ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Ұлттық спорт насихатталған күн

Просмотров - 269
15.01.2017

Жекпе-жек ойдан құрастырылған спорт түрі емес. Ол бабалар үрдісінің жалғасы, білектілер мен жүректілер сайысы. Бүгінде елдің ер ұландары ұлттық спортымызды насихаттап жүр. Кеше Атырау қаласында Ұлттық спорт түрі «Жекпе-жектен» ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатына облыстық іріктеу додасы соның бір айғағы. Батырлар додасында бағын сынау мақсатында облысымыздың әр түкпірінен спортшылар жиналды. 

Жарыстың ашылуында КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сабыржан Махметов: 

«Атырау шаһары ержүрек батырларға толы. Мені сый-құрметпен қарсы алғандарыңызға рахмет айтамын. Облыстық спорт басқармасының басшысы Азамат Бауыржанұлына ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық спорт түрі жекпе-жектен әлемдік додалардың Атырау жерінде өтуі заңдылық. Жақын арада ЭКСПО-ға байланысты әлем кубогының бірінші кезеңін Астана қаласында өткіземіз. Ал, екінші кезең жауынгерлер ордасы Атырау қаласында өтетін болады. 

Спортшылар сегіз бұрышта бақтарын сынасын, тартысқа түссін. Бірақ сегіз бұрыш сыртында біз бір-бірімізге доспыз. Ата-бабамыз ұрыста білек күшін пайдаланып, жауына қарсы тұрған. Бұл ұлттық жекпе-жек сол секілді бабалар салған іздің жалғасы», — деді. 

Облыстық жекпе-жек ұлттық федерациясының президенті Мадихан Бекенбетовтің айтуынша, жарыс ақпан айында өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу болып табылады. Қаламызда бұл спорт түрімен айналысатын спортшылардың саны артып келеді. Сайысқа 80-нен астам спортшы қатысып, жақын арада Исатай мен Құрманғазы аудандарында да жаңа филиалдары ашылатындығын хабардар етті. 

Айта кету керек, Атырау облысы Жекпе-жек ұлттық федерациясы наурыз айында құрылып, желтоқсан айында ресми түрде жұмысын бастаған болатын. 

Ұлттық спорт түрі Жекпе-жектен ересектер арасындаға Атырау облысы чемпионатының финалдық бәсекелерін жексенбі күні сағат 12:00-де «Мұнайшы» спорт кешенінде тамашалай аласыздар. Жауынгерлерге бірге қолдау көрсетейік!

Расскажи друзьям
Читай так же