Ищанов. Одан кейін мені жарыстарға дайындайтын Атырау облысының бокс федерациясы, әуесқой, дене шынықтыру және спорт басқармасы. Әкемнің қолынан мықты спорт шеберлері шыққан. Әлем кубогінің жүлдегерлері, азия чемпионатының және де халықаралық дәрежеде жарысқа шығып жүрген бірнеше спорт шеберлерін дайындаған. Әкем маған үйде «әке» болса, залда бапкерім.

-Жеткен жетістіктеріңіз көп бе?

-18 жасқа толғаннан кейін «Айба» құрамасы  маған өз рұқсаттарын беріп, 2015 жылдың 12 қыркүйегінен бастап әйелдер арасындағы жарыстарға шықтым. Болгарияның Альбена  қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде бұйырды. Жастар арасында өткен 2014-2015 жылдары 4 дүркін қазақстан ,спортакия чемпионаты және де ірілі-ұсақты жарыстардан жүлделі орындарға ие болдым. Астана қаласында өткен ересектер арасындағы турнирде алтын медалді иеленіп, осы жылғы өтетін әлем чемпионатына жолдама алдым. Елімнің, ата-анамның маған артқан сенімін ақтауға тырысамын деп ойлаймын.

-Шетелге шығу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Ал, сіз қанша тілді меңгердіңіз?

Әрине, шетелге шығу үшін ағылшын тілін білу өте маңызды. Әзірше, тек 3 тілді меңгердім. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін мектепте оқып жүргенде үйретті. Жарыстарға шығып, ел аралағаннан кейін, біраз тәжірибе алмасуға тура келді. Өйткені, ол жерде кәсіби шет тілін білетін мамандардың арасында сөйлеу қиындау. Алғашында қатты қиналатын едім. Қазір бәрі жақсы, емін-еркін сөйлей аламын.

Талдырмаш бойлы, сұлусыз. Бойыңызда спорттан басқа қандай өнеріңіз бар?

-Академияға ата-анамның қалауы бойынша түскен едім. Сол себептен де шығар, домбыраға қатты қызығушылығым жоқ. Бірақ та, біраз күйлерді білемін. Билей аламын, дәмді тамақтар әзірлеймін.

-Сіздің спорт саласын таңдағаннан кейін, достарыңыздың сізге деген көзқарасы өзгеріп кетпеді ме?

-Лицейде оқып жүрген кезде, міндетті түрде жарысқа қатысуым қажет еді. Бірақ, ол жарыстың өзіндік шарттары болатын. Сол себепті, спорт интернатына құжаттарымды бір күннің ішінде жинап, ауыстым. Сыныптастарым, құрбыларымда бұл жағдайдан мүлде бейхабар. Расыменде, барлығы қатты таң қалды. Мені қолдайтындары да, жақтайтындарда көптеп кездесті. «Неліктен, басқа спорт түрін таңдамадың?» деген секілді көптеген сұрақтар қоятын. Өзімнің жүрегімнің қалауы сол болған шығар.

-Байрақты бәсекелерде жеңіске жетіп, еліміздің әнұраны орындалған кезде қандай сезімде боласыз?

-Ол жердегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Кейде өзім де қосыла шырқап, егемен елімнің Әнұранын жан-жүрегіммен сезініп тұрамын. Отанға деген махаббаттың күштілігінен кейде жылап та жіберемін. 

-«Назым» деген есім әдетте сирек кездеседі. Есіміңізді кім қойды?

-Мүмкін, сіздерге қызық емес шығар. Бірақ, маған атымның қойылуы өте қызық көрінеді) Орал қаласында тұрғанымызда, көрші әженің есімі «Назым» болатын. Бәлкім, әкем сол кісідей болсын деп есімімді осылай атаған шығар. Ол жағын анық білмедім. Есімім өзіме қатты ұнайды және «Назым» деген қыздар әдемі болып келеді. (жымиып)

 

Расскажи друзьям
Читай так же