ЭКСПО халық күткен үмітті ақтады ма?

2015 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін тойлаған болсақ,  2016 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын атап өткен болатынбыз. Ал, биыл "Болашақ энергиясы" тақырыбында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілуде. «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты мақсаты − халыққа энергия көздерін пайдалануды және энергетикалық ресурстарды тиімді тұтынуға ынталандыру. Жалпы, Астана «ЭКСПО-2017» бүкіл әлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылықты арттыруға, біздің халқымыздың қонақжайлылығын көрсетуге бағытталған. Осыған орай, «Жас Атырау» порталы аумағы 25 гектарды құрайтын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне барып арнайы көрмеге келген қонақтардың ЭКСПО туралы пікірін білген болатын.

Құлманова Гүлмира, Петропавл қаласының тұрғыны:

Астана қаласына арнайы отбасыммен қыдырып келдім. «ЭКСПО-2017» көрмесі осы жылдың басты тақырыбы болғаннан кейін, оны тамашаламай кету мүмкін емес. Сол себепті, билет алып ЭКСПО көрмесіне келдік. Көрме атауының өзі қатты ұнады. Алдымен, көрмені Қазақстанның павильонынан бастадық. Іші кең, ауқымды. Әсіресе, 8 қабаттағы шыны көпір ерекше әсер етті. Әр қабат ерекше идеямен жасалған. Ал, шетелден Корея және Түркия елінің павильоны ұнады. Себебі, бұл елдерді көру менің арманым. Мүмкін, сол себепті осы павильондарды жаныма жақын тартқан шығармын.

Насжанов Қасымхан, Ресей елінің тұрғыны:

Мен Ресей жерінен ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін арнайы келдім. Мұндағы тазалық, шараның ұйымдастырылуы көңілімнен шықты. Әрине, маған  Қазақстан павильоны ерекше ұнады. "Болашақ энергиясы" тақырыбын жан-жақты қамтыған. Төменгі қабаттан бастап, сегізінші қабатқа дейін барлығы ойластырылып жабдықталған. Қазақ елінің кеңдігі ерекше бейнеленген. Ал шетелге келетін болсақ, Қытай елінің павильоны ұнады. Себебі, Қытай елінің павильонына кірген сәттен-ақ, Қытай халқының энергиясын сезуге болады. Бірінші бөлімінде Қытай елінің экономикасы туралы көрме қойылған. Екінші бөлімінде арнайы сахналық қойылым қойылды. Сондай-ақ,  Германия елінің павильоныда жоғарғы деңгейде деп ойлаймын.

Абдуалиев Ернұр, Тараз қаласының тұрғыны:

Қазақ жерінде алғаш рет өткізіліп жатырған бұл көрмені тамашаламау мүмкін емес. Сондықтан, досым екеуміз арнайы көрмеге келдік. Павильонды аралау үшін бір күн жеткіліксіз екен. Әуелі Қазақстан павильонына кірдік. Бір ұнамағаны 8 қабатқа көтерілу үшін кезекке тұру қажет. Ал лифтіден бөлек арнайы баспалдақтар жоқ. Ұнаған жағы өте көп. Ерекше әсер еткен сегізінші қабаттағы шыны көпір және алтыншы қабаттағы күн планетасы болды. Күнге кіріп 6 минуттық видеоны тамашалау үшін кем дегенде бір сағат кезекте тұру керек. Дегенмен, іші тамашалауға тұрарлықтай. Шетелдік павильонында маған Франция мемлекетінің көрмесі ерекше әсер етті.

Тоқманбетова Гүлжанар, Түркістан қаласы:

ЭКСПО көрмесі - жаhандық ауқымды оқиғаның бірі. Әлем бойынша өткізіліп жатырған көрме болғаннан кейін, ЭКСПО-ны көру үшін отбасымызбен келдік.  Көпшілігінің айтуынша, Қазақстан павильонын аралау үшін ұзақ уақыт кетеді екен. Сондықтан, көрмені шет елдік павильондардан бастадық. Маған ерекше ұнаған Япония елінің павильоны. Онда жаңа технологиялар түрін ерекше көрсеткен. Ұйымдастырушылары да сыпайы. Сондай-ақ, Германия елінің көрмесі де ерекше. Онда көптеген лазерлік шоулар көрсетілді. Жалпы, бұл көрмеге келгенімізге өкінбейміз.

Әбіл Мәжүн, Қытайдан келген қазақ:

ЭКСПО-ны ерекше ықыласпен тамашалап жүрміз. Қытай елінен өз туған жеріме келіп бір сергіп қалдым. Көрмені осындай жоғарғы деңгейде өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.  Бұл көрме арқылы шет елдерге барып келгендей сезімде жүрмін. Маған Қазақстан павильоны ерекше ұнады. Өте кең әрі ауқымды. Төменгі қабаттан сегізінші қабатқа дейін жалғасқан бұл көрменің әр қабаты аспан бейнесімен бейнеленген. Әсіресе, екінші қабатта орналасқан орман мен әртүрлі лазерлік ойындар адамның көңіл-күйін көтереді. Ал шет елдік павильондарынан Әзербайжан көрмесі ұнады. Мұндағы ұйымдастырушылар өздерінің ұлттық киімдерімен және көрмесімен ерекше көзге түседі.

Алтынкүн Мунбаева, Түлкібас ауданының тұрғыны:

Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан арнайы отбасыммен, немерелеріммен келдім. Менің Астанаға үшінші рет келуім. Осындай кең ауқымдағы дүниені жасаған барша ұйымдастырушыларға ризамын. Көрмені аралауды Қазақстан павильонынан бастаған едік. Қарт кісі болғаннан кейін, бізге кезекке тұру қолайсыз. Сол себепті, біз секілді жандарға арнайы лифті қойған жөн болар еді. Дегенмен, барлық қабатта орнатылған көрме ерекше ұнады. Шетелдің павильонына келер болсақ өз еліміздің павильонына тең келмейді. Алайда, Түркия елінің павильоны ерекше әсер етті. Себебі, өте тыныш, түрлі-түсті теңіздің тастарымен бейнеленген. Сондай-ақ, Түріктің ұлттық тағамдарынан дәм татып демалып отыруға болады.

Дерик  Руель, Чехия мемлекетінің тұрғыны:

Біз жұбайымыз екеуіміз Чехия мемлекетінен келдік. Бұл біздің Қазақстанға алғаш келуіміз. Табиғаты құбылмалы екен. Қазақстан елі туралы бұрын -соңды естіген емеспіз. Тек осы ЭКСПО көрмесі арқылы таныстым. Осы уақытқа дейін әр мемлекеттегі төрт  ЭКСПО-ға қатыстым. Қазақстандағы ЭКСПО бұрынғылардан ерекше. Алайда, Қазақстан, Корея елдерінің павильонында кезектер өте көп. Тамақтанатын орындарда да, ағылып жатырған кезек.

Жалпы айта кетсем, Қазақстан маған қатты ұнады. Өте қонақжай. Халқы мейірімді, сыпайы. Тіпті, қоғамдық орындарда да, адамдар жылы араласады. Биік-биік ғимараттар көп екен. Бірақ, адам аз. Астана алдымен ғимарат тұрғызып, сосын халық жинағандай болып көрінеді.

Абенова Амира, ерікті:

Біз бұл ЭКСПО-ға Алматы қаласынан келдік. Жұмысымызды шілденің орта кезінен бастадық.  Барша ЭКСПО-ға келуші жандарға және келмеген жандарға көрмеге келіп, барлық павильондарды аралауға шақырамын. Өйткені, әр павильон өз ерекшеліктеріне қарай безендірілген. Әсіресе, "Нұр әлем" яғни, Қазақстан елінің павилионына міндетті түрде кіріп тамашалауға кеңес беремін. Өзімнің осы көрмеде ерікті болып қызмет атқарып жүргеніме те қуаныштымын.

Юсупов Дамир, Тараз қаласының тұрғыны:     

Мен Тараз қаласынан келдім. Ал ЭКСПО көрмесіне келемін деп ойлаған жоқпын. Астана қаласына келіп тұрып ЭКСПО-ны көрмей кету мүмкін емес болмады. Алғашқы көрмені Қазақстан павильонынан бастадым. Мұнда ерекше ұнағаны төменгі қабаттағы қазақ елінің салт-дәстүрі мен ойындарын ерекше көрсеткен. Сондай-ақ, бесінші қабатта орналасқан айдың бейнесі бейнеленген ғарыш кеңістігі ерекше әсер қалдырды. Өйткені, мен бала кезден ғарышқа ұшуды армандайтынмын. Шетелдің павильондарынан айтарлықтай ерекшелік байқамады. Барлығы бір-біріне ұқсас. Ең сорақысы павильонға алдыңғы есіктен кіріп артынан шығатынымыз. ЭКСПО көрмесінің үлкендігінен кішкене адасып қалып жатырған кезімізде болды. Ал, тағамдары қолжетімді бағада.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.