ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Зейнеп Ахметова: Мен Бейсенбай, Сейсенбайдың емес Бауыржан Момышұлының келінімін

Просмотров - 761
24.11.2018

Бірнеше күн бұрын батырын айтса  Махамбет пен мақтанатын, ақынын айтса Фаризамен мақтанатын  азулылардың елі атанған елге алаштың анасы халқымыздың қаhарман ұлы, кеңес одағының даңқты батыры, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова ақжайыққа аттың басын бұрып келген болатын.  Атырау жұртшылығының Зейнеп апайымызбен кездесуі Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Атырау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен өтті. 25 жылдан кейін мұнайлы өлкеге аяқ басқан Зейнеп Ахметова Атырау өңіріндегі  Мақат, Қызылқоға, Жылой, Махамбет,Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарына барып және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттің университетінде Атырау жұртшылығымен көзбе көз кездесіп, тілдесіп, дидарласып қайтты. Әр сөйлеген сөзінде халықты ұлтшылдыққа,  өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, ізгілікке, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге шақыру болды. Қаһарман Бауыржан атамыздың келіні болудың қызығы мен қиындығы, атамыздың ел біле бермейтін өнерлері, отбасы тәрбиесінің маңызы туралы халықты қысқа уақыттың ішінде рухани әңгімеге байытты.

                                    «Мақтау деген наркотик секілді»

Атырауға келгелі халық мені мақтап біраз жерге апарып тастады.  Шынымен мен сеніп қалуым мүмкінғой сондай екенмін деп. Бұл мақтау деген наркотик секілді өте қауіпті нәрсе. Бір рет көзіңе мақтаса ұялып қаласың, екіншіде   үндемейсің, үшіншіде жаға түседі, төртінші рет айта түссе екен дейсің, бесіншісін де рахаттана бастайсың енді бірде айтпай қалса мынау мені көргенде нағып үндемей қалды деп ұнжырғаң түсіп қалады.  Өте көп мақтауға үйір болған адам шындықты жоғалтып алады. Мақтан сүйгіш адамның талтаңы көп. Мақтау естіп жүріп бір күні өзінің шұңқырға түсіп кеткенін байқамай қалуы мүмкін. Бір жағынан мен мақтаудан қорықпаймын. Себебі ол мақтау маған келіп жатырған жоқ. Мен мақтаудың бәрін атаға өткізіп жіберемін. Кімге кім келін болмай жатыр. Небір атақты адамдардың келіні бар. Аллаға шүкір мені бүкіл ел жұрт біледі. Көшеде кетіп бара жатсам адамдар танып амандасып жатады. Қазақстанның қай түпкіріне барсам да,  Баукеңнің келіні келді деп құрметтеп төбесіне көтеріп жатады. Оның бәрі менің кереметтілігім емес, бар алашқа атақты болған иісі қазаққа халықтың намысын ар ожданын ту етіп көтеріп әлемге танытқан, ата секілді ұлы тұлғаның қолына біраз жыл болса да,  су құйып шәйін қайнатып бергендіктен халық мені де тәбәрік көреді. Халықтың атаға деген сүйіспеншілігі мен сыйластығындағы кішкентай ұшқындар мағанда тиіп жатыр. Ал,оған лайықты болу оңай емес. Өйткені сен халықтың алдында иығыңда зіл көтергендей жүк жүреді. Себебі сен Бейсенбай, Сейсанбайдың келіні емес, қазақтың, Момышұлының келінісің. «Бір үлкен кісі орыс тілді, тікбақайлау келініне менің шуақты күндер деген кітабымды оқы деп әкеліп беріпті. Бәукеңнің келініндей бол деген екен. Сөйтсе келіні Бәукеңнің келініндей келін болу үшін, Бәукеңдей қайын ата болу керекқой депті». Ол шындық. Мені дүйім қазаққа жарқыратып көрсеткен сол атамның биік рухы мен қасиеті. Шындығында мені халықтың өзі тәрбиеледі. Өйткені халық Момышұлының келінін төмен түсіргісі келген жоқ.  Халық жаманды да, жақсыны да көреді. Ата айтатын қатарыңнан озсаңда ешқашан халықтан оза алмайсың. Сондықтан халықтың алдында басыңды иіп жүр.  Міне мен атаның өсиетін орындап халықтың алдында басымды иіп келемін.

                   «Атам қатал болды, бірақ қатігез болған жоқ»

Ата  халықпен бірге жүріңдер жалғыздық көрмейсің, халықтың жолымен жүріңдер адаспайсыңдар дейтін. Осыны  түсіну үшін том-том кітап оқыдым. Содан кейін ата маған үнемі үстелді тарс еткізіп ұрып «көзіме тура қара» деп ұрысатын. Ол кісінің көзіне тура қарау өрттің үстіне секіріп кеткенмен бірдейғой. Ыйығынан асып әрең дегенде қарағаныңда алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан тайсалма дейтін. Бәрібір ақиқат жеңеді. Ата үнемі жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба, жаман адамның жамандығын бетіне бассаңда жала жаппа дейтін. Ол ешқашан маған соғыс жайлы әңгіме айтқан емес. Есесіне халқымыздың сан ғасыр сарабынан өткен ата бабаларымыздың ұлттық өнегесі мен құндылықтарын салт-дәстүрлерін айта беретін болды. Кей-кездерде таңның қалай атқанын білмей қалатынмын. Сол атамның айтқан өсиеттерін ас үйімдегі май жұққан күнделігіме жазып қоятынмын.  «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер», «Күре тамыр» кітаптарында атаның аузымен айтқан әңгімелері жазулы.  Атамның мінезінің қандай екені маған ғана аян. Қазір оны ауызбен айту оңай. Төрт ұлдың арасында ерке тотай болып өскен мен келіннің міндеттері туралы білетінмін. Десе де, келін боламын деп арыстанның апанына түсемін деп ойлағын жоқпынғой. Бұл деген Алла Тағаланың менің маңдайыма жазған бақыты деп білемін.  Атамның мінезінен есікті жауып кеткім келетін де кездер болған. Ол пенденің бір сәттік әлсіздігі деуге болады.  Алғаш келін болып түскенімде атамның қаhарлы дауысынан суды сарылдатып қойып жылайтынмын. Оны ата біліп қойды. Бір кезде маған «әй балам бұдан былай жылағың келгенде, суды сарылдатпай жылай бер» деп айтты.  Егер ол кісі бұрынғы замандарда өмір сүрген болса, мүмкін көріпкел боларма еді деген ойда келеді. Сенің  не ойлап тұрғаныңды, не бүлдіргеніңді бетіңе қарап тұрып дүп басып айтатын. Сол себептенде атам екеуміздің арамызда ешқашан жасырын ештеңе болған емес.  Өйткені ата мені ашық айтуға үйретті. Талай қызықтар болды. Сол кезде осының бәрі маған трагедия секілді көрінетін, қазір еріксіз күлкің келеді. Атам қатал болды, бірақ қатігез болған жоқ. Ол  ұрысып жіберсе, біраздан кейін өзі келіп «әй балам мен жаңа дұрыс түсінбей қалдым кешір мені» деп кешірім сұрайды. Біріншірет атамның кешірім сұрағанын естігенде құлап қала жаздағанмын. Ондай қарапайымдылық ата секілді біртуар адамдардың қолынан ғана келеді.

Автор: Асем Жолдыбаева

Фотограф: Жолдас Үсенғалиев

Расскажи друзьям
Читай так же