ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Сұңғат Закарияев: «Еуразия барысы» атанғаннан кейін қыздар жиі мазалайды

Просмотров - 937
10.11.2015

Жас та болса біраз жетістікке жеткен, Атыраудың батыры,  Таразда қаласында өткен «Еуразия барысы-2015» турнирінің жеңімпазы Сұңғат Закарияев бүгін бізде қонақта. Ендеше, Сұңғатпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

-Сұхбатымызды туып өскен жеріңізден, спортқа қалай келгеніңізден бастасақ?

-Қызылқоға ауданы, Миялы селосында дүниеге келдім. Анам сол ауылдағы «Шуақ» балабақшасының меңгерушісі, әкем спорт саласында қызмет етеді. Мен отбасының тұңғышымын. Өзімнен кейін інім және қарындасым бар. Үйдің үлкені болғаннан кейін, спортпен тек мен айналысамын. Ал інім хобби ретінде күреске қатысып жүр. Жалпы, Қызылқоға өңірі облыстағы күрестің қара шаңырағы деуге болады. Спортқа қызығушылығым, әкемнің спорт саласының маманы болуымен байланысты. 1 сыныптан, күреспен айналыса бастадым. Мектепте оқып жүрген кезде, еріншектікке салынып, күрестен біраз уақыт қол үзіп кеткен едім.  Бірақ, әкем менің боз кілемге оралуыма себепкер болды.

-Бала кезіңізде қандай арманыңыз болды?

-Әр адамның балалық арманы болатын шығар. Мектепте оқып жүргенімде, анкета толтыратын едік қой. Соның ішіне «өскенде кім боласың?» деген сұраққа «мұнайшы» деп жауап беретін едім. Не себепті олай армандағанымды білмеймін) Мүмкін, мұнайшылар ақша көп табады деген ой болған болар)

-Сұңғат мектепте қандай оқушы болды?

-Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, 8 сыныпқа дейін үздік оқушылардың қатарынан табылдым. Алайда, күреске басы бүтін ниетім ауып, сабақ жағын босаңсытып алдым. Бұл, мен тәртіпсіз оқушы болдым деген сөз емес.  Мектепте қандай шара өтсе де, үнемі қатысып, белсенділік таныттым. Тәртіп жағынан – «беспін»

-Осы кезге дейінгі жеңістеріңіз көп пе, әлде жеңілістеріңіз бе?

-2011 жылы дюздодан жастар арасында өткен ҚР чемпионатында қола жүлдеге ие болдым. Өткен жылы ересектер арасындағы чемпионат, спартакиада, «Ақ бидай» спорт түрлерінде қола жүлде бұйырды. 23 жасқа дейінгілер арасындағы біріншілікте 1 орын алдым. Орал қаласында өткен М.Маметованы еске алуға арналған халықаралық жарыста күміс жүлдеге ие болып, «Спорт шебері» деген дәрежеге қол жеткіздім. Күні кеше ғана өткен спорт ардагері Кеңес Баракатовты еске алуға арналған халықаралық турнирден 2 орын иелендім. Ал, командалық жарыстан 1 орын алдық. Бұдан да басқа ірілі-ұсақты жеңістер мен жеңілістер бар.

Әрине, боз кілемде жеңілістің кермек дәмін татқанда қатты қайғырасың, көңілің құлазып сала береді. Тіпті, ол өкініш келесі жарысқа дейін сенің көкейінде сайрап тұрады. Егер мен қарсыласыма есе жіберіп койсам, кінәні біреуден іздемей, керісінше, сол жарыста кемшіл түскен тұстарымды жаттығу мен дайындық арқылы жетілдіріп, қарсыласымның әлсіз тұстарын табуға тырысамын. 

Биыл алдымен Алла қолдап, кейін өзімнің еңбегім ақталып,  «Еуразия барысы» атандым. Ол мен үшін үлкен мәртебе. Елдің абыройын асқақтатып, туын көкке желбірету әр спортшының арманы. Менің өмірдегі ең үлкен жеңісім – қазақ халқының атынан әлемдік бәсекелерде өнер көрсетіп жүргенім. Енді жұртымды жерге қаратпас үшін, аянбай тер төгемін.

-Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Еуразия барысы»  турнирінде қанша салмақ дәрежесінде шықтыңыз? Қарсыласыңыз кім болды?

-Биылғы жарысқа 8 мемлекеттен 56 спортшы қатысты. Белдесулер 55, 66, 74, 82, 90, — 100келі салмақ дәрежелері бойынша өтті. Мен 82 кг салмақ дәрежесінде шықтым. «Еуразия барысы» командалық жарыс болып есептеледі. Бірінші айналымда Ресей Федерациясынан келген спортшымен күрестім. Орыс палуанымен белдесу қиынға соқты. Ақтық айқаста өзбек палуанымен шығып, ол белдесуім, Аллаға шүкір, аса қиын болмады.  Қарсыласымды 4:0 есебімен ұттым. Жалпы, спортшы үнемі дайындық үстінде жүру керек. Бұл жарысқа ұзақ дайындалдым.  Сол дайындықтың арқасында шығар, еңбегімнің ақталғаны.  Еңбегіңе қарай, Алла өз несібесін береді.

-Сіздің үлкен спорт әлеміне бағыт берген бапкеріңіз кім? 

Миялы селосында  Мәлік Сүлейменов деген ұстазымыз бәрімізді осы күрес жолында дайындады. Ал, қазір ол ұстамыздың шәкірті, ардагерлер арасындағы әлем чемпионы, самбо күресінен еңбегі сіңген ҚР-ның жаттықтырушысы Аманбай Қыздарбаев деген ағайым мені жарысқа дайындап жүр. Ол кісінің де жеткен жетістікері өте көп. Жалғыз мені емес, бірнеше мықты шәкірттерді дайындады. Мысалы, дюздодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионынан самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы  Наурызбек Майлашевтің  жеке бапкері болды. Көптеген спорт шеберлері осы Аманбай ағамыздың қолынан шықты деуге болады.

-Сайыс немесе дайындық кезінде алған дене жарақаттары бар ма?

-Бұл әр спортшыда кездесетін нәрсе ғой. Көбіне жарақаттар дайындық кезінде болып жатады. Спортшы жарақат алатын болса, ол  жеңіліспен тең. Себебі, жарақаттың салдарынан, боз кілемде қарсыласыңа есе жіберуің мүмкін.  Қатты дене жарақаты орын алса, ол толық жазылғанша біршама уақыт кетеді. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін ешқандай сызат түсіп көрмепті. Барынша өзімді сақ болып, дайындық кезінде біраз қыздырынып, абайлап дайындаламын.

-Спортта жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар атану үшін әр спортшыға ерен еңбек пен қажырлы қайрат керек. Айтыңызшы, спортта демеушісіз биік белестерді бағындыру оңай ма?

-Жоғарыда айтып өткенімдей, адамның еңбегіне қарай, Алла өз несібесін береді. Тек тынбай күні-түні еңбектеніп ғана, жетістікке жете аламыз. Бірақ, қазір көп нәрсе ақшаға келіп тіреледі ғой. Ал, спорт саласы бұл нәрсеге жат. Әрине, спортшының аяғынан нық тұрып кеткенінше, үлкен ағаларымыз «жыртық жерін жамап, қисық жерін түзетіп» жатады. Мәселен, осы күнге дейін қолдау көрсеткен ағаларыма басымды иіп, алғысымды білдіргім келеді.  Менің ойымша, таланты мен талабы бір арнаға тоғысқан спортшы ешкімнің қолдауынсыз-ақ, дүбірлі додаларда топ жара алады.

-Жарысқа шығар алдында сізде қандай ой болады? Жеңісіңізге сенімді болып шығасыз ба?

-Жеңіліп қаламын деген ой әр спортшыда болады.  Бірақ, қай-қай адам да жарысқа шығар алдында, жеңемін деп өзіне сенімді шығуы керек. Ол қарсыласыңды менсінбеу деген сөз емес. Өзім секілді,  бір елдің мықты спортшысы. Себебі, бапкерлер мен демеушілер он жерден мықтылап дайындағанымен кілемге өзің шығасың. Ол жерде сен әуелі бір Аллаға одан кейін өзіңе сенесің.

-Жалпы, түйе палуан болу үшін спортшыға қандай күтім керек?

-Ерекше күтімнің қажеті жоқ. Ең бірінші орында салмақтың тұратынын ескерсек, дәрумені көп тамақтар жеуі керек. Менің салмағым 88 келі. Ешқандай диета ұстамаймын. Көп жаттығамын.

-«Еуразия барысы» атанғаннан  кейін, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, оқырмандарыңыздың саны көбейді ме?

— «Instagram», «Вконтакте» желілерінде жеке парақшаларым бар. Шынымды айтсам,  жарыс біте салысымен «Instagram»-ға 50 шақты қыз достық ұсыныпты. «Осы жерге кел,бірге фотоға түсейік» деп мазалайтындар болды. Бірақ, әлі ешкім телефон соғып көрмепті)

— Боз кілемде күресіп жатқан сәтте, көрермендер қолдауы мен қошеметіне бөлену сезімі қандай?

-Ол қолдауды естіп, одан сайын жігерлене түсесің. Оның үстіне арқаң қозып,  жанкүйерлердің үкілі үміті мен сенімін ақтауға барыңды саласың. Оның өзі әрбір спортшыға мықты рух әрі күш береді.

-Болашақта жаттықтырушыңыз секілді шәкірт тәрбиелегіңіз келетін шығар. Армандарыңызбен бөлісе отырсаңыз…

-Иә, шәкіртің жарысқа дайындалып, боз кілемде күресіп, ел абыройын асқақтатса, міне, арманның орындалуы деген сол шығар. Ондай жоспар ойымда бар.Бірақ, бәрі Алланың қалауымен. Ол үшін біраз уақыт, көп дайындық қажет. Мен бағындырмаған биіктер, жете алмаған жетістіктер қаншама?! Оның бәрі өз уақытымен бола жатар.

Сұхбатыңызға рахмет! Байрақты бәсекелерде, бағыңыз басым болғай!

 

 

 

 

 

 

Расскажи друзьям
Читай так же