Какой сегодня день

30 апреля

"Блог Құрылтай-2017" шарасы қалай өтті?

Қазақ блогсфера өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерінің басын біріктіретін «Блог Құрылтай-2017» шарасы өз мәресіне жетті. Жеті жыл қатарынан өткізіліп келе жатырған айтулы шараның азаматтық журналистика өкілдері үшін маңыздылығы орасан зор. Бұнда қатысушылар тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа достарын кезіктіріп, өз ортасын қалыптастырады. Барған өңірлерінің тарихымен танысып, біраз мағұлматтарға қанық болатыны да анық. Иә, Атырауда өткен "Блог Құрылтай" катысушылары өте керемет әсер алды деген ойдамыз. Десе де, мықты мотивация беретін және қызықты сәттерге толы Блог Құрылтайдың қалай өткендігін қатысушылардың өздерінен сұрап көрейік.

Динара Бағытова:

Блог Құрылтайға алғаш рет қатысып тұрдым. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін «Неге қатыспағанмын?» деген сұрақ туды. Өзім блог жазуды үш жылдан бері жүргізіліп келсе де, керемет шарадан құр қалғаныма өкіндім. Мен биылғы Блог Құрылтайдан не ала алдым? Ең бастысы, ақшаға сатып ала алмайтын тәжірибе мен спикерлердің дәрістері көңілімнен шықты. Бұрын ойымды жеткізуге қорқақтап қалатынмын. Блогерлердің айтқандарының арқасында ол ойым өзгеріп, керісінше мықты мотивация алдым. Сонымен қоса, жаңа достармен таныстым. Келесі Блог Құрылтайды асыға күтемін. Барлық ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.

Мырзабек Мырзахметов:

Бұл шара туралы алғаш Аршат Ораздың фейсбук парақшасынан көрген едім. Сайтқа жай ғана тіркеле салып, бір аптадан кейін қатысушылардың арасынан өзімді кездестірдім. Қазіргі таңда Көкшетау қаласының баспасөз қызметшісі болғандықтан, өзімнің жеке парақшамда белсенді емеспін. Ал, былай әкімдіктің парақшаларын жүргізіп отырамын. Блог Құрылтай жоғары дәрежеде өтті. Ұсақ-түйегіне дейін бәрі ойластырылған. Болашақта біздің қаламызда өткізсек пе деген ойым бар.  Ал, әлеуметтік желілерде біраз шулатқан Әнуар Нұрпейісовтың сөзі қазіргі таңда екі жақты пікір қалыптастыруда. Сөзді тура мағынасында жеткізбей таратқан Nur.kz- тің жазбасын қарсымын. Өзім баспасөз хатшысында жұмыс істеп жүргеннен кейін осындай жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Бұл порталдың трафик пен лайк жинауы деп санаймын. Ол жерде Әнуардың болашақта ұлт жойылып кетуі мүмкін деген пікірді ғана білдірді. Өзініз ойлап қараңызшы, біз мың жылдан кейін жер бетінде боламыз ба, жоқ па? Барлығы белгісіз ғой. Тіпті, бір ұлтқа айналып кетуіміз де мүмкін.

Алихан Жарар:

Жетінші рет ұйымдастырылған Блог Құрылтайдың Атырау жерінде өткеніне қуаныштымын. Бізді жақсы қарсы алды. Келеңсіз жағдайлар орын алмай, бәрі бағдарламаға сай уақытылы жүрді. Менің ойымша, барлығы жоғары дәрежеде өтті. Бұрын жеті ханның сүйегі орналасқан киелі Сарайшық жерінің Астана болғанын алғаш рет естуім. Атырау облысының тұрғындары дәстүрді сақтай білетін халық екен. Шарада әкіммен кездесуде Әнуар Нұрпейісовтың сөзі желіде біраз талқыға түскен еді. Әнуар қазақтың ғана емес, жалпы ұлт өкілдерінің жойылып кетуі мүмкін деген пікірді ғана білдірді. Мен оның көзқарасын толықтай қолдаймын. Қате ақпарат берген портал үнемі ақпараттың дұрыстығына мән бермей, қате жариялап жібереді. Баспасөзде бұны «сары баспасөз» деп атайды. Бұндай  әдіс қазіргі заманда өте танымалдылыққа ие.

Данияр Жаныс:

Блогсферада бес жылдан астам жүрсем де, Блог Құрылайтайға үшінші рет қатысуым. Блог Құрылтай әлеуметтік желілерде белсенді әр өңірден келген блогерлер жылда кездесетін алаңына айналды. Бізге Блог Құрылтай жаңа таныстар табуға мүмкіндік берді. Атыраудағы Блог Құрылтайдың ерекшелігі республикалық деңгейде өте мықты жазатын блогерлер, вайнер, паблик иелерінің келуі болды. Оларды күнде көре алмағандықтан, біраз тәжірибе жинадым. Атыраудың тарихын білу мақсатында ұйымдастырылған блогтурда ұнады. Ешкі сүті зауытына барған кезде, Сұрақ-жауап сайтынан оқыған ақпаратты көзіммен көргеніме қуандым.

Светлана Кужакулова:

Блог Құрылтай шарасының ұйымдастырылуы, оның орналасқан аумағы бәрі керемет. Өзім өте жақсы әсер алып қайттым. Десе де, дәрістерден жаңалықтар азығырақ болды. Азаматтық журналистика бағытында сөйлеген блогер Аршат Ораздың тәжірибесі жаңадан блог бастағандар үшін қолайлы деп ойлаймын. Алмас Тоқабаев пен Жалғас Ертай, вайнер Жэканың дәрістері көңілімнен шықты. Өзіме керек пайдалы дүниелерді алдым. Қанша жерден уақыт шектеулі болса да, бәрі еркін форматта өтті. Құрылтайға келген қатысушылар сұрақтарын еркін қоя алды. Ал, Атырау халқы өте қонақжай, мейірімді халық деп  толықтай айта аламын.

Әйгерім Тоқсанбек:

Блог Құрылтайға 4 жыл қатарынан қатысып отырмын. Спикерлерді бөліп жармай-ақ қояйын. Қай-қайсы болса да өз саласының мықты мамандары. Мазалаған сұрақтарыма жауап іздеу мақсатында қызығатын салама байланысты сабақтарға қатыстым. Ең сүйікті спикерім - Димаш ағай :) Ағайдың сабағына қанша қатыссам да, қатыса бергім, көрген сайын сұрақ қоя бергім келеді. Бұл жолы да SMM туралы айтқанымен, бұрын айтылмаған жаңа қырынан танытты. 

Ал ұйымдастырушылардың жұмысына толық көңілім толды. Еріктілерге де респект.  Бірақ, еріктілер бұл шараны ресми шара деп ойлады-ау, белгілі бір рамкада жүргені байқалады. Керісінше, жастарды (бізді анда-мында апарып жүрген еріктілер жас қой) ресмилікке үйретпей, еркіндікке баулыған жөн сияқты. 

Анығында, Блог Құрылтайдың не екенін, оның елге пайдасы бар немесе жоғын қатыспаған адам түсіне алмайды деп ойлаймын. Блогкэмп бізге білім берумен шектелмейді. Жер көреміз, әр өңірдің тарихымен танысамыз, дос, сырлас табамыз. Таныстықтың соңы махаббатқа да ұласып жатады. 

Атырау жұртына, ұйымдастырушыларға, жыл сайын өтетін дәстүрлі блогкэмпке дәстүрді бұзбай келген блогер достарыма, биыл алғаш рет қонақ болған катысушыларға ерекше алғысымды білдіремін! Достығымыз мәңгі болғай!

Әсем Сартбаева:

Атырауда өткен Блог Құрылтай форумы жоғары деңгейде өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген блогерлер, əлеуметтік желі белсенділері қатысты. Өзіме Əлішер Елікбаевтің айтқан сөздері, оның дəрісті бергенде мысалмен түсіндіре алуы ерекше қатты ұнады. Бұл шара бірнеше танымал тұлғалармен кездесуге мүмкіндік берді жəне Атырау жері толық мағлұмат алдым. Сарайшық мұражайын туралы, Атыраудағы мал, егін шаруашылығының жақсы деңгейде дамып келе жатырғанын көрдім. Сондай-ақ, Блог Құрылтай барысында ұйымдастырылған байқаудың жүлдегері де атандым. Атырау халқына ерекше ризашылығымды білдіремін.

Аршат Ораз:

Ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Техникалық жағынан жоғары баға бердім. Алайда, мазмұн және қатысушы контингенті соңғы жылдардағыдай нашар. Бұдан кейін "Блог-Құрылтай" деп аталатын іс-шараны доғара берсек болатын шығар. Қатысушылардың дені блогер емес және оның не екенін де білмейді. Сондықтан блогерлер жиынынан гөрі белсенді жастар немесе студенттер форумына көбірек ұқсап кетті. Дегенмен, блогерлікке қызығушылар да, блогерлердің өздерінің жеке "тусовкалары" да болды. Қанша дегенмен блогерлік ортаның "селебритилері" де кездесті. "Жас Атырау" сайтының оперативтігі ұнады. Сіздерге сәттілік тілеймін. Осымен тоқтамай, алға баса беріңдер!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.