Бүгін қандай күн?

10 желтоқсан

Шырағыңды жағар сенің жан бар ма?!

Шымырлаған шілденің бас кезі. Қаланың қапырық ыстығы  тура тынысыңды тарылтып, күннің көзі бетіңе шаншылып кеудеңе кіріп баратындай. Күздің самал желі мен салқын лебін аңсайсың еріксіз. Осы бір жанымызға батқан ыстыққа қарамасан "Жүрек мейірімінің" келесі кейіпкерін іздеп әлекпіз. Қандай кейіпкер? Қайдағы "Жүрек мейірімі" дерсіздер? Түсіндіре кетейік. Дүниеде төрт құбыласы тең адам жоқ шығар, сірә! "Менде бәрі бар,аңсаған арманыма жеттім болдым-толдым", − дейтін жанды осы уақытқа дейін кезіктірген емеспіз. Бірі − сау, бірі − жетілмеген науқас. Ал, бірінің тіпті, қара нан алып жеуге жағдайы жетпейді. Оны біз теледидардан көріп іштей аяғанымызбен келесі күні ұмытып кетіп жатамыз. Міне, осындай көмекке мұқтаж науқас жандарды іздеп олардың бүгінгі тынысы туралы ақпарат беру − "Жүрек мейірімі" айдарының басты мақсаты.

Осылайша, ыстықпен алысып, көшедегі көліктермен қайшыласып жүргенімізде жолдың шетінде орналасқан бір тақыр үйге келіп тоқтадық. Бұл үй − біздің кейіпкеріміздің шаңырағы. Үйге кіре сала, ерекше жылуды сезесің. Алдымыздан ақжарқын, кескін келбетті орта жастағы апай шығып өзін таныстыра бастады.

Бұл үйде жеті шырақ бар екен. Сол жеті шырақтың өзіне тән ерекшеліктері бар. Алайда, жеті қазынадай болған бұл жеті шырақтың бірі өзгелерден тым ерек. Міне, біздің кейіпкеріміз осы жеті шырақтың бірі. Үй ішіндегі бөлмеге кіргенімізде көзіміз оң жақта отырған кішкентай ер балаға түсті. Бөлменің қабырғасында ілулі тұрған сағат тілі осы бір балақайдың демімен ілесіп әлек. Түйсігінде тұманы бар бұл періштенің ойлы жанарымен бізге қараған сәтінде-ақ ішкі дүниесінде үміт оты жанып тұрғаны аңғарылды. Құдды бір қанаты әлсіреген құстай. Аспанға қалықтап ұшқысы келеді алайда, дәрменсіз.

Бізге аңтарыла қарап тұрған бұл сүйкімді баланың есімі − Әділхан. Жасы − небәрі жетіде. Сырт келбетіне қарап, оны 4-5 жастағы бала деп ойлауға болады. Алайда, Әділханның ойлау қабілеті өз жасына сай. Жеті жасар бала болса да, өмір туралы көп ойланатын ол өзінің жаратылысын, Алланың бергені деп қабылдайды.

Оның өзгелерден жаратылысы бөлек. Себебі, өзге балалар асыр салып ойнап жүрсе, ол сырттай ғана жамбасымен қимылдап бақылап отырады. Кейбірі өздерінің жаратылысына көңілі толмай шүкіршілік етпесе, ол керісінше өмірге құштар. Біздің он екі мүшеміз сау болса, оның денесі жасанды аппарат арқылы дамиды.

Әділханның сырқаты басқа сырқаттардың уәжіне мүлде ұқсамайды. Қаhарлы қыстың ызғарымен шыр етіп дүниеге келген сәтінен-ақ, Әділханды  дәрігерлер бірден үлкендерге арналған қалалық ауруханаға жіберген. Сол кезде дәрігерлер Әділханға "сүйек сыну"(остеогеноз) деген диагноз қойған. 

Дәрігердің айтуынша, мұндай ауру жиырма жылда кездесіп тұрған көрінеді. Осыдан жиырма жыл бұрын осындай сырқатқа шалдыққан бір қыз болған. Алайда, дәл қазіргі таңда ол қыздың қайда екені белгісіз. Анасы Ләззат апай баласының тіпті, жөргегін ауыстырған сәтте сүйегі сынып кете беретін болғанын айтады. Бес жасына дейін айлық балаға арналған монежде дамыған.Тамақты белгілі бір аппарат арқылы қабылдап отырған.

Сүйегінің сынғыштығына байланысты Мәскеу қаласында қолы мен аяғына сүйек ішінен орнатылатын темір қондырып ота жасатып алып келген. Баланың сүйегі сәл де болсын қатайып тұруы үшін үш ай сайын бағасы 1 млн теңгені құрайтын екпе алып отыру қажет. Дегенмен, бұл қаражатты табу өте қиын.

Екпесі бітер кезде Ләззәт апай әр есікті сығалап, перзенті үшін қаражат іздеп әлек болады. Әкімшілік тарапынан көмек бірде болса, бірде болмайды. Олардың айтуынша, Қазақстанда науқас жан тек Әділхан емес көрінеді. Ал, жолдасының еңбекақысы бар болғаны 70 000 тг құрайды. Оның үстіне үй жалдап тұрады. Қанша жерден қиын болса да, жеті баланың анасы Ләззәт апай бұл сынақ үшін ешкімді жазғырмайды "Тек көшедегі адамдардың мүгедек жанды көрмегендей сыртымыздан мысқылдап күліп, сөз еткені жүрегіме бұрыш сепкенмен бірдей болады", − дейді. 

Әділханның сүйегінің сынғыштығы былай тұрсын, Алланың берген тағы бір сынағы ма екен?! Шынашақтай баланың бойына дәрігерлер үш аурудың түрін анықтап берген. Біріншісі, сүйегінің сынғыштығы болса, екіншісі "басының шеттен тыс өсуі"(Гидроцефалия). 2011 жылы Санкт-Петербург қаласына барып, басындағы суды дәрет арқылы сыртқа шығару кету басына аппарат орнатып, ота жасатып келген. Бұл елдегі дәрігерлердің Әділханның ұрпағы болмайтынын айтқан. Аппарат баланың басы мен денесіне өтіп қуыққа дейін жалғасып тұр. Бұл аппаратты бес жыл сайын тексертіп ауыстырып отыру қажет. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан, биыл аппартты ауыстыруға бара алмайды. Өкінішке орай, елімізде мұндай сырқатты тексеруге ешқандай мүмкіндік жоқ. 

Әділханның үшінші диагнозы "көзінің ішінен кірпік өсу"(Ангиопатия). 2016 жылы "Жүректен жүрекке" қоғамдық қорының көмегімен қаражат жинап, Үнді елінде ота жасатқан. Әзірге көзінде ешқандай қиындық жоқ. Тек бағасы 1 млн теңгені құрайтын екпе мен басындағы апаратты ауыстыру үшін қаражат жеткіліксіз екен. 

Үйде отырған Ләззәт апай үшін тіпті Әділханға қажетті дәруменді алу кейде қиынға соғып кетеді. Ал, бұл дәрумендердің ең төмен бағасы кем дегенде 3000 теңгеден басталады. Осыншама ауыртпалықты бойына жинаған кіп-кішкентай Әділханның жұдырықтай жүрегінің төзімділігіне, қайсарлығына тәнті болдық. Есіктен кірген сәтте бізге таңырқай қарағанымен, өзінің ақ жарқын мінезінің арқасында бізбен тез тіл табысып кетті. Бірақ, жанардағы мұңды жасыру мүмкін емес еді.

Түйсігендегі түйіткілді білмек болып, қамкөңіл жанның арманы туралы сұрағанымызда "басшы" болып, өзі секілді науқас жандарға көмектескісі келетіндігін айтты. Кішкентай ғана жүрегінен шыққан осы бір арманын кейбір үлкендер өз мансабы үшін тілеп жатады ғой. Ал бұл балақай  өзінің шынайы тілегін білдірді. Шынайы мейірімді болуды осы баладан үйренуіміз қажет сияқты. Мейірімділік дегеніміз − рақымшылықпен аяушылықтан тұрады емес пе?! Өзіңнен гөрі өзгеге қамқор бол дегенді білдірмейді ме? Міне, осы бір мейірімділік кішкентай Әділханның бойында бар. "Теңіз терең емес, адамның жаны терең" деген осы болса керек. Біздің келгенімізге қуанғандығы ме екен, Әділхан бізге қамшының сабындай ғана дүниеде өзінің шалалығын емес, даралығын көрсетіп әдемі ән орындап берді. Өзі Төреғали Төрәлі, Ернар Айдар секілді әншілерді сүйіп тыңдап, олардың жеке концертіне барғысы келетінін айтып қалды. Өмірге келген сәтінен-ақ апаратқа тәуелді болған жеті жасар Әділханның мінезі өте ақжарқын. Қанша ауырпалықты сезініп қиналса да, өмірге деген құштарлығының арқасында алға қарай қадам басып келеді. Бала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Бірақ, ойынға төзе алмайды. Ойын − оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады.

Ләззәт апайдың бар тілегі − баласының тез сауығып басқа балалар секілді асыр салып ойнағаны. Бұдан кейін ешқандай ауырпалықты сезбей өзінің арманына жетіп, тез адам қалпына оралса дейді.

P.S: Міне, осылайша "Жүрек мейірімі" айдарының бүгінгі кейіпкері бізді күліп қарсы алып, күліп шығарып салды. Осыдан-ақ бұл отбасының тәрбиесі мен адамгершіліктерінің қаншалықты мол екендігін түсіндік. Қайырымдылық жасау жас талғамайды. Адам болып өмірге келгеннен кейін аштық пен тоқтықтың,  бар мен жоқтықтың, бірлік пен достықтың, ақ пен қараның, мейірімділіктің және қолда бар алтынның қадірін білейік, құрметті достар!!!


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.