ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Рио олимпиадасы несімен есте қалды?

Просмотров - 592
23.08.2016

Күллі әлем назарын өзіне аударып, жанкүйерлер тілегін бір арнаға тоғыстырған Рио-де-Жанейро қаласында өткен – ХХХІ жазғы олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Спортшыларымыз өзге мемлекетте ел әнұранын шырқатып, туымызды көкке көтерді. Миллиондаған халықтың үкілеген үміті мен зор сенімін ақтады. Өзге мемлекеттермен иық тіресіп, бақ сынасты. Әділетсіздікке де ұшырады. Жеңісі үшін аянбай тер төкті. Олардың жеңісі мен жеңілісіне біз де куә болдық.

Додаға 207 мемлекеттен 11 544 спортшы келген болатын. Оның ішінде Қазақстан атынан барған 104 спортшы, қоржынымызға 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль салды. Ал, жалпы командалық есепте 22 орынға табан тіредік. 

Рио олимпиадасы несімен есте қалды? Сонымен…

Олимпиада қазақ спортшылары үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы күні-ақ қоржынымызға қос медаль түсті. Дзюдошыларымыз Елдос Сметов күміс, Отгонцецег Галбадрах қола жүлдеге ие болды.

Қазақстандықтар сапынан алғашқы алтынға, атыраулық ауыр атлет Ниджат Рахимов қол жеткізді. Сонымен қоса, Ниджат серпе көтеру сайысы бойынша, 2001 жылы қойылған әлемдік рекордты жаңартып, екі бірдей қуаныш сыйлады. Бұл күллі қазақ еліне ғана емес, атыраулықтар үшін де ерекше мейрам.

Ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанып, қазақ қыздары арасынан шыққан алғаш жүлдегер зілтемірші ретінде тарих беттерінде аты алтын әріптермен жазылды.

Небәрі 21 жасар Дмитрий Баландин брасс әдісімен жүзуден, 200 метр қашықтықты бағындыруда алдына жан салған жоқ. Бұл Қазақстан тарихындағы жүзу спортынан олимпиада ойындарының алғашқы жүлдесі. Осы жеңісінен кейін ол, жанкүйерлер арасында «қазақстандық Фелпс» деген лақап атқа ие болды.

Бұл олимпиадада тағы бір нәрсе есте қалды. Ол былғары қолғап шебері Василий Левиттің күмісі! Нағыз алтынға тең еді. Ақтық сынға сүрінбей жеткен спортшымызды, төрешілер ресейлік боксшының алдына жығып берді. АИБА төрешілерінің шешімімен келіспегендер сол жерде наразылық танытып, кейін әлеуметтік желідегі парақшаларына да өз ойларын жарыса жазып жатты. Левит Қазақстан үшін батыр ұл!

Боксшымыз Әділбек Ниязымбетов биылғы олимпиада да күміс жүлдеге ие болып, «Күмісбек» атанып кетті. Марапаттау сәтінде көз жасын жасыра алмады. Бұл спортшымызда алтынға лайықты болатын. Бірақ, бұйырмады. Әділбектің жеңгенімен, әділдік жеңбеді ме кім білсін?!

Қазақстанның қоржынына үшінші алтынды, боксшы Данияр Елеусінов салды. Данияр алтын алған сәтте, әлеуметтік желілерде біраз шулады. Ақтық айқасқа шығар алдында өзінің «инстаграм» желісінде, біздің жанкүйер болуымызды қалаған еді. Жанкүйерлер үмітін ақтап, оған үлкен қолдау білдірді. Данияр да ел сенімінен шығып, қанжығасы майланды.

Бұдан бөлек боксшы Иван Дычко және Дариға Шакимова – қола, еркін күрес шеберлері Гюзель Манюрова – күміс, Сыздықова Эльмира мен Ларионова Екатерина – қола медальді місе тұтты. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен ауыр атлеттер Фархад Харки, Александр Зайчиков және Карина Горичева үшінші орын иеленді.

Міне, Қазақстан әлемге тағы бір мәрте танылды! Бразилия жерінде өткен олимпиада қазақ спортшылары ел үмітін ақтады, сенімнен шықты. Оларды бүгінгінің батыры десек, артық айтқандық емес. Биылғы олимпиада да осы сәттер есте қалды. Ал сізде ше?

 (суреттер әлеуметтік желіден алынды)

Расскажи друзьям
Читай так же