Какой сегодня день

30 апреля

Смадияр Мырзағалиев: "Қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын"

Алла тағала əуелден-ақ сынақты өзінің сүйген құлына, оның ішінде көтере алатын жандарға беретіні мәлім. Ол өмір мен өнер майданында талай рет жалғанның қиындығын көрсе де, тағдырына өкпелемеді. Ауызын жыбырлатса жұлдыз бола шығатын талай "əншісымақтылардан" əлдеқайда биік, танауын көтеріп «таланттымын» дегендерден өнерлі. Қолына гитарасын алып, ән шырқаған кезде жан адамның жүрегін тебірентпей қоймады. Жаратқан оның жанарын алды да, ғажайып дауыс сыйлады. Бүгінгі біздің «Жүрек мейірімі» айдарымыздың кейіпкері, Нұрлан Өнербаевтың шəкірті, әнші, гитарист Смадияр Мырзағалиев.

— Ең алдымен бала Смадиярдың қандай болғанын еске түсірсек...

— Мен Атырау облысындағы қарапайым отбасылардың бірінде дүниеге келдім. Әкеміз өмір бойы бас инженер, ал анамыз мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. Біздің бала кезімде Гурьевте көзі көрмейтіндерге арналған мектеп болған жоқ. Сондықтан Алматы қаласына жолдама алып, 1984-1993 жыл аралығында зағип жандарға арналған мектепте білім алдым. Атырауға келгеннен бастап «Соқырлар қоғамында» қызмет етемін. Бала кездегі қылықтарыма қарап, ағайындарымыз мені спортшы болады деп ойлаған екен. Ал мен  5 жасымнан бастап, өнерге деген қызығушылығым оянып, түрлі-түрлі байқауларда жүлделері орындар иеленіп жүрдім. Кейін Алматыдағы «соқырлар мектебін» бітіргеннен кейін, консерваторияға түскім келді. Алайда, сол жылы әкем ауыр науқастан көз жұмып, оқудың сәті түспеді.

Өнерге келуіңізге кім себепші болды?

— Жалпы, екі жақта да өнерге құштар жандар табылады. Десе де, өзім әжемнен келген өнер-ау деп ойлаймын. Кішкене кезімде көбіне орысша әндер айтып жүрдім. Кейін қазақ тілінде ән айтуыма себепші болған Нұрлан Өнербаев  ағамыз еді. Ол кісі мектепке қонаққа келгенде 5 сыныпта оқитынмын. Сол кезден бастап, Нұрлан аға екеуміздің  қарым-қатынасымыз жақсы. Ол кісі менің ұстазым. Дәл бүгінге дейін арамыз суыған емес.

Тағдырыңыз жөнінде сыр шертсеңіз...

— Тәй-тәй қадам басқан шағымда қатты ауырсам керек. Кейін дәрігерлердің  теріс ем жасауынан жанарымнан айырылып қалдым. Ол заманда дәрігерлерге ештеңе дей алмайсың. Шарасыз тағдырыма көнуге тура келді. Дегенмен, қалаған жеріме өзім баруға тырысамын, аз да болса балаларымның күлімдеген жүздерін көре алғаныма ризамын. Қаншалықты қиын болса да, өткенге өкініш жоқ.


Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

— Шүкір. Жұбайым екеуміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Тұңғыш қызымыз колледжде білім алса, қалғандары мектеп оқушылары. Бәрі де өнерге жақын боп өсіп келеді. Бастысы, тіл-көзден аман болсыншы.

Өнер адамдары жиі ғашық боп жатады. Ал сіз ше?

— Жиі ғашық болатыным рас. Жас кезімде өзімнен 5 жас үлкен қызға ғашық болғаным бар. Бірақ екеуара армандарымыз орындалмады. Ол тұрмыс құрды, мен үйлендім. Алайда, ол отбасымен жараса алмай, тағдырдың қиындығын көрді. Кейде оған: «Сені сол кезде алып қашуым керек еді» деп қалжыңдап қоямын. Шүкір, қазір жарым, балаларым жанымда. Ер адамға бұдан асқан қандай бақыт керек?!

Соңғы кезде сахнадан көрінбей кеткеніңіздің себебі неде?

— Алла адамды пенде етіп жаратқаннан кейін, қанша жаста болса да қолдауға зәру етіп қояды. Шыны керек, облыстық не қалалық мәдениет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. Барлық концерттерге шақырту алмаймын демесем де, кез-келген концертке қатыстыра бермейді. Тағы бір айта кететіні, кейбір әншілерді бағдарламаға енгізіп қойып, аяқ астынан той-томалағы шығып қалса, амалсыз орынына шақырады. Осыдан кейін «қадірім қашпады» деп айтып көр...


Болашақта тек Атыраудың сахнасымен шектеліп қалмай, Нұрлан Өнербаев сияқты өнеріңізге жанашыр ағаларыңыз қолдап жатса, республикалық сахналарда бой көрсеткіңіз келмей ме?

—Менің бүкіл өмірім Алматыда өтті десем артық айтқаным емес. Сол жаққа қоныс аударғым да келген. Дегенмен, бұйырмыстан қашып құтыла алмайсың. Тағдыр бәрін өзі шешеді екен. Алла бұйырса, алдағы күзде 40 жасқа толған соң, арман қалада жеке ән кешімді бергім келеді. Қазір жан-жақты сөйлесіп жатырмын. Орайы келіп, демеуші табылып жатырса, ұйымдастырамын деген ойым бар.

Шығармашылық кешіңізде кімдердің өнер көрсеткенін қалар едіңіз?

— Әрине, ең әуелі Нұрлан Өнербаевтың болғанын қалаймын. Бірге араласып жүрген өнердегі достарым Рамазан Стамғазиев, жазушы, драматург, «Абайтанушы» Тұрсынжан Шапай, Гүлмира Ақүрпекова, Лашын Мұратқызы сияқты замандастырымның жанымнан табылса, қуанар едім.

Қиналған кезде кім қолдау білдірді?

— Ең бірінші қолдаушым – анам. Отбасымда түсінушілікпен қарап, қабақ шытып көрген емес. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Хабиева Нұрлы Тауфихқызына алғыс айтқым келеді. 2014 жылы Елбасының «мүгедектер кедергісіз жұмыс жасау керектігі» жөніндегі жарлығы шыққаннан кейін, Атыраудағы мүгедектерді қамқорлап, біразын жұмыспен қамтамасыз етті. Алайда, қанша қиындық көрсем де, адамнан бұрын Алладан қолдау сұрадым. Өзім сияқты тағдырластарыма айтарым, алдынан қанша сынақтар тосса да, күресе білуі керек. Бастысы сол. 

Смадияр аға, сіз тағдырдың қиындығын көрсеңіз де, сан түрлі сынақтарға мойымай, қазақ өнеріне таудай үлесіңізді қосып жүрген тұлғасыз. Біз сіздің болашақта әлі де биік белестерді бағындыратыныңызға сенеміз. Сізге шығармашылық жетістіктер тілейміз! Бізге уақыт бөлгеніңіз үшін үлкен рахмет!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.