Какой сегодня день

30 апреля

Жаннұр Қуанғалиева: «Қызымның денсаулығы үшін бәрінен бас тарттым»

Жаннұр апайды ең алғаш Бейсен Құранбек ағаның Атыраудағы тренингінен көргенбіз. Тренинг соңында сөз алып, қаншама қиындық көрсе де еш мойымайтынын айтып, жастарға әр нәрсенің өз уақыты болады деп ақыл-кеңесін айтқаны еміс-еміс есімде қалыпты. Жаннұр апайдың жігері мол, нәзік әрі қайсар әйел адам екенін бірден байқадық. Уақыт өте келе ол кісінің кішкентай ғана Амангүл есімді қызы ДЦП (детские церебральные параличи) сырқатына шалдыққанын естідік. Кішкентай Амангүлдің сырқатының себебі, «бірінші – Алланың берген сынағы болса, екінші себеп – дәрігерлердің кінәсінен болған жағдай дейді» анасы. Ал, қазір Жаннұр апай Отандық медицинадан тіптен көңілі қалған. Оның да өз себебі бар. Оны сұхбат барысынан оқи жатарсыздар. Ал, «Жүрек мейірімінің» негізгі кейіпкері – өмірге келгеннен-ақ ауыр науқаспен күресіп келе жатқан кішкентай сіңліміз – Амангүл Қуанғалиева. Амангүл бар болғаны 6 жаста. Алла оған үлкен сынақ бермесе, биыл ол мектепке де барар еді. Жаннұр апайдың арманы да осы. Кішкентай бүлдіршінінің аман-сау аяқтан тұрып, мектепке барғанын көргісі келеді. Оған біз де тілектеспіз, сенеміз. Ендеше, назарларыңызға Амангүлдің анасы Жаннұр Қуанғалиевамен болған сұхбатты ұсынсақ дейміз.


Барлығы дәрігердің салғырттығынан басталды...

Осыдан алты жыл бұрын, жұмыста жүріп, әлсіздіктен құлап ауруханаға түстім. Бір күн бойы дәрігерлер көңіл аудармай, екінші күні қан қысымым қатар көтеріліп кеткенін білемін. Қан қысымым көтеріліп кеткендіктен, толғатуға да әлім келмей, дәрігерлер іштегі нәрестемді акушерлік қысқышпен суырып алған екен. Қыз бала тумысынан нәзік болғандықтан, қызым бірден комаға түсіп кетті. Сөйтіп, екі аптаға жуық уақыттан соң, ауруханадан аман-есен шықтық. 4-5 айына дейін қызым жап-жақсы болып өсіп келе жатты. 5 айында қызымның судорогы ұстап, тағы да ауруханаға түстік. Сол кезде дәрігерлер егде жастағы науқасқа беретін дәріні, 5 айлық сәбиге берген екен. Біз оны кейін білдік. Себебі, осы жағдайдан соң, қызым екеуміздің өміріміз аурухана мен үйдің ортасында өтіп жатты. Амангүл екі жасқа келгенде 2 құрбым келіп, қалталарынан қаржы шығарып, бізді Астраханға емделіп келуге жіберді. Астраханның медицинасы бізден әлдеқайда ілгерілеу дамығандығын білесіздер. Біз барған аурухананың бас дәрігері қызымды тексеріп жатып, қатты шошыды. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, дәрігерлер үлкен адамға беретін дәрілерді бірінен соң бірі үйіп бере берген екен. Осы себепті кішкентай сәби мұның бәрін көтере алмай, миына зақым келіп, көзі қылиланып, осындай жағдайға дейін жетті. Содан бері, мен қызыммен бірге Қырғызстанға барып ем қабылдап тұруға тырысамын. Бұның барлығы соңында қаражатқа келіп тірелетіндіктен, менің ғана қолымнан келетін нәрсе емес. Көбіне-көп, көмектесіп, қолдау білдіріп отыратын, ол – «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қорының қыз-жігіттері. Кішкентай ғана балалар, бірақ белді деген адамдардың өзі жасай алмаған жақсылықты жасап отыр. Оларға үлкен ризашылығымды білдіремін.

Әскери адам болғаннан гөрі, еден жуған әлдеқайда жақсырақ...

Мен өткен өмірімде мектепті үздік бітіріп, өзім армандаған мамандықта білім алдым. Бала кезімнен әскери адам болғым келді, болдым. Сол үшін де болар кішкентайымнан ер балалармен дос болдым. Әскери қызметте жоғары лауазымға дейін көтерілдім. Бірақ, жеке өзімнің пікірім – кейін келе әскери адам болғаннан гөрі, мен үшін еден жуған әлдеқайда жақсырақ деп ойлай бастадым.

Балаларымның мектепке барғанын көре алмадым

Кейде тағдырыма қатты налитын кезім болады. Бірақ, Алла пендесіне көтере алмайтын сынақты бермейді деген оймен өзімді жұбатамын. Қатты қиналып кеткен кезде өз-өзіммен күбірлеп сөйлесемін немесе Жайықтың жағасына барып бар даусыммен айқайлап, ішімдегі жаман ойларды солайша шығарып аламын. Көп ешкімге сырымды айта бермеймін. Ішімде тұншығып жатқан сырларым болса, «Жүректен жүреккедегі» сіңлім болса да, сырласымдай болып кеткен Әйгерім Жәрдемқызына барып ақтарылып аламын.

Амангүлдің алдында 2 ұлым бар. Үлкен ұлым әскерде. Әскери қызметте жүрген кезімде, балаларыма қарайтын уақыт та болмады. Басқа ата-аналар сияқты олардың мектебіне барып, тәртібін біле алмайтын едім. Ер бала болғаннан кейін бұрыс жолға түсіп кете ме деген қорқыныш та болған соң, оларды ата-анамның қамқорлығына (опекунство) тапсырғанымды жасырмаймын. Қай ата-ана баласының жаман болғанын қаласын. Әке-шешем: «Жақсы жерде жұмыс жасайсың, өміріңді байлама. Қызыңды тапсыр» деген кездері де болды. Мен келіспедім. Бірақ, ол кісілерге мүлде өкпем жоқ. Себебі, балаларымды керемет азамат қылып тәрбиелеп берді. Бастысы, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Қазір балаларым жанымда. Бір өкінетінім – балаларымның мектепке барғанын көре алмадым. 6 жылдың ішінде қызыма қатты көңіл бөліп кеткенім соншалық, туған ата-анамды осы 6 жылдың ішінде 2 рет ғана көріппін. Туғандарымның көпшілігі Оралда тұрады. Сол себепті қызымды жетектеп, көп бара да алмаймын. Бар себебі осы ғана.

Менде барлығы болды...

Бұрын менде барлығы да болды. Баспанам да, астымда көлігім де болды. Соның барлығын қызымның денсаулығы үшін сатуға мәжбүр болдым. Қазір пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Үкіметтің қызыма беретін жәрдемақысын пәтерақыны төлеумен күнелтіп отырмыз. Әрі, осыдан екі жыл бұрын тағдырыма жетімдер үйінде өскен, оның да кішкентайы Амангүл сияқты ауыратын келіншекті кездестірдім. Барар жері болмаған соң, жаныма алдым. Бірақ, қызының науқасы тіптен ауыр болатын. Оның үстіне өзінің жеке құжаттары жоқ, сауаты жағынан төмендеу екенін кейін білдім. Алдымен оған да әріп тануды үйреттім. Қазір шамалы болса да, оқи алады. Бірақ, жазуды үйрене алмады.

Қызымның болашағынан үміт күтемін

Қазір Амангүлімнің мектепке баратын кезі еді. Соны ойласам, ішім удай ашиды. Ең болмаса аяғынан тұрып, сөйлей алса ғой деп армандаймын. Алладан алдымен гуілдеп болса д,а сөйлесе ғой деп тіледім. Қазір қызым шынымен де гуілдеп бір нәрселерді айтатын болды. Қызымның күлгенін көрсем ғой деп тіледім. Қызым қазір күлгенде сықылықтап кеп күледі. Жылаған дауысын естісем ғой дедім. Қызым бұрын жылағанда дауысы шықпайтын. Қазір жыласа, дауысы ащы шығады. Одан кейін қызым аунай алса деп тіледім. Шүкір, қазір қызым еш кедергісіз аунай алады. Ресейдегі дәрігерлер мұның бәрі жақсы нәтиже екенін айтады. Соның өзіне қатты қуанып, үмітім еселеніп келеді.

Жақын арада Ресейге апармақшымын. 2 жыл бұрын мұндай сырқат түрін емдейтін бір дәрігер туралы естідім. Ем қабылдап келген ата-аналармен сөйлесіп, біраз зерттеп келе жатырмын. Балаларын емдетіп келгендердің барлығы ол дәрігердің мықты екенін айтып, балаларының аяқтан тұруына себепші болғандығын растайды. Мен қызымды сонда апарсам, қызымның денсаулығы жақсарады деп сенемін. Бірақ, ол да аз ақша емес.

 «Қарға қарғаның көзін шұқымайды»...

Отандық медицинадан көңілім қалғандығының тағы бір себебі – менің үйімде қызымды емдеуден бас тартқандығы жөнінде қағаздар толып жатыр. Яғни, мұндай сырқатты емдеу Қазақстанның қолынан келмейді деп айта аламын. Бірақ, олар «біздің қолымыздан келмейді» деп те айта алмайды. Былтыр ғана облыстық дәрігерлер қызыма массаж қабылдау барысында аяғын сындырып алды. Аяғындағы гипсімен бірге «Нұр Отанға» да,  Денсаулық сақтау басшысының қабылдауына да бардым. Ешқандай көмек берілген де жоқ. Жағдайын айтып, арыз жазғанымда: «Мүмкін сіз үйіңізге апарғанда, сындырып алған боларсыз» деген сыңайда жауап келді. Ең болмаса, өз құқығымды қорғағым келіп, облыстық қорғаушыларға барайын дегенімде, олар да: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп жауап берді.

Жанымда жүр жақсы адам...

«Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» дейді ғой шариғатымызда. Осыны өзіне ұран қылып, бізге үнемі көмектесіп тұратын кәсіпкер ағам бар. Осы уақытқа дейін біраз көмектесті. Әлі күнге дейін ақыл-кеңесін айтып, туған ағамдай қамқор болып кетті. Бірақ, ол өзінің аты-жөнін ешкімге айтпауды өтінді. Атыраулық кәсіпкер. Керек уақытында тамағымызды да сол кісілер әкеліп береді.

Бір үзім нанға зәру кезіміз де, қызымның үстінде киетін киімі жоқ кездер болды. Кішкентай ғана, өте ескі пәтерде тұрдық. Сол кезде ең алғаш болып қол ұшын созған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қоры еді. Олар әлі күнге дейін келіп, хал-жағдайымызды біліп, көмектесіп тұрады. Одан кейін көмек қолын осы кісі соза білді. Отбасымен өте жақсы кісілер. Ақыл айтар жерде батырып айтып, қолдайтын жерде жанашырлық білдіріп отырады. Қазір мұндай азаматтар азайып кеткен заманда, іштей сүйсініп отырасың.

Бар айтар тілегім...

Алдағы күндерімнен үлкен үміт күтемін. Қызым жүрсе деймін, мектепке барса екен.  Ең болмаса, үстелдің басында отырып, бізбен бірге тамағын ішсе деймін. Сол күннің жақын екенін сеземін. Осындай тағдыр иелері болса, оларға сабыр тілеймін. Балалар ауырмаса екен. 


Система Orphus Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Жабу

Вход на сайт

You will will receive an activation link on the specified email.

You can specify your own password, or leave this field blank, and it will be generated automatically.

You can specify a separate login instead of using email for enter.

Your full name for displaying on site.