Какой сегодня день

17 октября

Самал Бауыржанқызы: «Емге 1 миллионнан астам қаражат керек»

Біздің арамызда кездескен қиындықтарға мойымай, өмірге деген құштарлығын ерекше танытып жүрген жандар баршылық. Тұрақты түрде жарық көретін «Жүрек мейірімі» айдарының басты мақсаты да осы жандар төңірегінде әңгіме өрбіту. Біздің келесі кейіпкеріміз − рухы мықты Самал Бауыржанқызы. Кішкентайынан ДЦП дертіне шалдыққан бойжеткеннің аяқ басып жүруіне жақын жандары көмектеседі. Оның толықтай сауығып кетуі үшін қаражат керек. Олай болса, арманы асқақ бойжеткеннің сырлы әңгімесіне бірге құлақ түрейік.

 

 11 жасымда аяққа тұрдым

Дүниеге келген күнімнен бастап, маған ДЦП диагнозы қойылды. Әдетте, бұл науқаспен ауыратын балалар есін білмей жатса, менде дерттің орташа деңгейі. Кішкентай күнімде адымдай алмайтынмын. Ол кезде ата-анамның қолында мені емдейтіндей қаражат та табыла қоймады. Өздеріңізге мәлім, 1990 жылдары Қазақстан енді ғана құрылып, тәуелсіздікке қолы жаңа ғана жетіп жатты. Қазіргідей ауруына шипа болатын беделді ауруханаларда жоқтың қасы. Үнемі массаждар мен екпелерді қабылдап жүрдім. Тіпті, ата-анам жақсы деген емшілердің барлығына дерлік апарды. Алайда, одан ешқандай нәтиже шыға қоймады. Бәлкім, көмегі тиіп, өз бойымнан ештеңе байқамаған да шығармын.

Бағасы 12-15 мың тұратын қымбат дәрілерді алып іштім. Әрі 5 жасымнан 10 жасыма дейін Алматы қаласындағы балаларды оңалту орталығында барып, біраз емделіп қайттым. Одан бұрын Атырау қаласындағы ауруханада «Аджип» мекемесінің көмегімен 2 рет ота жасатылды. Осы жасатқан отадан кейін, мен бұрынғыдан жақсара түстім. Сөйтіп, 11 жасымда алғашқы қадамдарды жасай бастадым. Бірақ, оны жүріп кетті деп айту қиын. Жалпы, ДЦП-мен ауыратын сәбилер тек бір-екі қадам ғана жасай алады. Сол кезде менен бақытты жан болмаған шығар. Анам аяқ басқанымды көріп, еріксіз көзіне жас алды. «Менің бар уайымым бітті. Мен енді жүре аламын» деп ойладым.

Қуанышым ұзаққа созылмады

Бәрі көрген түстей ғайып болды. Сенің бір-екі қадам басқаның ешнәрсені шешпейді. Алайда, мені әрі қарай ештене тоқтата алмады. Бастапқыда бөлмеде ақырындап жүрдім. Оны үйрену үшін де 5 жылдай уақыт кетті. Ал бір орында тоқтап қалуды әлі күнге дейін үйрене алмай келемін. Дегенмен, шүкір өз аяғыммен нық қадам басып жүре аламын. Менің осылай аяққа тұруыма Алматы қаласындағы балалар оңалту орталығы көп септігін тигізді. 7 жыл бойы Алматыға үзбей барып, емделіп жүрдім. Осы тұста, менің жазылуыма үлесін қосқан орталықтың дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Әсіресе, жаттықтырып қана қоймай, өмірге дұрыс көзқараспен қарауға үйреткен тренерім Шамиль Адиловпен әлі күнге дейін байланысымызды үзбей, араласып тұрамыз.

Емге 1 миллоннан астам қаражат керек

Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Жарты емді алу үшін «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры 200 мың теңге көлемінде жинап берген болатын. Дегенмен, осы жолы көмек сұрағым келмейді. Атырауда жалғыз ДЦП-мен ауыратын мен емеспін ғой.

Әрине, елімізде қайырымды жандар бар. Олардың көбі 18 жасқа толмаған балаларға көмектеседі екен. Мүмкін, үлкен жастағыларға қол ұшын беретін мекемелер бар шығар. Білмеймін... (сәл мұңайып)

"Жүректен жүреккенің" парақшасын жүргіземін

«Жүректен жүрекке» қоғамдық қорына келгеніме 2 жылдан астам уақыт кетті. Жетекшіміз Әйгерім Жәрдемқызы өте керемет жан. Бәріне жылы қабақпен қарайды. Үнемі керек дүниелерді үйретіп, жол көрсетіп отырады. Мен оның адами қасиеттерін жоғары бағалаймын. Әйгерімнің арқасында қазір «Жүректен жүрекке» алдыңғы қатардағы қорлардың бірі болды. Қазіргі таңда осы қордың парақшаларын жүргізіп келемін. Қайырымдылыққа арналған парақша болғандықтан, оқырмандары көп аккаунттар біздің жасаған жұмыстарымызбен бөлісіп отырады. SMM бағытында өзімше жұмыс жасау үстіндемін. Атырауда парақшаңа көп оқырман жинап беретін мамандар да аз. Сабағыма көңіл бөліп, уақытым болмай қалған жағдайда парақша да тынышталып қалады. Алдағы уақытта жүргізіп отыратын көмекшім де пайда болар.

Мені «мүгедексің» деп мазақтайтын

Үйдің кенжесі болғандықтан, ерке боп өстім. Сегіз айымнан бастап, былдырлап тілім шыға бастады. Жүре алмағандықтан, отырып ойнайтын болдым. Мен осылай отырсам, өзге балалар да осылай ойнайды ғой деген ой болды. Алайда, сыртқа шығып, балалардың асыр салып ойнап жүргенін көресің. Сонда ақылдығымнан болар, ата-анама «неге мен жүре алмаймын?» деп сұрақ қоймаған екенмін. Шамасы, өзімнің мүгедек екенімді түсінген болармын.

Бір күні аулада ойнап жүрген бір топ балалар: «сен мүгедексің, жүре алмайсың» деп мазақтай жөнелді. Өте жуас болып өскендіктен, оларға қалай жауап берерімді білмей дал болдым. Осындай мазақтау сөздерден кейін жылап немесе үндемей қалушы едім. Уақыт өте келе оларға да жауап беру керек екенін түсіндім. Әрине, бұл сөздер сенің жаныңа қатты батады. Сондай кезде жанымда бірге ойнаған досым да болмады.

Оның есесіне, кітапқа құмарлығым артты. Сабақ басталғаннан кейін де мен бұл ортаға сіңісіп кете алмадым. Мұғалімдер үйге келіп тұрды. Енді оларды ешкім тексермейтіндіктен, біресе келеді, бірде келмей қояды. Оған қарамастан, мен сабақты барынша жақсы оқыдым. Өсе келе өзімнің жаныма жақын достар тауып, тек солармен ғана араластым.

Барлық мәселе − жалғыздықтан

Қазіргі таңда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экономика мамандығы бойынша білім алудамын. Бұл салаға қатты қызығушылықпен келдім. Группаластарыммен жақын араласамын. Анам университетке дейін алып келсе, одан әрі группаластарымның көмегімен жүремін. Олар болмағанда мен білім де алмай, үйде отырып қалушы едім. Ал, анам болса немерелерінің қасында отырудың орнында әрдайым менің қасымда жүреді. Университетке  арнайы үкімет бөлген таксимен барамын. Ол тек оқитын ортаң мен ауруханаға апарады. Сол жағы сәл қиындау. Негізінде адамның барлық мәселесі өзін жалғыз сезінуінен болады. Университетке бармастан бұрын жүрегім айнып, басым ауыратын. Қазір бұл ауруларды ұмытып кеттім.

 Мотивацияны қайдан алам?

Егер де мен көз жасымды көлдетіп отыра беретін болсам, жүйкемнің жұқарғанынан басқа ештеңе өзгермейді. Міне, мен мотивацияны осыдан аламын. Тренерім Шамиль Адилов маған осы жағынан жақсы мотивация береді. Ол үнемі: «осылай жүре беретін болсаң, ешкімге керек емес болып, үстіңнен әрбір адам басып кететін болады» деп айтатын. Жылап, мұңайған кезде осы сөз маған бойыма күш береді. Сондықтан, өзімді ешқашан мүгедектердің қатарында қосып көрмеппін.

Жиі мұңаймаймын. Кей кезде мұңайсам, анамнан ғана жылулық іздеймін. Психологиялық кітаптарда шешілетін дүние бәрібір шешемін табады деп жазады ғой. Ал ол үшін жылаудың не қажеті бар?

Жоғарыда айтып өткен тренерім Шамиль Адилов мені адам ретінде менің ең кемшіл тұстарымды көре білді. Маған мотивация беру үшін: "сенің қолыңнан ештеңе келмейді" деп айту қажет. Сонда ғана қолымнан келетінін дәлелдей түсемін.

Аяққа тұрып кетуді армандадым

Шындығында, бала күнімде аяққа тұрып кетуді ғана армандадым. Басқа дүниені армандап көрмеппін. Аяққа тұруым мен үшін күтпеген бақыт. Өмірімде бәрі бітті деп ойлағанымда қайтадан жаңа дүние басталғандай болды. Өмірімде еш нәрсеге өкініп көрмедім. Болашақта да өкінбеймін деп ойлаймын. Мені алға жетелейтін − тек анам. Анам маған қандай сеніммен қараса, мен де оның сенімінен шығуға тырысамын.

Адам баласы түптеп келген кезде армандайтын екі нәрсе бар. Ол − бақыт және жанының тыныштығы. Мен де соны армандаймын.


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.