Бүгін қандай күн?

19 қараша

Соқырлар қоғамы: "Тендерге түскенімізбен ұтылып қала береміз"

Біз өмірдің ғажайыптарын көзімізбен көрсек, олар өмірді жүрегімен сезіп, құлағымен естиді. Жарық сәулені көруді армандайтын зағип жандары көрген кезде көзімізге еріксіз жас келеді. Өмірге деген құштарлығы жоғары олар қоғамдық ортадан шектелмей, белсенді өмір сүреді. Аз да болса көмек қолын созып жүрген «соқырлар қоғамы» қаламыздағы бірінші топ мүгедектерімен жұмыс істейтін жалғыз мекеме.

Қазір жағдай мәз емес

Өңірімізде 18 бен 64 жас аралығындағы 650 зағип жан болса, оның 31-і «соқырлар қоғамына» қарасты өндірістік мекемеде қызмет етеді.

1946 жылы ашылған мекемеде алғашында соғыстан жаралы болып келген 8 жұмысшы еңбек еткен. Сол уақыттан бері балабақшалар мен ауруханаларды төсек орын жабдықтарымен қамтамасыз етумен айналысады. Алғашында бой көтерген жерде 50 адам жұмыс істесе, қазір 43 адам еңбек етеді. Зағип жандардың арасында мүлде және көзі нашар көретін 1, 2 топ мүгедектері де бар.

− Жекеменшік мекеме болып құрылғандықтан, бізге ешкім көмектеспейді. Әкімдерге талай хат жаздық. Барып та табанымызды тоздырдық. Тендерге түскенімізбен, үнемі ұтылып қала береміз. Қазір жағдай қиын. Қызметкерлердің қаражаттары да аз. Өз тұтынышуларымыздан айырылып қалмас үшін тауарлардың сапасын мықты етіп жасаймыз, − дейді кәсіпорын басшысы Болат Мұқитұлы.

Ерлер де тігінмен айналысады

Біз аяқ басқан «соқырлар қоғамында» қызу жұмыс жүруде. Тігін цехының шебері Сәуле Басарова зағип жандарды іске баулып келеді. 30 жылдан астам тәжірибесі бар маман зағип жандар үшін психолог та болып кеткен.

Тігін тігумен айналысатын зағип жандардың арасында ер адамдарда бар. Тіпті, туғаннан көзі көрмей, аяқ асты тас соқыр болып қалған жандар да қызмет етеді. Олар арнайы қоғамдық көлікпен жұмысқа қатынайды.

Өндіріс кәсіпорынның мақсаты − пайда табу емес, зағип жандарды қоғамдық ортаға тарту. Олардың алатын табыс көзі де мәз емес. Шамамен, қызметкерлері 15 мыңға жуық қаражат алатын көрінеді. Тіпті, кейде тапсырыс болмаса, бұл қаражат та табылмайды екен.

Ғимараттың іші ескірген. Әрине, 70 жылдан бері тұрған ғимараттың тозандануы заңдылық. Кәсіпорын басшысы Болат Мұқитұлының айтуынша, қыс мезгілі таяп қалғандықтан, зағип жандарға бұл жерде жұмыс жасау қиын. Тауарлар отандық өнім болғандықтан, сапасы жоғары. Әрі мата, мақталарды Шымкенттен көрші Қырғыз мемлекетінің Бішкек қаласынан көтерме бағамен әкеліп отырады.

Өмірге ешқандай өкпеміз жоқ

Бұл ортаға келген жандардың бәрі бір-бірін жақсы түсінісіп, туысқанындай болып кеткен. Олардың арасында қызмет етіп жүріп, отбасылы болған жандардың да бар. Соның бірі – кәсіпорында 29 жылдан бері жұмыс істеп келетін 1 топ мүгедегі Болдық Қабдешова.

Ол көзі көрмейтін балаларға арналған мектеп интернатында оқып, білім алған. Алғашында тігін цехына орналасып, осы мекемеде жары Ерболатты жолықтырып, отбасын құрған.

− Әрине, біздің мүмкіндігіміз шектеулі. Бастапқыда бәрін үйрену үшін көп уақыт қажет болды. Қолымыздан тек осындай дүние ғана келетіндіктен, қаржы аз болса да, қызмет етудеміз. Қазір жолдасым екеуміздің 4 ұлымыз бар. Тағдырдың басқа салғанына көнеміз. Өмірге ешқандай өкпеміз жоқ.

Мүгедектерді дамыту бағытында бүгінде жеңілдіктер жасалуда екендігін Болдық Қабдешова алға тартып өтті. Атап айтсақ, зағип жандар жыл сайын демалыс орындарында емделіп келсе, автобустар тегін жүреді. Сондай-ақ, ұялы телефондармен қамтамасыз етілген.

Болдық Қабдешова, қызметкер:

− Мемлекет тарапынан 47 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Ол отбасын асырауға, коммуналдық төлемдерге төлеуден ауыспайды. Қаражатымызды өсірсе, жағдайымыз да жақсы болады деп күтеміз.

P.S: Біз оларды мүмкіндігі шектеулі жандар деп айтсақ та, олар бұл сөзді мойындамайды. Қоғамнан тыс қалмау үшін қолдан келгенше еңбектеніп, қызмет етуде. Бізге ақтарыла сұхбат берген Болдық апай жұмыстың шамалап, көп тапсырыстар болмай қалатындығына өкінішін жеткізді. Күн көріс қамы үшін салқын жерде жұмыс жасауға тайсалмайтын жандарға көмек қолын созатын игі жандар табылса екен дейміз...


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.