ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Жекпе-жек:Үміт. Сенім. Жеңіс

Просмотров - 1320
12.08.2016

Сәрсенбі күні «Ренессанс» қонақ үйінде Батыс жекпе-жек федерациясы Қазақстанның 25 жылдығына орай өткізілген жарыс алдындағы пресс-конференциясы болды. Жиынға милиардтаған халқы бар Қытай елін мойындатқан Жұмабек Тұрсын, әлем чемпионы Қуат Хамитов, бас бапкер Асқар Үмбетов, Шешен елінің спортшысы Идрис Гайсуркаев және Архат Мыңбаев қатысты.

Ежелден естелік боп қалған жекпе-жектің қазақ тарихынан алар орны ерекше. Бұрын батырларымыз қарсыластарымен екі топқа бөлініп,  бір-бірден сайысатын болған. Қазақтың жігері мен қанындағы қайсарлықты нақты көрсететін жекпе-жек елімізде бірнеше жылдан бері қолға алынып, өте жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Облысымыздың өзінде елінің сенімін байрақты бәсекелерде ақтап жүрген спортшыларымыз баршылық.

Батыс федерациясының президентті Әлібек Семғалиевтың айтуынша, жас жеткіншектердің де  қазақы спорт түріне деген қызығушылықтар жоғары.

Жекпе-жектен Қазақстан 2 дүркін чемпионы, кәсіпқой панкратионнан әлем чемпионы Архат Мыңбаев бұл жекпе-жекке 1 ай жарым дайындалғандығын және тек жеңіс күтетіндігін айтады.

Ал,  11 тамыз күні кешкі  сағат 19-00 де  Мұнайшы спорт алаңына Батыс жекпе-жектен халықаралық турнир өтті.

Қазақтың бір туар ұлы WBA Fedecaribe белбеуінің иегері Қанат Ислам, ережесіз жекпе-жектен 2 дүркін әлем чемпионы Жұмабек Тұрсын қатысқан жекпе-жекте қандас Қырғызстан, Өзбекстан, Шешенстан елдерінің атын әлемге танытып жүрген мықты спортшылары қазақтың менмін деген 12 азаматымен қолғап түйістірді.

Ережесіз жекпе-жек қазақ xалқында көне дәуірден келе жатырғаны бәрімізге мәлім. Өзі тиіспейтін алайда, тиіскенді аямайтын қазақ xалқының намысын арқалаған жігіттердің жекпе-жегін көруге келген халықтын санында шек болған жоқ. Тіпті, 2 сағат кеш басталғанына қарамастан бірде-бір адам орынынан табжылмады десек те артық емес.

Ең алғаш боп 62 кг салмақ дәрежесіндегі  атыраулық Еркінбеков  Мырза  мен Изабилов Рустам ринг төріне көтерілді. Байрақты бәсекеде Шешенстан спортшысы басымдылықпен жеңіске жетсе, Алматы облысынан келген Даулетбаев Аңсар қарсыласын 1 раундта накаудпен жеңді. «Еңбек етсең алынбайтын қамал жоқ» деген спортшымыздың ережесіз жекпе-жекпен айналысқанына бар болғаны бір толған.  

Келесі 62 кг салмақта күш сынастырған Өзбекстандық Азимов Шахзод пен Құрақбаев Есеннің жекпе-жегі сәл ауырлау болды. Соңына дейін барын салғанымен Шахзод елінің үмітін ақтай алмай, біздің асығымыз алшысынан түсті. 19 жасынан бері жекпе-жекті өміріне серік еткен Есен өзінің қарсыласының мықты болғандығын жасырмай,  тәлімгері Үмбетов Асқарға деген шексіз алғысын жеткізді.

93 кг салмақ дәрежесінде Беріккалиев Амангелді Қырғыз мемлекетінен келген Әбдірахманов Болатбекті 2 раундта басымдықпен жеңді. 1989 жылы дүниеге келген Амангелді 3 рет жекпе-жек алаңына шығып, үш кездесуінде де қарсыласын накаудпен жеңіпті. «Спортта намыс пен рухың биік болуы керек. Берілген уақытта қарсыласыңның бар психологиясын зерттеп білу сенің кәсіби маман ретіндегі ең алғашқы міндетің»,- дейді 1 айдан кейін Ақтау қаласында өтетін NFC9-ға дайындалып жатырған спортшымыз.

Ең маңызды жекпе-жектің бірі Өзбекстандық Биманов Бауыржан мен Хасимов Жасұланның айқасы болды. Отбасы, бауырлары қатысқан жарыста Жасұлан көк байрақты 1 раундта желбіретіп үлгерді. Бұл Жасұланның алғашқы да, соңғы да жеңісі емес деп білеміз.

5 сағатқа созылған жекпе-жектің ішіндегі ең маңыздысы  Идрис Гайсуркаев пен Архат Мыңбаевтың шығуы болатын. Көрермендер Архатқа үміт артып ғана қоймай, іштей жеңіске жетуін де тіледі. Өзінен 5 жасқа үлкен қарсыласын Архат алғашқы минуттарда ақ 2 соққымен құлатты.

Архат Мыңбаев, жекпе-жектен Қазақстан 2 дүркін чемпионы, кәсіпқой панкратионнан әлем чемпионы:

Мен өзімнің жеңетініме сендім. Бойыңда сенім болмаса, жеңілдім дей бер. Бірақ бұл қарсыласты бағаламай, ұтылып қалу еместігін түсіну қажет. Қашанда арық айтып, семіз шыққан дұрыс деп білем. Сол себепті алдағы уақытта да қазақтың намысын қолдан бермей, көк байрақты желбірету үшін көп еңбек ететін боламын.

Мұратбек Кәрім, көрермен:

Бүгінгі жекпе-жек өте қызық болды. Шыны керек, кей жерде ұлтшылдық пен ұлтжандылығымыз оянып кетеді. Десе де, мықты қарсыластардың арасында жерге қарап, басымызды салбыратпадық. Осындай азаматтардың арқасында кеудеңді шаттық пен қуаныш билейді. Қазақтың жігіттеріне тек жеңіс тілеймін!

Жанат Қалмұрза, көрермен:

Бұндай жекпе-жектерге алғаш келуім. Басында қорқып едім. Кейін еліңнің намысы үшін жанын аямай шайқасып жатырған адамды қолдамай отыра алмайды екенсің. Осы уақытқа дейін облысымызда осынша спортшы барын білмеппін. Әрине, жарыс болғасын жеңіс бар жерде, жеңіліс бар. 7 қатысушымыздың қуаныш сыйлауының өзін үлкен жетістік деп білемін.

 Жекпе-жекте үміт артқан сеніміміз ақталып, спортшыларымыз жеңіс туын аренада желбірете білді. 

Расскажи друзьям
Читай так же