ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Жасөспірімдер арасында бокстан сайыс өтуде

Просмотров - 378
06.01.2017

Жасөспірім спортшылар еліміздің болашағы. Жас буынның жетіліп, салауатты өмір салтын ұстанғаны ел ертеңінің жарқын болары сөзсіз. Қазақтың нөмірі бірінші спорт түрлі болып саналатын бокс спорты Атырау облысында да жақсы қарқын алған. Кеше облыстық мамандандырылған бокс клубында жасөспірімдер арасындағы бокс клубының ашық біріншілігі жалауын көтерді. 

Мұнда облысымыздың түкпір-түкпірінен және Маңғыстау облысынан 300-ден астам жас спортшы қатысуда. Сайыстың ашылуында сөз алған Бокс клубының директоры Бигисинов Сейтжан: 

«Бүгінгі клуб біріншілігіне 300-ден астам бүлдіршіннің келгені қуантарлық жағдай. Келесі жылы 500-ге жетеміз деп ойлаймын. Бокспен айналысушы жастарымыз саны қашанда көп болған. Кішкентай кезінен еңбектеніп, дене шынықтырумен айналысқан баладан түбі жетістік шығады. Үлгі тұтар ағалары, чемпиондар бар да тек қана алға ұмтылу керек. Осы сайысқа қатысушы жасөспірімдер арасында болашақ Олимпиада ойындарының чемпионы, бәріміз айтып мақтанып жүрер нағыз өз ісінің маманы шығатынына сенемін», — дейді клуб директоры.

26 келі салмақтан басталған сайыстың алғашқы күні 70-ке жуық жұп сынға түсті. Кейбірі қазірдің өзінде бірнеше кездесу өткізсе, кейбірі шаршы алаңға алғашқы рет шығып тұр. 

Сайысты тамашалаған облысымыздың еңбегі сіңген жаттықтырушысы Геннадий Сморогов жылма-жыл боксшылардың деңгейі өсіп келе жатқанын айтады. 

«Жекпе-жектер арасында тартысқа толы кездесулер көп екен. Кейбіреулері ең алғашқы бәсекесіне түсуде. Осындай додалар ғана жастарымыздың шындалуына себепкер болады. Бастысы, балалар өз істерін сүйеді». 

Айта кету керек, облысымыздағы Мамандандырылған бокс клубының құрылғанына екі жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта жас боксшыларға барлық жағдай жасалынып, керекті құралдармен жабдықталған. 

Бокс клубының ашық біріншілігі жексенбі күнге дейін жалғасады. сайыстарды әр күн сайын 15:00 тамашалай аласыздар.

Расскажи друзьям
Читай так же