Бүгін қандай күн?

20 қараша

Қаңғыбастар қайда түнеп жүр?

Бүгінде «бомж» десе, бәріміз шошына қараймыз. Көшеде жанымыздан өте салса, бойымызда қорқыныш сезім билеп, аулақ жүруге тырысамыз. Сөйлеп, ақша сұрай бастаса, қабақты түйіп, жиіркенішті сезіммен жүріп кетіп қалатынымыз да рас. Алайда, олар ұсқынсыз болғанымен, бәрі де ет пен сүйектен жаратылған, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандар. Басар таулары жоқ болғандықтан, көшені паналауға мәжбүр. Тіпті, бірінің өздерінің кім екендіктерін дәлелдейтін құжаттары да жоқ. Ал ол жандар қайда түнеп жүр? Қалай күн көруде? Кейбірі күл қоқыстың арасында түнесе, екіншісі «белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу» орталығына күндерін көруде. Олардың жай-күйін білу мақсатында бейімдеу орталығына бардық. Мекеменің басты міндеті – бір жылдың ішінде тұрағы жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету.

 Бәрі − ащы судың кесірі

Бұл мекеме қаламызда 2000 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 17 жыл уақыт көлемінен бері тұрғыны жоқ жандарға көмек ұшын созып келетін мекемеде бүгінде 19 адам бар. Оның алтауы − әйел, он үші − еркек.

−Бір жылдың ішінде бұл жандардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге қолдан келгенімізше ат салысамыз. Кей жандардың мүлде құжаттары болмайды. Біз құжат жасауға, оларды жұмыспен қамтуға, қарттар үйіне тапсыруға жұмыстанамыз. Үш мезгіл тағамдарын ішеді. Қазір мұндағы тұрғындардың көбі – қазақ ұлты. Жыл сайын олардың саны біршама болса да азайып келеді, − дейді орталық директоры Өміржан Жұманиязов.

2015 жылы орталықта 96 адам болса, 2016 жылы 86 тұрғыны жоқ жандар орталықта қоныстанған. Ал жеті айдың ішінде 62 адам қабылданса, түнгі бөлімде − 90 адам, әлеуметтік патрульмен ішке әкелген − 26 адам қабылданып, әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне орналасқандардың саны-2, бейімделіп пәтер жалдап кеткендер – 2, отбасына оралғандар – 2, қайтыс болғандар – 4, медициналық мекемесіне емделуіне байланысты – 4, бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп келіп орталыққа орналастырылғандардың саны – 6 адам. Мемлекет тарапынан қалалық жұмыспен қамту бағдарламасымен тығыз байланыс орнатқан. Бұл орталыққа түскен әрбір адам ең алдымен медициналық және санитарлық тексерілуден, киімдері және жеке заттары дезинфекциялаудан өткізіледі.

Адамдардың үй-күйсіз қалып, шаңырағы шайқалып, отбасынан айырылуының басты себебі – маскүнемдікке салынуы. Орталықта кез-келген адамды қабылдай бермейді. Мәселен, жұқпалы ауруға шалдықпауы, психологиялық ауытқуы болмау қажет. Мекемеде арнайы 3 медбикелер ауысыммен жұмыс жасайды. Олар ең әуелі келген адамды толықтай тексеруден өткізеді.

Орталықта түнеу бөлімшесі де бар. Кешкі сағат 19:00-ден таңертеңгі 09:00-ге дейін тұрағы жоқ жандар болса, түнеп кетеді. Қазір 5 адам түнгі кезек бөлімінде келіп, күндіз жұмыстарына кетеді. Мекемеде 50 адамға арналса, түнгі бөлімінде 20 орындықпен қамтылған.

Бос уақыттарын әркім өз қалауынша өткізеді. Қарт адамдар теледидар, кітап, газеттер оқып, еңбек жасындағылар базарларда көтерме саудамен айналысады. №1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекесіне қарасты №4 жылжымалы кітапхана филиалымен бірлесіп жұмыс істеп, 3 ай сайын кітап қоры жаңартылады.

Аналар да үйсіз қалмайды

Орталық директоры Өміржан Жұманиязовтың айтуынша, бөлімшенің жанынан «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер» арналған арнайы бөлімше 2012 жылдың ақпан айынан бастап қызмет етуде. Бөлімше 20 орындықпен қамтылған. Ашылған уақыттан бері мұнда 49 адам қабылданып, қызмет алды. Жолдасынан таяқ жеп, балаларымен үйсіз қаңырап қалған аналар бөлімшеде 6 ай тұра алады. Орталық қызметкерлері олардың отбасына кері қосылады немесе соттың шешімімен ажырасады. Балаларының да мектепке орналастыруына мүмкіндік жасайды.

Мерекелік іс-шаралар да өткізіледі

2014 жылы сәуір айынан бастап, арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж белгілі тұрағы жоқ адамдарды анықтап, жүзеге асыратын ұтқыр патруль қызметі жұмыс бастады. Ұтқыр патруль қызметі көшеден табылған үй-күйсіз қаңғыбастыққа салынған жандарға түсінік жұмыстары жүргізіліп, медициналық алғашқы көмек көрсетіледі.

Өміржан Жұманиязов, орталық директоры:

− Орталықта мерекелік іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Бізге кітапханалар мен колледж студенттер көмектесіп тұрады. Әр қызметкерлер бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес күнделікті жұмыстарын жүргізеді. Психолог тұрғындармен күнделікті тілдесіп, тренингтар өткізеді. Сол себептен, мен жақсы мамандарды жұмысқа қабылдадым.

Мені үйімнен сүйреп қуып шықты

Орталықты аралап жүріп, мейірімге мұқтаж жандардың бөлмесін араладық. Жүздері шаршаңқы. Көкейлерінде қояр сауал да көп секілді. Мұндағылардың тағдыры да әрқилы. Бірі ішімдіктің кесірінен отбасынан айырылып, осы мекенді паналауға мәжбүр болса, енді бірінің мүлде жанашыры жоқ. Сондай жанның бірі – Дамба ауылының тұрғыны Мария есімді әжей. Мекемеге келгеніне көп уақыт болмаған екен.

− Жолдасымның қайтқанына аз уақыт бола қойған жоқ. Мен оның − екінші әйелімін. Ал өзімнің балаларымның қайтыс болғанына көп уақыт болып қалды. Жолдасымның садақасын өткізіп болғаннан кейін мені қолымнан сүйреп, балалары қуып шықты. Ешкімге керексіз, қаңғырып қалдым. Амалсыздан көршілерді паналадым. Олардың үйінде қашанғы түней беремін? Сондықтан, осында келуіме тура келді.

Мария әжейдің қазір ешқандай туысы әлі күнге дейін іздеп келмеген. Орталық жақын арада Мария әжейді қарттар үйіне тапсыруға құжаттарды әзірлеуде.

P.S: Тағдырдың түрлі ауыртпалығына ұшыраған бұл жандардың өмірі жүрегіңді шымыр еткізбей қоймасы анық. Әрине, жасы үлкейген кезінде осындай тірлік кешіп жүруді олардың ойламағаны рас. Бейімдеу орталығын паналаған жандардың өміріне кім кінәлі? Өмірден баз кешіп, отбасынан жырақ қалған адамдарды қоғамдық ортаға бейімдеп, әлеуметтік жағдайының түзелуінен септігін тигізіп жатырған мекеме қызметкерлерінің еңбегі орасан зор.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.