Какой сегодня день

17 октября

Ержан Нуреденов: "Ғылым саласына кездейсоқ келдім

Жасыл энергия көздерін заманауи құрылғылармен пайдалана білу басты тақырыпқа айналса, ол еліміз үшін ауқымды мәселе екені белгілі. Осы салада еңбектеніп, елімізде ғылымның дамуына үлес қосып жүрген ғалымдар баршылық. Солардың бірегейі, жасыл энергия тақырыбында ерекше жоба әзірлеген Ержан Нурединов. Күн мен желден энергия алатын ақылды ағашты ойлап тапқан жас ғалым Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экономика факультетінде мемлекеттік және ішкі басқару мамандығын бітірген. Бұл салаға еш қатысы жоқ Ержанның қызығушылығы қалай туды? Жоба елімізге қаншалықты пайдалы? Бұл сұрақтың жауабын біз іздеп көрген едік.

25 жасымда ғылым саласына қызықтым

2011 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне экономика факультетіне түскеннен кейін жасыл энергетика мені қызықтыра бастады. Мектеп кезінде шетелдің ғылыми-танымдық телеарналарында жасыл технологиялар туралы деректі фильмдер көрсететін. Ол кезде американдықтар бұл саланың қаншалықты маңызды екенін айтып, көптеген жасыл энергетика саласындағы мәліметтерге қанық бола бастадым. Қосымша қажет дүниелерді ғаламтордан іздедім. Сөйтіп, 25 жасымда күн мен желден энергия алатын ақылды ағаш жобасын ойлап таптым. Ғаламтордан, дәл осы жоба туралы еш дерек таппағандықтан, ақырындап іске асыруға жұмыстандым.

Заң бойынша әкімдер маған көмектесе алмайды

Негізінен, бұл жобада күн панелі мен жел генераторы қымбат тұрады. Қаражат мәселесіне тірелгендіктен, жылдам жасауға мүмкіндік тумады. Мәселен, күн мен желден қуат алатын бір құрылғының өзі 500 мың теңгені құрайды. Сондықтан, әкімдіктен көмек сұрадым. Заң бойынша мемлекет тарапынан зерттеу жүргізуге көмек қарастырылмаған болып шықты. Қытайлық мекеме жобаның қарапайым прототипін 300 мыңға жасауға келіссе, Қазақстандық мекемеге 100 мың теңге сұрады. Сол себепті, өзімнің қолымда бар қаражатыма жасатамын деп шештім. Прототипке керекті материалдарды AliExpress сайтынан сатып алдым. Барлығы: 30 мың теңгені құрады. Ал кішкентай күн панелі Қазақстандық интернет дүкендерінде сатылмағандықтан, Қытайдан алдырттым. Прототиптің биіктігі 135 см-ді құрайды.

Жобаның халыққа пайдасы зор

Экономикалық тұрғыдан айтар болсам, болашақта жоба іске асса 200-дің үстінде адамға жұмыс орнын ашуға болады. Сондай-ақ, осы технология саласында 10-нан аса заттардың түрін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығында ақылды ағаштың ұзындау түрі болса, қалада одан сәл орташа түрі қондырылады. Күн мен желден энергия алатын ағаш көшедегі автокөлік жолдарын да жарықтандырып тұрады. Сырты кәдімгі ағаш секілді. Ал басты қаңқасы темір құбырдан болады. Жасыл түсті, спираль тәріздес айналып тұрған - жел генераторы. Күн панелдерінің ерекшелігі - астында отырған кезде жапырақтың суретін көре аласыз.

Неге оны ақылды деп атаймыз? Өйткені, дүние жүзінде дәл менікіндей ақылды күн панелі әзірге жоқ, қазіргі таңда бұл жоба Қазақстанда патенттелген. Күн панелі автоматты түрде адамның қолданылуынсыз өз-өзінен тазартылады. Бұл панелді айына немесе аптасына бір рет шаң-тозаңнан тазартып тұрмаса, күн панелдерінің қуаттылық мөлшері түсіп кетеді.

 

Қарапайым халыққа қолайлы жағы – адам демалып отырып, тегін Wi-Fi-ді пайдаланады. Бірақ, ол адамның көзіне көрінбей ағаштың жоғары жағында орналастырылып, 150 метрге дейін тегін Wi-Fi таратып тұрады. Телефонды қуаттайтын да USB және розеткалары орналастырылады. Қыс мезгілінде отырғанда жылы болу үшін орындықтарға жылыту қондырғыларын қоямыз.

Теректің үстіңгі жағында 4 дисплей болады. Бірінде уақыт және температура көрсетіліп тұрса, екіншісінде жарнамаға арнап, қалған дисплейлерде жасыл энергия туралы ғылыми-танымдық видороликтерді көрсеткім келеді. Осылайша, жарнама арқылы жобаға кеткен қаражатты шығаруға үлкен мүмкіндік болары еді.

Энергия тапшылығы жетпейтін елді-мекендерді осы құрылғының арқасында жарықтандыруға үлкен септігі тиеді. Әрі ауада тарайтын зиянды газдардың мөлшерін азайтуға да болады. Мәселен, Алматы секілді үлкен қалаларда көп автокөліктер жанармаймен жүреді. Қондырғының көмегімен токпен жүретін автокөліктерді қуаттауға таптырмас мүмкіндік. Халыққа сапалы жобаны ЭКСПО көрмесіне ұсынған едім. Мекемелер қызығушылық танытқанымен, кепілге қояр қаражатым болмағандықтан жобамды қолдамады. Себебі, ЭКСПО басталу уақыты тығыз болғандықтан көрмеге қоюға үлгере алмадым. 

Шетелдік инвесторлар іздеу үстіндемін

Күн және желден энергия алатын ақылды ағашты университеттің ауласына қондыруға Тексан компаниясымен бірігіп жұмыстанып жатырмыз. Алайда, бұл жоба қанша қаражатты құрағанын дәл білмеймін. Жобаны "Тексан" компаниясы, А.Иассауи атындағы университет және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғалымдарымен бірлесіп, биіктігі 6 метр болатын қондырғыны дайындадық. Алғаш ойлап тапқан кезімде, өз ойымда ғана сақтап жүрдім. Прототипін, дизайнын бәрін басында өзім қолыммен сыздым. Әрине, бұрын бұл салада айналыспағандықтан, жобаны әзірлеу қиынға соқты. Алдағы уақытта шетелдік инвесторлар табылса, дизайнын кәсіби дизайнерге дұрыстап жасатқым келеді.

Бұдан бөлек, желден энергия алатын көп қалақшалы жел генераторын жасадым. Әзірше, жоба қаражатқа келіп тірелгендіктен, уақытша тоқтап тұр. Өйткені, оны іске асыру үшін қомақты мөлшерде қаражат керек. Менің жобамды қолдайтындар болса, әлі де елімізге мықты жобаларды дүниеге әкелемін.

 Қазақстанда жасыл энергетика саласында ғылым енді даму үстінде

Германия, Жапония, АҚШ секілді елдерде жасыл энергетика саласында ғылым саласы әлдеқашан дамып кеткен. Ал бұл Қазақстанға біртіндеп келу үстінде. Елімізде жасыл энергиядан алатын мөлшері тек бір пайыз. Ал 99 пайызын көмір, мұнай, газ бен судан алады.

Күн мен желден энергияны Қытай, Америка, Англия, Испания елдері көп пайдаланады. Олардың арнайы күн панелдерін, жел генераторларын шығаратын зауыттары жұмыс істейді. Биіктіктері үлкен ғимараттармен бірдей жел генераторларын өздері жасайды. Энергияны да көп береді. Шетелде жер қымбат болғандықтан, жел генераторларын қазір теңіздің үстінде де орнатады.

Неліктен жасыл энергияға тіреліп қалды деп ойларсыз? Оның басты себебі - қазіргі кезде ең өзекті тақырып. Қазіргі таңда тек күн мен желден ғана емес, толқыннан да, судың ағысынан да, жерің астындағы жылудан да энергия алуға болады. Дамыған елдер түрлі құрылғыларды жасап шығаруда. Оған "ЭКСПО-2017" көрмесінде көзім жеткен.

Жүзеге асырар жобаларым көп

Жасыл энергетика саласында 15-ке жуық жобам бар. Соның бірі, күн мен желден энергия алатын велосипед. Көпшілігі, бұл жобаға таңырқап қарайды. Бір жақсысы, алыс жерге саяхат жасаған мезгілде айдап жүрмейсің. Мотоицклде отырған күйде боласың. Тіпті, телефоныңыздың қуаты таусылса, велосипедттің де көмегі тиеді. ЭКСПО көрмесінде сәл осыған ұқсас велосипедті көрдім. Алайда, ол жүріп бара жатырғанда қуатталмайды екен. Себебі, жел генераторы орналастырылмаған. Тек күнмен ғана жүреді. Менің жобамда қуат көзі велосипед жүріп бара жатып та қуат алып тұрады.

Жоғарыда атап өткенімдей,  маған идея шетелдік ғылыми-танымдық телеарналарды қарағанда келеді. Ғаламтордағы ғылым және техника саласындағы жаңалықтарды қалт жібермеймін. Қай ғалым болсын, жаңа бір дүние ойлап тапса, мен одан өзгеше озық технология ойлап тапқым келеді. Сондықтан, көп ізденемін.

Қазір БҰҰ ұйымдастырған конкурсқа қатысып, бағымды сынап көру үстіндемін. Онда 64 мемлекеттің ішінен 5 үздік жобаны іріктеп шығарады. Менің жобам сол бестіктің қатарында. Алайда, финалға өтетінін бір ғана жоба болғандықтан, әлі қай жоба өтетіні белгісіз. Егер конкурстан жеңсем, жобаны жасақтауға 15 мың доллар көлемінде сыйақы ұсынады. Сонымен қоса, бизнес бастау жөнінде батыс Европа елдерінде өткізілетін 1 апталық курсқа тегін жолдама аламын.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.