Шетелде білім алу: «English language training»

«Шетелде білім алу» айдарының кезекті кейіпкері - Айгерім Семғалиева бакалавр мамандығын Қытай елінде оқыса, магистратураға оқуға түсу үшін Ирландияда ағылшын тілін дамыту үстінде. Оқуға деген құлшынысы зор Айгерім бізге шетелде білім алудың пайдалы тұстарымен бөлісті.
 
 
Шетелде білім алу бала күнгі армандарымның бірі. Бұл мақсатыма жетуге мүмкіндік жасаған ата-анама алғысым шексіз. Әрине, өзге елден жыраққа кету қыз бала үшін оңай дүние емес. Дегенмен, өзімнің бойыма сіңген қазақи тәрбие мен иманым ешқашан мені өз жолымнан адастырған жоқ. 
 
Ирландия мемлекетін таңдаған бірден-бір себебім жергілікті xалқы ағылшын тілінде жетік сөйлейді. Яғни, бұл елде ағылшын тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Сондықтан, ойланбастан бірден осы мемлекетті таңдадым.
 
Қазір мен Ирландия еліндегі магистратураға түсуге дайындайтын Дублин қаласындағы «English language training» ағылшын тілі мектебінде оқудамын. Оқуға түскеніме 7 ай болды. Одан бұрын 5 жыл бойы Қытай мұнай университетінде оқып, әрі қарай Еуропада білім алуды жөн санадым. Ал магистратураны Англия еліне оқимын деген жоспарым бар.
 
Менің мектебімде сабақ беру деңгейі өте жоғары. Қазір ағылшын тілінде шығарма жазудың қыр-сырын үйренудеміз. Менімен бірге Қытай, Бразилия, Франциядан келген студенттер білім алады. Барлық оқушының ағылшын деңгейі өте жоғары және әр-түрлі қызықты тақырыпта әңгімелесеміз. Олар Қазақстан қай жерде орналасқанын бұрын білмеген еді. Менің елім байтақ, үлкен деп суреттерін көрсетіп, салт-дәстүрмен таныстырдым. Сабақ беретін ұстаздарыма «ағай, апай» деп айтсам, басқалары атымен атайды. Мұғалімдер бізге студент ретінде қарамайды. Сондықтан, ұстаздарымызға өз ойымызды ашық білдіре аламыз. 
 
 
Алғаш бұл елге келгенімде Ирландиялық отбасымен тұрдым. Маған өте қызық болды. Себебі, бұл елдің күнделікті тұрмысы, халқының шаруашылық әрекеті бізден өзгеше. Мәселен, олар әр түрді фестивальдерді тойлауға құмар. Соның ішіндегі ерекше әсер қалдырған «Blooms Festival» (қазақша «жарқырау») фестивалі. Бұл күні қыз-келіншектер бұрынғы ғасырдағыдай әдемі ұзын көйлектер мен қалпақтарын киіп, әрленеді. Ал ер адамдар мен кішкентай бүлдіршіндер тарихи костюм киеді. Бір-бірінің үйіне барып, көше аралап, тарихи кітаптар оқиды. Фестивальді көргенде өзімді өткен ғасырда жүргендей сезіндім.
 
Қазір өзіммен бірге оқитын Мексика, Бразилия, Хорватия мемлекетінің қыздарымен өз мектебіме жақын жерде пәтер жалдап тұрамыз. Ирландия Еуропаның ең қымбат мемлекеттерінің бірі болғандықтан, транспорт жүйесі мен үй бағасы өте жоғары. Айына әрбір студенттен 200000 теңге көлемінде төлейміз. Бұл күнделікті өзіне жұмсалатын қаржыны қоспағандағы баға. 
 
Оқуға түскен жылдың алғашқы айы маған қиынға соқты. Себебі, өзге орта, үйге деген сағыныш секілді сезімдер сені өз еліне қарай тартып тұрады екен. Екі ай уақыт өткеннен кейін бәріне де үйрендім. Жаңа достар кезіктіріп, өмірім өзгере бастады. 
 
 
Ал табиғатына келетін болсақ, ауа-райы өте таза. Табиғатының ғажап  көріністерінің көптігі сонша, әрбір демалысымды достарыммен табиғат аясында өткізуге тырысамын. Қысы-жазы жап -жасыл болып тұратындықтан, мемлекеттің символдық түсі де жасыл.
 
Еуропа жастары өздерінің ашық, еркін, қөңілді мінездерімен ерекше. Жастардың көбі оқумен жұмысты бірге алып жүреді.17-18 жасынан бастап ата-анасына тәуелді болмауға және бөлек тұруға ұмтылады. Сонымен қатар, бұл елдің адамдары спорт пен дұрыс тамақтануға құмар болып келеді.
 
Қазағымның қонақжайлығы мен ешқандай мемлекетпен салыстыруға келмейді. Бұл елде біздегідей қонақжайлық жоқ. Бірақ әрқашан күлімдеп, жүздері шырайланып жүреді. Алайда, Қытай халқының еңбекқорлығына жетпейді. Ең қызығы, біз секілді шайды сүтпен ішіп, еттен жасалған тағамдарды жақсы көреді.
 
Шетелде білім алудың ерекшеліктері мен пайдасы өте көп. Біріншіден, өзіңізді интеллектуалды деңгейде дамытасыз. Екіншіден, басқа елдің тариxына тұрмыс-тіршілігіне үңілесіз, ең бастысы жоғары деңгейде білім аласыз. Қазіргі заманда бізге қойылған талаптың бірі - білім алу. Өйткені, біліміміз мына заманның талабына сай келмесе, орта жолда қалып, заман агымына ілесе алмай каламыз. Сондықтан, шетелде оқығысы келетін жастарға кеңесім - өз мақсатыңызды нақты айқындап ,өзіңізге әрқашан сенімді болып, алға ұмытылыңыз! 
 
Жалпы, өзім шығармашылыққа мектеп кезімнен бері жақын болдым. Мектепте ұйымдастырылатын кештерді жүргізіп, поэзия оқитын өнерім бар. Бірақ, қазіргі уақытымның бәрін өзімді дамытуға арнаудамын. Болашақта оқу орнымызда өтетін шығармашылық шаралармен қатар, оқуды да қатар алып жүремін. Енді мақсат –Англия еліне магистратураға түсу. Ал арманым-Қазақстанда білім жүйесі дамып, біліміге құлшынысы зор, жағдайы төмен отбасылардың өз білімдерін дамытуға мүмкіндік туғанын қалаймын.
 
 
Оқуға тусу мен үшін аса қиындықтар туғызбады. Тез әрі сапалы қызмет көрсететін Алматы қаласындағы Логос компаниясың көмегіне жүгіндім.
 
Ирландияға оқуға түсу үшін мынадай құжаттар керек:
 
− туу туралы куәлік, жеке паспорт көшірмесі;
− медициналық тексеруден өткен құжат;
− ата-анаңыздың жұмыс орны мен айлық табысы;
− банктегі қаражатыңыздың сомасы.
 

Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.