Какой сегодня день

26 июля

Атырау қоқысқа толы қала ма, әлде...

Мұнайлы өлкеміз жыл сайын қарқынды дамығанымен, экологиялық мәселелері де аз емес. Әсіресе, қаламызға көрік беретін кей көшелер қоқысқа көміліп жатыр. Осы орайда, көше тазаушылар өз міндеттерін толықтай орындамайды ма, әлде, бұның бәрі адамзаттың табиғат-анаға жасаған қастандығы ма деген сұрақтың еріксіз ойға келетіні жасырын емес. Шыны керек, осы тектес сауалдар әбден санамызға сіңіп, бара-бара Атырау "қоқысты қала" деген сөзге етіміз үйреніп кетпесе болды. Ендеше, қаламыздың қаншалықты таза екенін зерттеп көру мақсатында дайындаған фоторепортажға назар аударайық.

Алдымен, вокзал маңы көшелерін араладық. Бұл көшелерде жаңадан теректер отырғызылған, үйлердің алдары да жып-жинақы жинастырылған. Одан әрі де дәл осы көрініске куә болдық.

Үшінші шағын ауданда тұратын қария биыл көшелердің өткен жылдармен салыстырғанда едәуір таза екендігін айтады. Тұрғындардың темекі қалдықтарын жерге тастай салатынына наразы екендігін де жеткізді.

− Мен бұл жерде бірнеше жылдан бері тұрып келемін. Жыл сайын ауламыз қоқыстан көз ашпайтын. Биылғы жылы тазалықшылар жақсы жұмыс істеп жатыр. Әрі көктемде талдар еккен едік, − дейді.

Көшелерді аралай жүріп, қоқыс жәшігінен бөлек бөтелкеге арналған жәшіктерді көрдік. Халық бұл дүниенің не екенін әлі дұрыс түсіне қоймаған сияқты. Себебі, себетке бөтелкеден басқа заттарды да тастай салған. Бәлкім, бөтелкеге арналған жәшіктің пайдасы жөнінде халық арасында түсіндірме жұмысын жүргізу керек пе?!

Қазақ қашанда қара нанның қадірін білген халық. Бала кезімізден "нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар" деп үйреткен еді. Алайда, қоқыс жәшігіндегі нан қалдықтарын көріп, қазіргі кезде бұны жадында сақтап жүргендердің аз екенін байқайсың. Ас атасы саналатын нанның дастарханда емес, көшеде жатқаны өкінішті.

Жол жиегінде тізілген темекінің қалдықтары да көп. Біле білсеңіз, әлемде осы темекі салдарынан әрбір 6 секунд сайын 5 миллион адам ғажайып өмірмен қоштасады. Республикамызға келсек, 12 жастан асқан тұрғындардың 2 пайыздан астамы темекі шегеді. Бұл деректің таңғалатын түгі жоқ секілді. Өйткені, мектеп жасында жүрген оқушының да бұл затқа әуес екендігі жасырын емес.

Авангард мөлтек ауданындағы үйлер де аса лас емес. Тек әр подъездің алдында қоқыс жәшіктері орналаспаған. Сол себепті, халық қалдықсыз заттарды әр тесіктерге жасырып, кететін көрінеді.

Сондай-ақ, Абай аялдамасынан өткенде әженің қоқыс салатын орынды іздеп жүргенін байқадық. Қаламыздың орталық алаңында қоқыс салатын орынды таба алмай жүрсек, басқа аялдамаларда бар деп айта алмайтынымыз анық.

Деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын бес миллион тоннадан астам қатты-тұрмыстық қалдықтар пайда болып, оның тек бес пайызы ғана жойылады екен. Әрине, оның қоршаған ортаға тигізер залалы өте көп. Ал қаламызда бір тәулікте қоқыс алаңында шамамен 236 тонна қоқыс жеткізіледі. Айына тұрмыстық қалдық көлемі 7 мың тоннадан асады. Жылына бұл көрсеткіш 85 мың тоннаны құрайтын көрінеді.

P.S: Қаладағы тазалық жұмыстарын жүргізу үшін көше тазалаушылар күні-түні тынымсыз еңбек атқаруда. Биылғы жылы қаламызды көгалдандыру мақсатында тек жастардың өзі он мыңнан астам тал түп ағаштары отырғызылды. Егер бұл жұмыс әрі қарай да осы қарқынды дамитын болса, Атырау бәлкім, бірнеше жылдардан кейін әлемдегі ең таза қалалардың қатарына қосылып қалар. Кім біледі?! Бастысы, табиғат-ананы аялау біздің азаматтық міндеттеріміздің бірі екенін ұмытпайық! 


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.